Нұр-Сұлтанда ауқымды көгалдандыру жұмыстары жалғасуда

Жаз маусымы басталғалы қала аумағында 6,5 мыңнан астам ағаш отырғызылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Соңғы жылдары қысы қатал әрі ұзақ, жазы болса тым қысқа климатты және флорасы да аз астанада түрлі ағаштар жерсініп, өсіп жатыр. Өсімдіктердің жерсінуі мен оларды бейімдеу жұмыстарымен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарайтын «Астана-Көгалдандыру құрылысы» ЖШС айналысады. «Көктемнің келуімен елордада дәстүрлі ағаш отырғызу басталып, бүгінгі таңда 6 546 көшет отырғызылды. Жұмыс қаланың барлық аудандарында жалғасуда. Жалпы, биыл біз 30 мың ағаш пен 6 миллион гүл отырғызуды жоспарлап отырмыз», – деп хабарлады «Астана-Көгалдандыру құрылысы» ЖШС. Биыл елорданың орман алқабы қарағай, сібір шыршасы, көк шырша, балқарағай, шегіршін, емен, жөке, арша, сирень, қайың, шаған және басқа да ағаштармен байытылды. Сонымен қатар жыл басынан Нұр-Сұлтанда 113 мыңнан аса шаршы метр гүлзарлар отырғызылды. Сондай-ақ қала айналасында жалпы аумағы 14 827 гектарға ұласқан «жасыл белдеу» бар. Жасыл белдеудің жапырақты тұқымдарының үлесі – 98,2%, қылқан жапырақты тұқымдардың үлесі – 1,8% құрайды. «Елорданың жасыл белдеуін» құрудың бастамашысы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев. Жасыл белдеудің арқасында ауа температурасы жылып, аязды күндер азайды. Қаланың түні де жыли бастады. «Астана-Көгалдандыру құрылысы» ЖШС жұмысшылары өздерінің қолымен отырғызылған әр ағашты білетіндерін айтады: «Бізге қаланы көркейту ұнайды. Әр еккен ағашты есімізде сақтаймыз және оның өсіп, қалада жайлы жағдай туғызғанын көру өте үлкен қуаныш».