ОҚО-да түркітілдес өнер жұлдыздарының концерті өтті

Түркі жұртының рухани да киелі астанасы — Түркістан төрінде Наурыз мерекесі қарсаңында түркітілдес халықтардың әні әуелеген тамаша кеш өткен болатын. «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты ашылуы мен Наурыз мерекесі аясында өткен мерекелік Гала-концертте Түркітілдес елдер мен Қазақстанның 160-тан астам өнер жұлдыздары өнер көрсетіп, әннен шашу шашты.

Халықаралық деңгейде өткен шараны Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілері «Наурыз» әнімен ашса, Қазақстан, Татарстан Республикаларының Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева «Қазақ вальсі» әнін орындап, ғажайып кештің жалғасын шетелдік өнер майталмандарының кезегіне берді.

                           324   456

Атап айтқанда, бұл күні Болгариядан келген «Турксадер Родоп Эсинтилери» ансамблі «Тракия» биін билесе, алтайлық ағайындар ұлттық әндерінен попурри орындады. Мажарстандық өнер ұжымдары да бұл кеште бар. Ондағы «Forras» ансамблі венгр халық әнін айтып, чуваштық күміскөмей әнші Вера Шуркина өз тілінде ән шырқады.

Жалпы, Гала-концерттегі мерекелік 20-дан астам нөмірде 10-нан астам шетелдік жұлдыздар — гректер мен солтүстік Кипр өнер ұжымдары, румындықтар, саха-якуттар, Молдаваның Гагауыз елі, қалмық ұлттары, Македониядан келген өнер ұжымы, моңғолдықтар, өзбекстандық әнші-бишілер Түркінің төрінде өткен думан тойда жырдан шашу шашып, бір жасап қалды.

                   42   6321

Қазақстандық мәдениет үздіктері қонақ болып келген өнер ұжымдарымен кезек алмаса өнер көрсетіп, Ә.Бейсеуовтің «Шақырады көктем», Б.Оралұлының «Домбырасын», Н.Тілендиевтің «Сарыжайлауын», Ө.Алтаевтың «Қазақстаным алға» әндерін орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, Гала-концерттің аяқталу сәтінде С.Бәйтерековтің «Түркістан» әні орындалып, әдемі кештің шырайын ашылды.

Гала-концерт жалғасы облыс әкімінің ықылас гүлдерімен ажарланып, шара соңы отшашумен әрленді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі