Өндіріс өркендемей, өріс кеңеймейді  

Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалы жайлы сөз етсек,  Әулиеата өңірі бүгінде қарқынды даму жолына түскен. Мұнда қазір тың жобалар мен байыпты бастамалар жүзеге асырылып, ол өз жемісін беруде. Өңірді өркендету мақсатында мақсатты жоспар жасаудың арқасында облыс экономикасының барлық салаларында оң динамика қалыптасты. Биыл экономиканың өсуі – 103,8 пайызды құрауы осы сөзімізге дәлел,- деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.

 

– Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 5,4 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестиция 12,7 пайызға артты. Осы орайда бюджеттен тартылған инвестиция азайып, жеке сектордың үлесі көбейіп келе жатқанын айтуға болады. Есепті кезеңде 17 миллиард теңгеге 7 жоба іске асырылды. Жыл соңына дейін 46 миллиард теңгелік 9 жоба іске қосылады. 32,2 миллиард теңгеге бағаланған 2 жоба шетел инвесторларының қатысуымен атқарылады. Олар – «Kaz-ir Agro» ЖШС-нің (Иран) «Сафлор майын шығару зауытын кеңейту» және «M-KATGREEN» (Франция) компаниясының «Күн электр стансасының құрылысы мен пайдалануы» жобалары.

Бөлшек сауда 104,3 пайыздыкөтерме сауда 109,8 пайызды құрады.

Инфляция деңгейі (2018 жылдың желтоқсанына) 102,3 пайыз. Бұл республикалық орта көрсеткіштен төмен. Ауыл шаруашылығының өнімі – 103,8 пайыз, яғни 2 мың гектарға артып, 670 мың гектарға жетті. Егін ору өткен жылдан 60 пайызға жоғары (2018 жылы – 39,5 мың, 2019 жылы – 64,7 мың гектар). Өткен жылы құрылған механикалық отряд 99 шақырым каналдарды тазалап (27 канал, 5 су қоймасы), 6,6 мың гектар суармалы жер қалпына келтірілді, – деді Асқар Исабекұлы облыстық мәслихат алдында берген есебінде.

Былтыр республика бойынша экспортталған қой етінің 43 пайызы (1,6 мың тонна) облысқа тиесілі болған. Биыл бұл меже көбейтіліп, 6 айдың қорытындысымен 500 тонна ет экспортталыпты. Бұл республика бойынша  30 пайызды құраған. Ет экспортының артуына байланысты арпа 27 мың гектарға артық себілген екені. Қант өндірісін дамыту үшін тәулігіне 8 мың тонна балтамыр өңдейтін қант зауытының құрылысы тамыз айында басталады екен («Qyzylsha» ЖШС-мен іске асырады). Жоба fрнайы экономикалық аймақта салынады.

Міне, табыс тайқазанын қайнатқан киелі Әулиеата өңірі дамудың даңғыл жолына қадам басуда. Сәтін салса, жыл аяғына дейін бағдарлы бастамалар мен табысты жобалар облыс экономикасын еселеп, межелеген көрсеткіштерге қол жеткізіледі деп ойлаймыз.

 

Әлім Мұратов

Жамбыл облысы