ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ АРДАГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесті.
Аймақ қарияларының 85 пайызы мүше болып кіретін ардагерлер ұйымының үйінде өткен кездесуде Қанатбек Қайшыбекұлы ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдаулар туралы айтты.
— Жалпы өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуда Сіздердің кеңестеріңізге мұқтажбыз. Өйткені, егіс алқабынан, бау-бақшадан мол өнім алуда, азық-түлік бағасын тұрақтанудыруда Сіздердің тәжірибелеріңіз керек. Қазір облыста егін себу науқаны басталып кетті. Биыл 770 мыңнан астам гектар алқапқа егін егіледі. Одан бөлек аймақта суармалы егіс алқабы 181 гектар алқапты құрап отыр. Оның 70 пайызына ағын су жеткізу қарастырылуда. Қазір су қоймаларында жиналған су қоры 60 пайызды құрайды. Алдағы ай жауын-шашынды болады деген жоспар бар. Соның есебінен су қорын жинақтап алу жоспарлануда. Биыл шаруашылықтарды қолдау мақсатында 15 мың тонна дизель отыны таратылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 мың тонна дизель отынына артық. Сонымен қатар биыл қант қызылшасын 10400 гектар алқапқа жеткізу көзделген. Осы және басқа егіс алқаптарына ағын суды жеткізіп беру үшін облыста каналдарды қайта қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті, — деген облыс әкімінің орынбасары ардагерлерге кездесуді пікіралмасу түрінде өткізу туралы ұсыныс тастады.
Пікіралмасу бағытында өткен жиында ардагерлер кеңесінің мүшесі Нелзия Рахышева ардагерлердің үйде қарап отырмай бау-бақша салып, мал өсіріп, қымыз, сүт өндіріп ауыл шаруашылығына қосып отырған үлесіне тоқталды. Одан кейін сөз алған ардагер Аманжол Аманбаев тұқым мәселесін қозғаса, Шәріп Дәулетбаев халықты еңбекке тарту керек деген ой қорытты.
Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек ардагерлер тарапынан түскен ұсыныстар мен сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, алдағы уақытта мұндай кездесуді жиі өткізу керектігін атап өтті.

Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы