Павлодар мемлекеттік университетіне жаңа басшы тағайындалды

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің өкімімен  С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ректорының міндетін атқарушы болып Мейрам Бегентаев тағайындалды. Университеттің жаңа басшысын министрліктің жауапты хатшысы Арын Өрсариев таныстырды.

Мейрам Мұхаметрахымұлы Бегентаев 1996 жылы Павлодар индустриалды институтын «Автомобильдер және трактор жасау» мамандығы бойынша, 1999 жылы С. Торайғыров атындағы ПМУ-ды «Құқықтану» мамандығы бойынша үздік бітірген. Экономика ғылымдарының докторы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрметті қызметкері.

Мейрам Бегентаев ур жылдары жауапты басшылық лауазымдар атқарды. Ол С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор, Стратегиялық жоспарлау, әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор,  Стратегиялық жоспарлау, әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі бірінші проректор болып қызмет етті.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды.

Павлодар қалалық мәслихатының депутаты болып сайланған тұста өкілетті органның әлеуметтік саясат жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болды.

2012-2016 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 5-ші шақырылымындағы депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болды.

Соңғы үш жыл көлемінде Павлодар облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары лауазымында қызмет етті.

Әлихан Рахметоллаұлы