Отаншыл азаматтар ой-пікірін айтса екен

Қоғамдық құрылыс өзгергенінде мемлекеттік идеология да өзгереді. Соған сәйкес елдімекендер, көшелер атаулары ауыстырылады. Ресейде патша үкіметі құлап, билікке большевиктер партиясы келгенінде солай болды. Кеңес одағы ыдырап, Ресей Федерациясы құрылғаннан кейін керісінше жағдай орын алды. Компартия көсемдерінің аты-жөнін ұлықтайтын Ленинград, Куйбышев, Сверловск, Калининград сияқты қала атауларының жойылғанын жақсы білеміз.
Солай бола тұра, біздің Павлодар қаласы бәз-баяғы патша заманындағы атауымен қалып қойды. Қаламызда 335 көше бар, оның 62-сінің ғана (19,72 %) атауы қазақ тілінде. Кеңес үкіметі кезеңінде қойылған орысша атаулардың көбінің саяси-идеологиялық тұрғыдан мән-маңызы ескірген. 29 Ноябрь, I Советов, II Советов, Комсомольская, Урицский, Роза Люксембург, Луначарский, Теплов, Ермаков тәрізді көше атаулары тарих күресініне кеткен коммунистік қоғамды дәріптеуші, насихаттаушы көрнекі құралдың рөлін атқаруда. Жалпылама мағынаға ие Набережная, Парковая, Совхозная, Лесная, Дорожная сияқты атаулар мен Ресей қалаларының құрметіне қойылған Челябинская, Читинская, Курская тәрізді атаулар заман талабына сай атаулармен әлі ауыстырылған жоқ.
Солай десек те, жергілікті билік мемлекеттік ономастика саясатын жүзеге асыру бағытында қол қусырып отыр деп айта алмаймыз. Патшалық-кеңестік дәуірдің саяси, әскери, мемлекет қайраткерлері: Ленин, Кутузов, Суворов, Чкалов тәрізді басты көшелер атауларының өзгертілгені күні кеше ғана. Биыл Павлодарда Тәуелсіздік мерекесінің 30 жылдығына орай саяси-идеологиялық мән-маңызы ескірген 30 көшенің атауын Ұлы Тәуелсіздігімізді ұлықтайтын, тарихи тұлғаларымызды құрметтейтін атаулармен өзгерту бойынша іс-шаралар қолға алынды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының байыбына барған азаматтар әкімдіктің бұл әрекетіне ризашылық сезімін білдірді. Есесіне, патшалық-кеңестік дәуірді көксеуші топтар интернет желілері арқылы барынша қарсылық танытуда. Бұлар Егемендік кезеңінің алғашқы жылдарынан бері қазақ мектептерінің, балабақшаларының, мәдениет мекемелерінің ашылуына, қазақтың тарихи тұлғаларына ескерткіштер орнатылуына, көше атауларының (тіпті Павлодар қаласының ескі гербінің) өзгертілуіне іспен де, сөзбен де қарсылық танытқан еді.
Қоғамдағы әлеуметтік проблемаларды алға тартып, «Алдымен соларды шешіп алыңдар, сонсын барып ономастика мәселесімен айналысыңдар!» деген сыңайда облыс, қала басшыларына «ақыл-кеңес» береді. Халықтың әлеуметтік тұрмыс деңгейі жоғары, экономикасы қарыштап дамыған елдердің өзінде әлеуметтік проблемалар бар екенін қаперге алса, кәнеки? Көше атаулары жазылған тақтайшаларға жұмсалатын қаржы көлемін сөз етіп, жергілікті бюджетті зая кетірмеуге шақырады. Бір кәсіпкердің өзі эксәкімнің портретін 31 миллион теңгеге сатып алған қаладан көше тақтайшаларын өз қаржысына ауыстыратын бірнеше кәсіпкердің шығуы мүмкін екенін ескермейді…
Егер әкімдер патшашыл-кеңесшіл топтардың ұстанымын қостамаса, айтқанына бас иземесе беделіне нұсқан келтіретін, ар-ожданына тиетін сөздерді қарша боратады. Бұл жолы да солай болып тұр. Төменде көрсетілген сайттарға кіріп, жазбаларды оқысаңыздар әлгілердің ішкі жан дүниесін көресіздер, мұрат-мүддесін аңғарасыздар. https://www.instagram.com/p/CM4xrvMHvFJ/?igshid=vz4i39hzmhy5 ; https://www.instagram.com/p/CM4yDbkhuSx/?igshid=527brncz27sd ; https://www.instagram.com/p/CM4x-1anfGG/?igshid=gwyr2tvau73q ;
Жазба авторларының барлығы павлодарлық емес шығар. Өзге өңірлерден, көрші елдерден болуы ықтимал. Біршамасы фейк сияқты. Бұлардың кім екеніне қарамастан, өзіміздің ой-пікірлерімізді сол сайттарда ортаға салуға тиістіміз. Отаншыл, мемлекетшіл азаматтар бұл шарадан қалыс қалмайды деген ойдамын.
Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.