«ОҚУҒА ҚҰШТАР МЕКТЕП» ЖОБАСЫ

«ОҚУҒА ҚҰШТАР МЕКТЕП» ЖОБАСЫ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында электронды дәуірдегі дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөліне тоқталып, мектеп кітапханаларындағы кітап қорына жаңартулар мен толықтырулар енгізудің аса маңызды екенін атап айтқан еді.

Осыған орай, Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының кітапханасын қайта жаңғырту мен оқушыларды кітап оқуға баулу мақсатындағы республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасы 2020 жылдың 3 желтоқсанынан өз жұмысын бастады.

Мектеп кітапханашылары Райхан Шекербекова мен Әмина Дәуірбаеваның ұйымдастыруымен оқырмандардың қандай кітаптар оқығысы келетінін білу мақсатында сауалнама жүргізілді. Сауалнама барысында оқырмандардың тең жартысы қазақ ақын-жазушыларының әңгімелері мен классикалық повестерін оқуды қаласа, кей оқырмандары фантастика, шет елдер әдебиетін және поэзия жанрын оқуды дұрыс көреді екен. Қазіргі таңда осы жоба барысында мектепте біршама жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ «Руханият отбасылық клубы» жұмыс жасауда.

 

 

Жоба барысында оқып жатқан кезекші сыныптарға арналған «Оқу сағаты», «Бір мұғалім, бір оқушы, бір кітап» жобасы жүзеге асырылды. Осы жоба аясында бастауыш сынып оқушыларына арналған «Білім қуған бүлдіршін» атты ертегілер, аңыз әңгімелер, батырлар жыры кітаптарымен жинақталған кітап бұрышы ашылды.

Аталмыш жоба бойынша қазақ ақын-жазушыларының 15 кітабын 2 ай аралығында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ж.Төлепбаеваның бағыт- бағдарымен бірлесе отырып оқыған 9 «б» сынып оқушысы Зиятбек Мадина, 9 «а» сынып оқушысы Айтжанова Алтынай, 9 «а» сынып оқушысы Ажақаев Әбілқайыр үздік оқырмандар ретіне тандалды.

Сонымен қатар, мектепте Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Тыңда, дала, Жамбылды» атты 5-10 сынып оқушыларға арналған кітап көрмесі, 7-8 сыныптар арасында ақынның шығармашылығына үздік буктрейлер ұйымдастырылды. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай «Жырлайды жүрек» атты ақынның өлеңдерінен мектепішілік сыныптар арасында челлендж өткізілді.

 

Сарысу ауданы