«Өзіңнен баста!»

Орал қалалық полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімінің Ювеналдық полиция бөлімшесі қалалық білім беру бөлімімен бірлесіп осындай жобаны қолға алды.

Бұл туралы Орал қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. «Өзіңнен баста!» жобасы аясында қаладағы Оқушылар мен жастар сарайында «Жусан» операциясымен өңірімізге оралған кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен кездесу өтті. Қос тараптың басты мақсаты – жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру және құқықтық көмек көрсету.

Шара барысында қалалық ПБ ЖПҚб ЮП бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Д.Темірова ата-аналарға бала тәрбиесі бойынша жауапкершілікті түсіндірді. Ал оқушыларды қылмыс пен құқықбұзушылықтан аулақ болуға шақырды. Сондай-ақ балалар Оқушылар сарайындағы әр түрлі үйірмелердің жұмысымен танысып, ата-аналарымен бірге «Көңілді күн» флеш-мобына қатыст. Одан әрі «Менің әсерім» тренингі арқылы кәмелетке толмағандар өз ойларымен бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Естеріңізге сала кетсек, «Жусан» операциясы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Сириядағы соғыс аймағынан қазақстандықтарды елге қайтаруға бағытталған болатын.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы