Парасатты ата-ана мен ұлағатты ұстаз үйлесімі салиқалы ұрпақ негізі болар

21 ғасыр балаларын тәрбиелеу қиын деп жатамыз. Алайда, ұрпақ тәрбиесі қай заманда да оңай болмаған. Оған тарихи жазбалар күә.
Осыдан 800 жылдан аса уақыт бұрын өмір сүрген ғұлама, ұстаз, ақын Жаллалиддин Румиге бірде анасы баласын ертіп әкеліпті.
— Ұлы ұстаз, Сіздің көмегіңіз керек. Балам тым тәттіқұмар, қанттың құрты болды. Қой деп айта аласыз ба? Сіздің айтқаныңызды ұлым екі етпейді ғой.
Руми балаға мұқият қарап, ойланып, үш аптадан кейін келіңіз деген екен.
Үш аптадан кейін баласымен анасы ұстаз алдына тағы келеді.
Алайда, ғұлама өтінішті орындауға дайын еместігін айтып, тағы үш апта мерзім сұрайды. Ана ұстаздың бірауыз ақылын соншалықты созып, бағасын арттырғанына таңданса да, айтылған уақытта тағы келеді.
Ұстаз шәкіртін алдына шақырып алып, «балам, менің ақылыма құлақ сал, қантты көп жеме, денсаулыққа аса зиян» дейді. Шәкірті бірден, «Ұстазым, Сіз айтсаңыз, мен енді олай жасамаймын» дейді.
Ана баласын сыртқа шығарып жіберіп, ұстазбен оңаша қалып, Сіз неге бірауыз сөз үшін осынша уақыт сұрадыңыз? Осы сөзді алғаш келгенде-ақ айтар едіңіз ғой депті.
Сонда ұстаз, «мен бірден айта алмағаным, өзім де тәттіқұмар жан едім. Сіздің өтінішіңізден соң, ол құмарлықтан үш аптада құтылармын деп ойладым. Алайда, болжаған уақыттан әлдеқайда ұзақ мерзім қажет болды. Өзім зиянды құмарлығымды жеңген кезде ғана, шәкіртіме ақыл айтуға дайын болдым деген екен.
Парасатты ата-ана мен ұлағатты ұстаз үйлесімі салиқалы ұрпақ негізі болар.

Bibigul Zhexenbay фейсбук парақшасынан