Нұр-Cұлтанда COVID-19-дан науқастадың 76%-ы емделіп шықты

Әкімдікте Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Макеннің медицина ұйымдарының басшыларымен кеңесі өтті. Кездесу барысында коронавирус инфекциясы бойынша қазіргі ахуал талқыланды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты. Бүгінгі күні қалада 12 530 КВИ жағдайы тіркеліп, оның ішінде 9 629 адам (76%) емделіп шықты. Карантин шаралары мен амбулаториялық емдеуді күшейту нәтижесінде емханаларда эпидемиологиялық ахуал жақсарып, пневмониямен сырқаттанушылық төмендегені байқалады. Пневмониямен ауыратын науқастар саны бес есе азайды. «Сондай-ақ карантин кезінде, яғни 6 шілдеден бастап стационарларда емделіп жатқан науқастар саны 4,4 есе азайып, төсек-орын қорының жүктемесі 90%- ан 25%-ға дейін төмендеді. Коронавирус инфекциясы расталып ауруханаға жатқызылғандар саны 4,3 есе азайды. Жедел жәрдем шақыру саны 3 мыңнан мыңға дейін төмендегені байқалады», – делінген қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында. Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімінің орынбасары Бақтияр Макен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен медицина мекемелерінің басшыларына азаматтар тарапынан шағымдар тудырған науқастарға арналған электронды медициналық сервис – DamuMed қосымшасы мониторингін тұрақты негізде жүргізіп, сапалы жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. «Бұл мәселе DamuMed ақпараттық жүйесінің жетілмегені, сондай-ақ көрсетілген қызмет туралы дәрігерлердің жазбасын кеш енгізумен байланысты. Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы осы бағдарламаның әкімшілігімен бірлесіп әрбір нақты жағдайға талдау жүргізеді. Сонымен қатар қазіргі уақытта қаржылық пайда алу мақсатындағы жалған жазбалардың нақты фактілері тіркелген жоқ», — деп хабарлады қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.