ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ НЕГЕ СУДЫ БӨЛІП — БӨЛІП ІШУДІ ӨСИЕТ ЕТКЕН…

Ислам – әдепке толы дін. Әр нәрсенің өз алдына бір әдебі бар. Пайғамбарымыз (салааллаһу ьəлəйһи уə сəллам ) үмбетіне су ішудің де әдебін үйреткен. Әнастың (р.а.) айтуы бойынша, Пайғамбарымыз (салааллаһу ьəлəйһи уə сəллам .) су не басқа да сусындарды үш демде ішетін еді (Бұхари, «Әшрибә», 26; Мүслим, «Әшрибә», 123).

Ибн Аббастан жеткен тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (салааллаһу ьəлəйһи уə сəллам ):
«Түйе секілді бір демде ішпеңдер. Екі, үш демде ішіңдер. Бір нәрсе ішетін кездеріңде «бисмилләһ» деп, ішіп болған соң «әлхамдулилляһ» деңдер», – деген (Тирмизи, «Әшрибә», 13).
Бұл хадистерден білгеніміздей, мұсылман суды бірнеше бөліп, демалып барып ішуі тиіс. Мүслимнің риуаятында суды үш бөліп ішудің пайдасы жайлы қосымша баяндалған. Онда:
Үш демде су ішкен адамның шөлі жақсы қанады. Суды үш бөліп ішу денсаулыққа да тиімді, асқазанға да пайдалы, – делінген.

Әбу Сағид әл-Һудриден риуаят етілген хадисте Аллаһ Елшісі (салааллаһу ьəлəйһи уə сəллам ) асты не суды үрлеп ішуге болмайтындығын айтқан. Осы кезде бір адам Пайғамбарымызға (салааллаһу ьəлəйһи уə сəллам ):

– Ішетін нәрсеме қоқыс түсіп кетсе не істеймін? – дейді.

– Түскен нәрсені төгіп таста, – дейді Аллаһ Елшісі.

Әлгі адам тағы да:

— Бір деммен су ішсем, шөлім қанбайды, – дейді.

– Олай болса, аузыңды ыдыстан ал, – деп жауап береді (Тирмизи, «Әшрибә», 15). Міне, бұл хадистен де бір деммен су ішкен адамның шөлі қанбайтыны айтылған. Сол үшін Пайғамбарымыз (салааллаһу ьəлəйһи уə сəллам ) ыдыстан аузыңды тартып, деміңді алып алуды өсиет еткен.

Жоғарыдағы хадистен Пайғамбарымыз (салааллаһу ьəлəйһи уə сəллам ) сусынды не асты үрлеп ішуден тыяды. Әбу Қатададан жеткен хадисте де Аллаһ Елшісі ыдыстың ішіне демалуға тыйым салған (Бұхари, «Удуғ», 19; Мүслим, «Таһарат», 65, «Әшрибә», 121). Себебі, бір ыдыстан бірнеше адам су ішкенде ыдыстың тазалығын қамтамасыз етуі үшін де Аллаһ Елшісі бұған мұқияттылық танытуды ескерткен. Демек, мұсылман сусын ішкенде үрлеместен, бірнеше демде, демін алып, шығарғанда да аузын ыдыстан ұзақтатып барып ішуі абзал.

Салтан САЙРАНҰЛЫ