«ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚСТАН» ЖОБАСЫ — ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДАҒЫ ҚАЙТАЛАНБАС ҚҰНДЫЛЫҚ

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ««Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген.
Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы.
Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз» деп «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын әзірлеу туралы тапсырма берген болатын.
Елбасының тапсырмасына сәйкес «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, 2017-2021 жылдарға арналған бес жылдық бағдарлама бекітіліп, қызу жұмысқа кірісіп кетті. Алғаш құрылған күннен бастап, жұмыс нақты қандай бағытта жүргізілуі керектігі жөнінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру жөніндегі жұмыс тобының бірінші республикалық форумында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали: «Қазақстанның киелі орындарын халық анықтайды. Ғалымдар мен өлкетанушылардан құралған «Қазақстанның киелі жерлері» жобасының ауқымды экспедициясы Қазақстанның түрлі аймағындағы тұрғындардан киелі жерлер туралы мәліметтер мен ой-пікірлер жинақтайды. «Киелі жер» мәртебесін мемлекет бекітпейді. Мұны халықтың өзі анықтайды. Егер халық бұл орынды киелі деп санаса, біздің бұйрықтар мен шешімдерсіз-ақ киелі болып саналады. Халық неге бұл орынды киелі деп санайды, не үшін тағзым етеді, міне осыны білуіміз қажет» деген еді.
Жобаны жүзеге асыру қолға алынған күннен бастап Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан Қазақстан ұлттық музейінде «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы ашыл-ды. негізгі операторы болып ҚР Ұлттық музейі бекітіліп, ұлттық музей базасында «Қасиетті Қазақстан» орталы-ғы ашылды. Мұнда алдыңғы қатарлы ғалымдардың, археологтардың, тарихшы-этнографтардың және өлкентанушылардың қатысуымен сарапшылар тобы құрылды.
Бүгінгі таңда ««Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында жалпыұлттық екі жүзге жуық, өңірлік бес жүзге жуық қасиетті жерлер тізімі жасалды дейді» жоба жетекшісі Берік Әбдіғали.
Алғаш 2017 жылы жұмыс тобы Қазақстанның киелі орындары тізіміне енген нысандарда туристік бағыттарды дамыту жұмыстарын қолға алуды және киелі орындар тізіміне табиғи ландшафт объектілері, археологиялық және архитектуралық ескерткіштер, халық ерекше ардақ тұтатын діни нысандар және тарихи тұлғалардың және саяси оқиғалармен байланысты киелі орындар енуі керектігін, сонымен қатар солтүстік, шығыс, батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығысына — алты бағыты бойынша ғылыми-зерттеу және дала экспедицияларын жүргізуді жоспарлаған болатын. Осы орайда Берік Әбдіғали: «Қасиетті Қазақстан» — діни жоба емес, таза ғылыми да жоба емес. Бұл тізімге тас дәуірінен қалған нысандар да енуі мүмкін», — деп түсіндірген еді.
Жалпы жобаның кейбір деректерде «Сакральды Қазақстан», кейбір деректерде «Қасиетті Қазақстан» деп аталуына байланысты жоба жетекшісі, ғалым Берік Әбдіғали: «Ресми түрде «Қасиетті Қазақстан» деп аталады. Бастапқы кезде ауызекі тілде «сакральды» делініп, аралас айтылып кеткен ғой. Негізі қасиетті, яғни, «Қасиетті Қазақстан» деген дұрыс. Жалпы сакральды деген сөз әулиелі, киелі деген ұғымды білдіреді ғой. Бір кездері діни сөздерге қатысты айтылған, дәлірек айтқанда, құдайға байланысты қолданылатын болған. Кейін ол ғылыми термин болып қалыптасты. Сакральды (ағылшынша sacral және латынша sacrum – қасиетті, құдайға қаратылып айтылады) сөзі – кең мағынада – құдайға, дінге, көкке, тылсым дүниеге, мистикаға, әдеттегі заттардан ерекшеленетін заттарға, кейбір ұғымдарға, құбылыстарға қатысы бар.
КИЕЛІ ЖЕРЛЕРДІ ҰЛТТЫҚ – ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ 
ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРУ — БАСТЫ МАҚСАТ
Қазақша киелі, қасиетті, қастерлі, әулиелі, әруақты деп тізбектеліп кетеді. Қазақ елінің киелі жерлеріне тоқталған соң, оның үстіне қазақ киелі деген сөзді әр нәрсеге қолдана бермейтін халықпыз ғой, қасиетті дұрыс болады деген тоқтамға келдік. Сонымен қатар жобада тек қана бір дінге, салт-дәстүрге ғана емес, сонымен қоса қазіргі ескерткіштерге, басқа ұлттың, діннің ескерткіштеріне, тарихына байланысты жерлер бар болғандықтан, жалпыға саятын ортақ ұғымды алдық»,- дейді, ank_portal@assembly.kz сайтындағы сұқбатында.
Сондай-ақ, ғалымның айтуынша, «Қасиетті жерлер географиясы қасиетті, киелі, қастерлі, сондай-ақ қасіретті жерлерді қамтыды. Бұл арада түсінікті болу үшін айта кететін тұс – қасіретті жерге тарихымыздан белгілі отызыншы жылдардағы зұлматқа байланысты ескерткіштер және осы сияқты басқа да ескерткіш жатады» дейді. Яғни, жобаның арқасында халық Қазақстандағы қасиетті жерлерді толық білумен қатар, ел тарихындағы қасіретті жерлер туралы, оның тарихымен танысады. Барып көруге деген қызығушылығы туындайды. Әркім туған жердің тарихына, белгілі бір нысанға байланысты мәліметтермен қамтылады». Қазақстандағы қасиетті және қасіретке де толы   тарихи жерлері, нысандары, орындары анықталып, оларды ұлттық-идеологиялық деңгейге көтеру, жалпыға насихаттау басты мақсат болып саналады.
Жоба жұмысын жүзеге асыру барысында жасалған әдістемелік нұсқау өңірлерге таратылып, құрылған топтар ақпарат жинаған. Алдымен халық бұрыннан киелі деп жүрген жерлерді, күні бүгінге дейін толассыз баратын орындарын, оның басына түнеп, ем-шара жасап жүрген жерлерді түгендеп, оның тарихымен, аңыз-әпсаналарымен, шығу тегімен танысып, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенім тұрғысынан қасиетті саналатын барлық нысандарды қамту көзделді. Сонымен қатар, тарихи шайқастарды – Бұланты, Аңырақай, Орбұлақ секілді тарихи алаңдар, 1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісінің қаһармандары, Алаш арыстары, халық батырлары және өте көне заманнан келе жатқан археологиялық  ескерткіштер, тасқа салынған суреттер, ұмытылуға шақ қалған қасиетті нысандар – Берел, Есік қорымы мен Алтын адам барлығының неге қасиетті, киелі екендігі жөнінде үлкен энциклопедия дайындалмақ.
«2017 жылы бірінші рет жасақталған экспедиция өңірлерге шықтық. Жиналған мәліметтерге сүйене отырып, міндетті түрде ғалымдардың, тарихшылардың, зерттеушілердің еңбектері ескеріліп, бірінші – халық, екінші – ғылым: деген басты ұстаныммен қасиетті Қазақстан географиясына енетін нысандарды қағаз жүзінде пысықтадық. Барған жерлерімізде қосымша экспедицияларға барып, 2017 жылғы алғашқы тізімді мақұлдадық. Сондай-ақ карта жасау жұмысы мен ролик әзірлеу жұмыстары жалғасын тауып жатыр» дейді жоба жетекшісі Берік Әбдіғали. Қазір анықталған тізімдер бойынша ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектептерде, жергілікті бұқаралық ақпараттық құралдарда насихатталып жатыр. Туристер барып, министрліктер тараптарынан тиісті жұмыстар қолға алынған. Мәселен, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Өлкетану» кітаптарын шығарып, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейнероликтер түсіріп жатыр.
2017 жылдан 2021 жылға дейін бес томдық энциклопедия шығару жоспарланған. Қазірге дейін алфавиттік жүйеде Алматы, Астана қаласы, Ақмола облыстарының қасиетті жерлері енгізілген энциклопедия шығарылды. Қасиетті жерлерге қатысты аңыздар, әңгімелер, зерттеулер, жер-су аттары, ескерткіштер енгізіліп, бәрі кеңінен тарқатылып, түсініктеме берілген.
2018 жылы Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары, Маңғыстау өңірлері қамтылған энциклопедия жарық көріп, ол өңірлерге таратылды. Энциклопедиялар «Қасиетті Қазақстан» жобасының қатысушыларының ғылыми жағынан жетекшілік етуімен, әр өңірдің өлкетанушылары өздері жазып жатыр.
РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ ҰЛТ РУХАНИЯТЫНА 
БЕРЕРІ КӨП
«Биыл энциклопедияның үшінші томы қолға алынды. Оған Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Жамбыл облыстары кіреді. Сөйтіп жыл арттырып, 2021 жылға дейін толық қамтимыз деп жоспарлап отырмыз. Бұнымен жұмыс аяқталмайды. Өңірлерде өздерінің жеке энциклопедиясын шығару көзделген.
Бұл іске шетелдік әріптестеріміз де атсалысып жатыр. Ресей, Қырғыз, Түркияда біздің нысандарды зерттеу жұмыстары қолға алынған. Мысалы, «Әзірет сұлтан» тарихи-мәдени кешенін алып қарасақ, оның архитектурасы бірден көзге түседі. Ал енді оның қасиеттілігі неде деген сұрақты кеңінен ашуымыз керек. Ол бұрыннан келе жатқан бүкіл түркі әлеміне ортақ қасиетті нысан болып табылады.
Жалпы жұртшылық қасиеттілігін, киелілігін білетін беймәлім нысандарды насихаттауға көбірек мән беріп жатырмыз.
Өңірлердегі халықтың тағзым ететін, зиярат ететін жерлерін баршамыз біліп, ұлттық бірегейлікті асқақтату керек. Сол үшін де әркім өз облысындағы қасиетті жерлерді ғана біліп қана қоймай, басқа облыстарға тиесілі орындарды көргені дұрыс. Оны жоба аясындағы жұмыстар арқылы білуге болады.
Мысалы, Оралдағы Дәдем ата – Жұмағазы хазірет зираты өте қасиетті жер. Сол сияқты Атырау, Ақтөбе, еліміздің шығыс, солтүстік және оңтүстік өңірлерінде қасиетті жерлер көп. Барған кезде халық соны танитындай, білетіндей ортақ қасиетті жерлердің тізімі белгілі болуы керек. Жобаның діттегені сол. Өз басым жобаның басы-қасында жүргендегі мақсатым – рухани құндылыққа мән беру, жалпының назарын соған аударту. Әр нысанның қаншалықты керемет, көне дегеніне емес, оның біз үшін маңыздылығын анықтау», -дейді жоба жетекшісі.
Сонымен қатар, қазірге дейін қасиетті нысандар бес топқа бөлініп жіктеліпті. Бірінші, ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері. Ел аузында киелі аталып кеткен, кейбіреуі қазірдің өзінде мемлекет қарауында тұрған табиғат құбылыстарының нәтижесінде пайда болған орындар. Екінші, археологиялық ескерткіштер және орта ғасырлық қалалық орталықтар. Бұл топқа қалашықтар, бекіністер, петроглифтер, қорымдар, халқымыздың қалыптасуында ерекше рөл атқарған, Қазақ мемлекетінің, Ұлы Жібек жолының құрылуына ұйытқы болған орта ғасырлық қалалар кіреді. Үшінші, діни және ғұрыптық орындар. Бұндай қасиетті орындарды әулие феноменімен байланыстыруға болады. Түркі кезеңіне дейінгі дәуірдегі аттары аңызға айналған, көне түркі дәуірі және орта ғасырлардағы, сонымен бірге XIX ғасырдың аяғы, XX ғасырдың басына дейінгі тарихи тұлғаларды қамтиды. Төртінші,тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар. Қазақстан тарихында елеулі орын алатын, бүкіл өмірін қазақ елінің бостандығы мен егемендігіне арнап, үш жүздің батыр-билерін жиып, маңызды мәселелерді шешкен хандар, қазақ хандығының тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтың батырлары, ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері, қолбасшылар, ғылым мен білімге, мәдениетке үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақындар, ғалымдар, ағартушылар туралы мәні зор жерлер. Бесінші, саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар. Қазақ даласында қазақ халқының бірлігі үшін болған шайқастарды, ерлікті, батырлықты, қайсарлықты насихаттайтын, елдің бірлігін білдіретін ескерткіштер мен ел жадында өшпес із қалдырған қасіретті орындар. Қоғамның, мемлекеттің тарихында ерекше орны бар мемлекетіміздің жаңа нышандары.
«Қасиетті Қазақстан» жобасы негізінде елімізде туризм саласын дамыту да көзделіп отыр. Берік Әбдіғалидың айтуынша, «Әлем бойынша тауап етуге, қажылыққа бару туризмі дамыған. Бізде халық Түркістанға көп барады. Ол да өз алдына кішігірім қажылық. Маңғыстауға, Бекет атаға, Павлодардағы Мәшһүр-Жүсіпке, Қоңыр әулие үңгіріне де көптеп барып жатады. Алматы, Шығыс Қазақстан аймағында адам баратын жерлері жетерлік. Бұрыннан халық баратын жерлерді жергілікті әкімшілік қамқорлығына алған».
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАСИЕТТІ ЖЕРЛЕРІ – ҰЛТТЫҚ МАҚТАНЫШЫМЫЗДЫҢ  ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ!      
Аталмыш жобаның атап айтуға тиісті тағы бір ерекшелігі, кең байтақ қазақ даласында әр ұлт өзінше қасиетті санайтын тарихи нысандарда тізімге алынып, олар жөнінде де нақты деректер жинақталып, олардың болашақта қорғалуы, қасиетті орын ретінде сақталу керектігіне де қатты мән берілген. Мысалы: Алматыда Вознесенск кафедралы шіркеуі, Солтүстік Қазақстандағы ХІХ ғасырдан бергі және Қызылордадағы шіркеулер енгізілген. Өңірлік тізімде қасиетті саналатын жерлер, Жаркенттегі ұйғырлардың мешіті секілді әрбір этностың қадір тұтқан мекендері де назардан тыс қалмаған.
Сондай-ақ, «Қасиетті Қазақстан» жобасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді» деп атап көрсеткеніндей, сананың жаңғыруына негіз болмақ. Аталмыш мақалада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген.
Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз.
Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ.
Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді.
Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды.
Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек.
Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құн¬ды¬лықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз.
Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы.
Ол – ұлттық  бірегейлік  негіздерінің  басты  элементтері-нің бірі.  Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз» деп атап көрсеткен болатын.
Қазіргі күні жүйелі, жоспарлы түрде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі, кең байтақ қазақ даласының мыңжылдық тарихта әлемдік өркениетке қосқан қайталанбас рухани аса бай құндылықтарының өшпес мұрасын жасақтап, келер ұрпақтың мақтанышы мен тәу етер қасиетті, киелі өлкесінің мәңгілік мекенінің қадірін асқақтатады деп сенуге толық негіз бар.
 Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ