Қазақтың иесі Алла, киесі сен бол, Абай! Бұл қажылық сапарын Абайға барумен алмастырған қарияның батасы

Абайдың ақыл параса-ты,абыройы,ақындық өнері үш жүздің баласына мәшһүр болған кезде Жетісуда Жалайыр Бекбосын аталатын руда Жәрменде ( «Жәмеңке аға» деген ел) дейтін би-шешен қария болған.   Жасы ұлғайып, денесі ауыр тартқанда жиын-топқа араласа алмай,үйде отырып қалыпты. Қарияның ақылды, есті екі ұлы болған екен. Бір күні ұлдары әкесіне келіп:
  Әке, жасыңыз келді, атақ-даңқыңыз да бар. Сіз әкелік парызыңызды өтедіңіз, енді біз сізге балалық қарызымызды өтейік.Тиісті жағдай жасап берейік, Меккеге барып,қажы болып қайтыңыз, — дейді. Сонда әкесі:
 — Жақсы ниет,дұрыс сөз айттыңдар,балаларым.
Мекке менен Мәдина жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата менен анаңды құрмет етсең,
Мекке болып табылар үйдің іші,— депті  Атығай Шал ақын. Құрметтеріңе рақмет. «Көп жасағаннан ақыл сұрама, көпті көргеннен сұра» деген. Мен көп жасасам да, көпті көрмегенімді армандаймын. Арманым, Семей еліндегі Абай ғұламаны көргім келеді. Пайғамбар хадисінде:  «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы  да жоқ» десе, Абай:- «Ұят кімде болса-иман сонда» депті. Пайғамбардың хадисімен Абайдың ойы үндес, мағыналас. Ұят дегеніміз адамгершілік болса, адамгершіліктің бар сипаты Абай деп білемін. Имандылық көңіл  тазалығы, тән, жан тазалығы ғой. Міне осы үш тазалық болу үшін алдымен ұят болу керек. Екінші тілегім, осы екеуің де бірге барып, Абайды көріп, өнеге, рухани ләззат алып қайтыңдар. Құдайдан түскен  төрт кітаптың бірі «Тауратта» :  «Дүние қуған- құл, рухқа шомылған-патша» депті ғой, рухқа шомылып қайтайық,— депті.
Пейіліне қарап періштемін, мінезіне қарап
 пендемін
Содан әкелі – балалы үшеуі Шыңғыстауға келіпті. Жасы үлкен, әрі алыстан келген қонаққа бөлек үй тіккізіп, ерекше құрмет жасап:
Абай:- Ал, ақсақал, әңгіме айтыңыз.
Жәрменде: —  Әуелі сусын ішкізерлік біреуін айтайын.  Елдің жайы жақсы.
Бәйбішесі қыз,ақсақалы жігіт болды.
Абай:-Е,онда еліңіздің береке-бірлігі болғаны.Әңгімені ас аңдып сөйлейсіз бе, ақыл аңдып сөйлейсіз бе?
Жәрменде: -Пейіліне қарап періштемін, мінезіне қарап пендемін, Абайжан.
Абай:- Бірлігі бар елдің ұлынан пәтуалы сөз шығады. Пейілім жолыңда,
қадірлі қонағым болыңыз…
Жәрменде: — Абайжан, мұсылманда кие нешеу?
Абай:- Мұсылманда кие жетеу.Оны арабша шәріп дейді. Шәріп-қасиет, кие
 деген сөз: Мекке шәріп, Мәдинә шәріп, Бұхара шәріп, Қатым шәріп, Шам шәріп, Мысыр шәріп, Құран шәріп.
Жәрменде: — Бұхара қалай шәріп болады,А байжан?
Абай: — Бұл жерде бұхара –халық мағынасында, деп ұққан жөн. Құдайдың 99 есімінің бірі-халық қой…
Жәрменде: —  Мені балаларым жаңа өзің айтқан, мұсылмандардың 1-киесі-қажылыққа апарамыз деп еді, мен ол сапарды өзіңе келуге айырбастадым. Абайжан, менің көже-қарынымды тойдырған бір жер бар, ол-Алатаудың ойы,Жетісудың бойы. Көңіл-қарнымды тойдырған бір ер бар, ол-ақыл дарияның көзі, данышпанның өзі -Абай,- деймін де. Қазақтың иесі Алла, киесі сен бол!  Құдай соған жазсын.
Абай:- Рақмет…Тәңірі жарылқасын!…Сапарыңыз оң болсын…
Жәрменде : — Өзіңнен қажылық жолы туралы сұрап келгендер болды ма?
Абай:-Болды. Тобықты Байбосын деген қажыға бармақ ойым бар еді, не ақыл айтасың деп келді.
Ораза, намаз, зекет, қажы талассыз іс,
Жақсы болсаң жақсы тұт бәрін тегіс.
Алғашқы үшті орындамай соңғы төртті,
Қылғанымен толықтай бермес жеміс,- деген. Ораза, намазды тиіп-қашып
атқарасың,  зекетің жоқ. Сенің қажыға барғандағы мақсатың не? Соны айтшы! Бірінші, сен «қажымын» деп біреудің төріне шығып отырғың келеді. Екінші, Мекеге баратын адам күнәм бар деп рухани тазару үшін барады. Сенің туысқандарың, Мырзахан – бәрі ұрлық қылады. Олар сенің атыңды мініп, малыңа ұрлықтың малын қосып жатады. Өзің ойлашы, ұрлық пен қажылық бір жерге сыя ма? Сен қажылыққа барып келгесін ұрлығыңды қоясың ба?,-десем. Ол әдет қой,айта алмаймын—, дейді.Ұрлықпен байыған Жұмабай дегенді елі «ұры ит « дейді екен. Қажылыққа барып:
Әуелі бұл Жұмабай ұры ит болдым,
Содан соң Мекке барып мүрит болдым. (мүрит-шәкірт)
Қазақтың қара сөзі қалмаған соң,
Ауылға қайтып келіп тірі ит болдым,— депті. Сен осындай тірі ит болып жүрме. Қажылыққа біреуді періште шақырады, ол қажыға аман-есен барып келеді, дін жолына түседі, дүниемен жұмысы болмайды, шын қажы сол болады. Біреуді шайтан шақырады ол да қажы атанады, бірақ ұрлық-қарлығын тастамайды, ондайды шайтан қажы дейді, енді біреуді Құдай шақырады,ол қажы жолынан еліне қайтпайды, ол да қажы атанады, ол қажы елінің, туған-туыстарының ауыртпалығын, соған дейінгі жамандықты өзімен қоса о дүниеге алып кетеді, оны қасиетті қажы деп атайды. Менің тілімді алсаң, үйіңе барып, бір бие мен он шақты қой сойып, барлық Мырза баласын жинап ал да, ұрлықтарын қоюын сұра. Малсыз нашарларына сауын мен көлік бер. Қызметке жарайтындарына Мұқыр өзенінен арық қаздырып, егін салдыр, харакетке баулы. Сонда төрге де отырасың,  күнәдан да пәк боласың. Ол еткен ісіңнің сауабы қажыға он рет барғаннан артық. Сосын қажы әңгімесіне көшуге болады дедім.
Жәрменде: — Абайжан, тірі пайғамбарлар бар деген не сөз осы?
Абай:- Әулие Сұлтан өткен о да бары,
Пайғамбар ұшып кеткен әлі тірі.
Тірі ғайып дүниеде төрт пайғамбар:
Қызыр, Ілияс, Ыдырыс, Ғайса бірі,— дейді Атығай Тоғжан ақын.
Нұрлы хаят-нұрлы тіршілік деген көл бар екен. Сол көлдің суын ішкен адам мәңгі өлмейді деген аңыз бар. Көл жердің астында ма, үстінде ме, таудың төбесінде ме бір Құдайға ғана аян және кейбір пайғамбарлар ғана білсе керек. Ескендір Зұлқарнайын пайғамбар патша болып тұрғанда жарты әлемді жаулап алып өлгісі келмей осы аңызды естіпті. Сол кезде Қызыр мен Ілияс пайғамбарлар уәзірлері екен. Бір білсе осы екеуі біледі деп Нұрлы хаят көлін тауып суын алып келуді бұйырыпты. Олар сол көлді тауып өздері суынан ішіп, құтысына суын құйып алып Ескендір патшаға әкеліп береді. Патша суды ішсе су патшаның аузына бармапты. Қызыр мен Ілияс суды ішеді, патшаға су бармайды. Содан Құдай маған  мәңгі өмір сүруді жазбаған екен,— деп Ескендір тәубәсына келіпті. Құдайдың жазуымен төрт пайғамбар тірі екен. Олар: Ғайса көкте, Ыдырыс-ұжмақта, Ілияс-суда, Ер Қызыр жолығады әр уақытта… Қазақта  : «Қызыр, Ілияс, Ғайып-Ерен, қырық шілтен шылауыңа шалынсын…» деген үлкен бата бар, білесіз.
Жәрменде:-Семейге  миссионер Сергей келіп: «Мұсылман дінін қорғаушы молда, имамдар болса сөйлесемін» деп іздегенде, Семей қаласындағы молда, хазіреттер араларынан бір ауыздан Сені сайлап шығарыпты.Сонда Құранды Сенше түсінген, Құранға Сенше тұшынған адам болмаған ба? Алаштың Алладан кейінгі пірі Абай болғаны ма?!
Сергейден жеңілмей өз дінінің әбүйірін
 аман сақтап шығуыңа мешітке жиылып,дұға қылып, саған бата беріп жөнелтіпті…
Қожалар еліміздің ақкөңіл, аңғалдығын пайдаланған
Абай:- Мұсылман дініміздің абыройын ұстап қалуға Құдай нәсіп етті …
Жәлменде: — Мұхамед пайғамбар :  «Адам дүниеге мінезбен сияды», — деп соңғы сөзін айтқан екен. Сен: «Ақылдың сауыты-мінез» дейсің, пайғамбармен сөзің үндес. Сен бүкіл мұсылманның арын қорғаған ақылды  азаматсың. Адамзатқа Абайды берген Құдайға мың мәрте алғыс. Сен Құдайдың біздің өмірімізге  қатысуышысың.»Бәрін алған-құлқынның құлы,барын берген-ұлы «,-деп Хафиз шайыр айтқандай сен барыңды берген Ұлысың! Құран, Хадисті елден артық білесің, Құнекең аса діндар адам еді, сені дінге қалай үйретті, әкеңнің жолын неге ұстамадың?…
Абай:- Имам, молдалар дін насихатшысы, мен Алланы танытушы, хикметін зерттеушімін. Мақсат- адам баласына Жаратушыны таныту, сол арқылы адамзатты бір бауыр қылу. Әуелі аят, хадис-сөздің басы. Мен өз балаларым, немерелеріме адам баласын желеп-жебеуші періштелер атын қойдым: Мекейіл, Зікәйіл, Срайыл, Жебрейіл деп. Тәтем дін ұстасын деп жас күнімде Семейге медресеге берді. Бірақ мен ақылым кіре бастаған соң, ескі діннің дәстүрімізге, адамшылыққа, ақыл-білімге ұнамсыз жұмыс екенін біліп, дін жолын ұстамадым. Төреге сенген телміріп қалар, қожаға сенген қаңғырып қалар ,- деп қазақ бекер айтпаған. Қожалар қазақтың ақкөңіл, аңғалдығын,
аруақ сыйлайтынын біліп, біздің көп дәстүрімізге қайшы, өздеріне ыңғайлы дәстүрлер кіргізген.
Жәрменде : — Мысалы…
Абай: — Мысалы, жаназа шығарғанға ақы беру, қайтқан күні, жетісі, қырқы, жылында ас беруді шығарған. Бұндай дәстүр басқа мұсылмандарда жоқ… Қазақ дәстүрінде атақты, сыйлы адамдардың ғана жылында асы берілетін…
Жәрменде: — Құнекең сені кәріне алмады ма?
Абай: -Алған жерлері де болды, бірақ ақылмен, дәлелмен мойындатпаған соң ,қорқытқан, ұрысқан сөзіне ермедім. Сосын тәтем Хақты уағыздаушы, мен танытушымын бірімізді – біріміз толықтырушымыз ғой…
Жәрменде: — Е,сен Хакім Абай екенсің ғой… Молдалармен келіспеген жерлерің болған шығар…?
  Абай: — Ол көп қой. Семейдің Тас мешітінің имамы Ғабдылхақ хазірет орысша тігілген ақ рәпіс пешпент киіп барғанымда, намаздан соң маған «Бұл киіммен мешітке кіруге болмайды» деді Мен: Құранда адамды киіміне қарап сөгуге болмайды деп жазылған. Мәдина халқының мешітке арнаулы киімі болады. Ондай киім кигендеріңіз жоқ. Пайғамбарымыздың хадистерін жинаушы Абурайра, дәрет алғасын мешіт киімін киеді екен. Татар байларының киімі де орысша тігілген. Сіздің киіміңіз де солай.
Әшекейлі жылтырауық киім кимеу керек. Алдымен өзіңіз жөнге келіңіз,- дедім. Келесі барғанымда: Кез келген хазіреттің сәлдесінің ұшында нәжіс бар,- деп айтамын дегенімде ұстазым Кәмәли «Шындықты сүйетіндер болады, сүймейтіндер болады. Мешітте талас тудырмау керек»,-деп айтқызбады.
Жәрменде: — Жақсы сөз жан азығы,жақсы сөзге сараң болма. Жақсы сөз тыңдауға  ынталы болмаған кісінің бар ынтасы, есіл-дерті мал, дүниеге ауып кетеді. Осы жақсылыққа қалай жетуге болады, Абайжан?
Абай: — Жақсылыққа-үлгі көрсетіп жетпесе, уағыз айтумен жету қиын,- депті бір ғұлама.
Жәрменде: -Қарауыл Орынбай ақын:
Уа,бұл Тобықты деген ел еді,
Озып туған себебі,
Алла тағала жар болып,
Әулиелер жебеді,-
деп саған баға берген екен…
Абай:
-Бұл — кескіні қара бала болар,
Ертең өскіні дара бала болар.
Көзі үлкен екен,
Көпті көрген сара бала болар…
Басы көнектей,
Бөксесі сенектей.
Құлағы шұнақ,
Кеудесі аққан бұлақ.
Көзі жанып тұрған шырақ.
Құлжа мойын төгерек,
Бұдан артық не керек!
 Құдайдан үміт етіңдер,
Армандарыңа  жетіңдер.
Не күтсеңдер де
Қара шұнақтан күтіңдер,- деп еді…
«Мен халқымды жаманы бордай тозып, жақсысы шыңдалып, зор
болсын деп сынадым
Жәрменде: — Сенің өмірің мен шығармашылығың өз халқыңды әлемдік өркениетке ілесуге шақыруға арналған. Сенен насихатшы, ағартушы, ақын, данышпан ретінде қоғамын сынаудан, артта қалған ғұрыптардан арылуға үндеуден, жаңашылдыққа шақыруды күтеміз. Қазақты осынша неге сынай бересің, қазақтан басқалардың да жетісіп тұрғандары шамалы-ау осы?
Абай: -Өзін аямай сынайтын еврей халқы көрінеді. Сынды ұнатпайтындар-шындықты ұнатпайтындар. Мына жапон елінде барша жазу сызу білетін, ойлай алатындарға жапондардың білетін кемшілігін жаздырып, кітап қылып шығартып, бәрі білсін деп бұйырған екен.Осы халықтар түбінде жаман болмас. Бір француз жазушы «өзінің осалдығын білген ең құдіретті кісі»- депті. Дана өз кемшіліктерінен ұялады, оны жөндеуге ұялмайды ,- депті қытайлық ойшыл.
Жәрменде:  -Ресейді, орыс тұрмысының бірыңғай кемшілгін сынаған орыс данышпандары да бар…
  Абай: -Бұлар кемшілігін сынаса, олар орысты жек көргендігі емес, орысқа жаны ашып, оны кемшіліктерінен арылтуға тырысуынан сынаған. Өзінің кемшілігін білген кемшілік емес-артықшылық. Мен түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын. Адам өзіне сын көзбен қарамай ештеңені де өзгерте алмайды. Өзін сынау, кемшілігін білу бөтендерден қорғанудың амалы. Қазақта «өз мінін білген-әулие» деген сөз бар. Ат көтермес мінім бар. Жүрегіме қарасам, инедейін таза жоқ. Өз мінін көрген адам жетілмекке қадам жасайды, дами алады. Билік, үкімет өз мінінен, яғни өз шындығынан қашады. Олар мақтана беру мен мақтай беруді жақсы көреді. Төрт халифтің бірі Омар: «менің кемшіліктерімді айтқан адам — маған ең жақын адам»,- депті. Ал мақтаншақтық-адамды да, ұлтты да рухани өлтіреді. Халқымның өткенін мақтаныш етіп жазу менің де қолымнан келеді. Өткенмен мақтану келешектің  жарқын идеясы болуға қабілетсіз. Сондықтан елімнің кертартпа қасиеттерінің бәрін сынадым. Себебі, кешегі жеңімпаз жұрттың бүгінгі аянышты күйінен ұялдым. Мен халқымды осылай сүйемін. Ақылды адам қателіктерінен көп ғибрат алу керек. Жөндеуге болатын қателік-қателік емес. Бір ғана қателік-өзінің қателіктерін жөндемеуде. Менің дұшпаным-жіберген  қателіктерім, қатемді түзету дұшпандарымды мұқатуым секілді сезім. Жаманмен салысып жақсы бола ма екен, жақсымен шендесіп жақсы болмай ма? Жаман дегенге, шын жамандар шамданады. Мен елімнің адам болмай, жаманы бордай тозып, жақсысы шыңдалып, зор болсын деп сынадым. Оның несі жаман?! Ойдан прогресшіл герой жасаудан гөрі, шындық өмірдегі кемшілікті айтып, халықты жақсылыққа, өнер-білімге шақыруды пайдалы көрдім…
Жәрменде:- Билік өзін сынатпаса ше?
Абай: — «Өз билеушісін бетіне басып сынауға құқығы жоқ халықтардың, мақтауға да құқығы жоқ. Құлдардың мақтауы ештеңені білдірмейді»,- деген екен бір ғұлама. Онда билік-зорлық, халық- құл!.
Жәрменде: -Сен қазақты өз биігіңе қарай жетелеген екенсің ғой. Біреудің қатесін көріп, біліп тұрып үндемей қалуға болмас па,осы?
  Абай: -Жәке, мен бір асқа барып келгенде, тәтем «ас қалай өтті балам ?», -деп сұрады. Мен: «Ол әулеттен сөз білетін, жөн білетін ұл тумаған екен, асты дұрыс өткізе алмады»,-   дедім. Сонда тәтем, қазақ: «Көре тұра айтпасаң көргенсіз дер, біле тұра айтпасаң жетесіз дер,- деп бір қайырса, дос жылатып айтады, қас күлдіріп айтады»,-деп бір қайырады. Соның бәрін көріп тұрып қалай шыдағансың? Білдіру білмегенге білгенімді, өзімнің деп білемін зор міндетім.Сөз білсең, жөн білсең, неге ортаға салмадың барыңды. Яғни, сен де жамансың! Шебердің қолы ортақ, шешеннің сөзі ортақ болғандықтан, білмегеннің білмегендігін айтпасаң сенің де білмегенің балам»,- деді.
Жәрменде: -Көргенін, білгенін айтпаса, оған кінәлі  атасы,- ғой.
Абай: — Дұрыс айтасыз… «Жауымнан қорықпаймын, әзір болса өлтірер, досымнан қорықпаймын, әзір болса сатып кетер, бар қорқатыным әрнәрсеге бей-жай қараған адамдардан қорқамын. Солардың үнсіздігінен адамзаттың бар қылмысы  жасалады»,- депті орыс ғұламасы Л.Н.Толстой.
Досымнан қорықпаймын,көп болса  сатар,
Қасымнан қорықпаймын, көп болса  атар.
Сенің  сәттілігіңе қуанбайтын,
Сәтсіздігіңе ренжімейтіндерден қорқамын,
Саған қарар да жатар,- депті ғой Қыпшақ Досбол би де. Біздің қазақтың шешендері де ғұламалар…
Жәрменде: — Сен де жаңағы өзің айтқан данышпандар мен екі жақта отырып, бір ұғымға келіпсіңдер. Сенің төңірегіңде жиналған жастар, міне, солар болады-ендігі дүние көркі.
Әңгіме, думанға армансыз бөленген қонақ Абай ауылында бір ай жатып бір күні қайтуға қам жасап, Абайдан рұқсат сұрайды. Сонда Абай:
-Алыстан келген аға, ардақты қонағымсыз. Досқа достың келгенде құр алақан қайтпайтын еліміздің салты бар еді. Бұйымтай айтып, қалағаныңызды алыңыз. Қолыңызды қақпаймын,-деп өтініш жасапты.
  -Рақмет, Абай, өзіңді көріп, ұлағат сөздеріңді тыңдап қайту арманымыз еді, ол орындалды. Тек бір тілегім,аманшылық болса елге қонақ болып, Жетісудың елін көр, жерін көр,  Алатаудың  басына шық, аты жақсы дариядан су жұт, — депті қонағы. Абай:
— Әз аға,тілеуіңізге құлдық, Жетісу мен Сыр бойы ата-баба мекені ғой. Топырақтан тысқары болсақ келер жылы барармыз,-деп қонағының өтінішін бар ықыласпен қабылдап, «қалай да бір нәрсе қалап алыңыз, әйтпесе көңілім көншімейді». Адамды ренжіту- күнә,- деп отырып алыпты.
-Абай қарағым, болмадың ғой. Ендеше маған қамыс құлақ атыңды бер. Жетісу еліне мініп көрсетейін,айтып жүріп танытайын,-депті қарт.
Абай:- Қайсы қамыс құлақ атты айтасыз?-дегенде  Жәрменде: — Әлгі «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ»-деп басталатын Абайдың «Аттың сыны» дейтін өлеңін түгел жатқа айтып шығыпты. Бұл өлеңінде аттың 62 мүшесінің артықшылығын суреттеген ғой Ұлы  Ақын.
Абайдың өз қолында, Құнанбай әулетінің жылқыларында дәл осы өлеңде айтылатын сәйгүлік табылмағандықтан, қонағын тағы бір жұма еру етіп, атбегі жылқышыларын бес болыс Тобықты еліне жіберіп, өлеңге лайық ат іздетіпті. Одан шықпаған соң өзімен араз, бес мың жылқысы бар Оразбай Аққұлыұлына:
— Ел намысы,ер намысы болғанда,ер намысы ел намысы болмай ма екен.
Өзім міну үшін емес, Тобықтының қонағына сыйлау үшін сұрап отырмын.
Оразекең бір тайын аямасын,-деген сәлеммен кісі жіберіпті.
Сәлемді естіген Оразбай:
— Ағайын ашты, мал тұшты десем, мен Оразбай боламын ба?! Жаттан сағы сынбасын депті де, өңкей  сәйгүлік бөлек бағылатын бес қос жылқы үйірлерін аралатып жүріп үш ат ұстатыпты.
-Абайға айт, қонағы үшеу екен, осы үш атын да берсін. Өзіне қарсы болсам да, ақылы мен ажарына қарсы емеспін,-депті.Үш аттың біреуін көріп тұрып, Жәрменде: «мынау-нақ сол өлеңде айтылатын ат екен» деп ризалығын білдіріп аттаныпты. Біз бұл әңгімелерді әртүрлі басылымдардан және Мақаншыда тұратын Тұрсынқұл Төлекұлынан жазып алдық.
Мұсатай ҒАЛЫМ,
халық мұраларын зерттеуші