ОҚУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫН ЖЕТІЛДІРУ ЖЕТІСТІККЕ ЖОЛ АШПАҚ

Оқу бағдарламасын жетілдіріп отыру – заман талабы. «Оқу – инемен құдық қазғандай» деп бекер айтылмаған. Қазіргі кездегі шапшаң жүріп жатқан жаһандану үрдісі әлемдік бәсекелестікті күшейте түсуде. Ғаламтор билік құрған ғасырда оқу бағдарламасын оқушы санасына оңтайлы етуге дамушы елдердің бәрі күш салуда. Себеп: ізгі ұрпақ тәрбиелеудің алғы шарттары сонда ғана жүзеге аспақ. Біздің елімізде де жыл сайын оқу бағдарламалары жетілдірілу үстінде. Оған мемлекет те қаржыны аямай салуда. Білім деңгейін жетілдіру жұмыстарын біршама оңтайландыру мақсатында қарқынды бастамалар жүзеге асуда. Оқу бағдарламаларына жаңа технологияларды енгізе отырып, мұғалімдердің біліктілігін арттыру басты міндет болып тұр. Келешекте кәсіби бағдарлы оқу құралдарын шығара отырып, заманауи мамандарды даярлауда білім сапасы артады. Осыдан бірнеше жыл бұрын ел көлемінде Назарбаев Зияткерлік мектептері құрылған болатын. Облыс орталықтарына дарынды балаларды бір арнаға тоғыстырып, озық ойлы, білімді ұрпақты тәрбиелеу қолға алынды. Солардың нәтижесін бүгінде көріп жатырмыз.

«ХХІ ғасыр – ақпараттандыру ғасыры» болғандықтан, бүгінгі таңда ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдаланудың маңызы зор. Қазіргі кезде оқушыны белгілі бір біліммен ғана қамтамасыз ету жеткіліксіз. Оқушының өз бетінше білім алуына, ізденуіне көп мән берілуі тиіс. Олардың кәсіптік білім алуымен қатар ізденімпаз, тапқыр, ой-өрісі жоғары, өз пікірін ашық білдіретін, жаңашыл ұрпақ етіп тәрбиелеу керек. Бүгінгі заман талабы – қоғамның дамуымен бірге болашақ жастарды жаңашылдыққа, ізденімпаздыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу. Осы аталғандарды іске асыруда сабақта ақпараттық-коммуникативтік технологияларды арттырып, пайдалану маңызды болмақ. Ақпараттық технология ізденімпаздыққа үйретеді. Сондықтан бүгінгі компьютерлендірілген ғасырда ақпараттық-коммуникативтік технологиялар құзыреттілігін арттырып, пайдалану арқылы ғылымның кез келген саласын жылдам дамытып, одан нақты тиімді нәтиже алуымызға болады.

Білімді ақпараттандыру күрделі де көп қырлы үдеріс болып табылады, оның сәтті жүзеге асуы білім мекемелерін компьютерлендіруге ғана емес, білім беруді ақпараттандыруды қамтамасыз ету әдістемесіне, ғылым мен тәжірибенің өзара байланысына да тәуелді. Бұл ғалымдар мен педагогтердің, психологтар мен әдіскерлердің, бағдарламашылар мен ақпараттық-коммуникативтік технологиялар саласы мамандарының күш-жігерін жан-жақты жұмылдыру уақытының келгенін көрсетеді.

Елімізде ғылыми әлеуетті нығайту үшін бар жағдай жасалған. Мысалы, 2019 жылы ғылымды қаржыландыру 43 млрд теңгені құраса, 2025 жылы ол 400 млрд теңгеге жетеді;

Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жас ғалымдарды қолдауға жыл сайын 3 миллиардтан астам теңге бөлінеді;

Үшіншіден, егер бұған дейін гранттар бойынша конкурстар үш жылда бір рет өткізілсе, келесі жылдан бастап ол жыл сайын бөлінетін болады;

Төртіншіден, ғылыми институттардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін жеке бюджеттік бағдарлама жасалады. Ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту және цифрландыру бойынша ғалымдардың цифрлық дағдыларын дамыту, ғылыми ұйымдардың кадрлық және басқарушылар құрамын қайта даярлау бағдарламаларын іске асыру мәселелері қарастырылады. Жалпы айтқанда, бағдарлама аясында білім беруді қаржыландыру көлемі 6 есеге, ғылымды қаржыландыру 7 есе өсті.

Мұның барлығы да оқу бағдарламаларын жетілдірудің арқасы. Оқушыларды заман көшінен қалдырмаудың ізгі қадамдары. «Ақпараттық-коммуникативтік технологияны оқу-тәрбие үрдісіне енгізудің мұғалім үшін тиімділігі неде?» деген сұраққа тоқталатын болсақ:

— Жалпы компьютерлік желілерді пайдалана отырып сабақты тартымды түрде қызықты етіп өткізуге мүмкіндік туады;

— Оқушы өз бетімен жұмыс жасайды;

— Аз уақытта көп білім береді, уақытты үнемдейді;

— Білім-білік дағдыларын тест тапсырмалары арқылы тексереді;

— Шығармашылық жұмыстар жасайды;

— Қашықтықтан білім беру мүмкіндігі туады;

— Қажетті ақпаратты жедел түрде беру мүмкіндігі жасалады;

— Оқушының ой-өрісін, дүниетанымын кеңейтуге ықпалы болады;

— Бағдарламалау ортасында инновациялық әдістерді пайдаланып, бағдарламалық сайттар, құралдар жасайды, сайттарға өз сабақтарын енгізе отырып, өз біліктілігін көтереді;

— Интернетте жұмыс жасау арқылы мұғалім өз білімін жанжақты жетілдіреді;

— Оқыту үрдісінде оқушылардың танымдық іс-әрекетін тиімді ұйымдастырады;

-Оқушылардың танымдық қабілеттерін қалыптастырады;

— Сабақта этнопедагогикалық тәрбие беруге мүмкіндік туады;

— Оқушыны шығармашылық жұмысқа баулиды, өз бетінше жұмыс жасауға үйретеді;

— Оқулықтан тыс, қосымша мәліметтер береді т. б.

Әр күні өзгеріске толы бүгінгі жауапты кезеңде замана көшінен қалып қоймай, уақыт талабына сай ертеңгі болашақ жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелеу ұстаздарға зор жауапкершілікті жүктейді. Ол мұғалімнің үздіксіз ізденуді, өз білімін үнемі жетілдіріп отыруды талап етеді. Өйткені еліміздің ертеңі жас ұрпақтың қолында. Мұғалімнің шеберлігі мен жетістігі – сапалы білім және жақсы тәрбие алған шәкіртінде. Бұл – қоғам талабына сай туындайтын қажеттілік.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК