Несібені адам емес Алла береді!

Өткен заманда бір пақыр жігіт бар еді. Ол анасын, əйелін және балаларын бағу үшін бір байдың қол астында жалшы болып жұмыс атқаратын. Жұмысын үнемі тиянақты, адал істейтін жігіт күндердің бір күні жұмысына келмей қалады.
Сонда қожайыны:
— Ол жұмысқа келмей қоймасы үшін айлық ақысын бір динарға арттыруым керек. Оның жұмысқа келмей қоюының себебі осы екеніне сенімдімін. Өйткені оған мұқтаж екенімді ол біледі, — деп ойлайды.
Сөйтті де, ертеңіне пақыр жігіт жұмысқа келгенде қожайыны оған айлығын бір динарға асырып берді. Жігіт ешнәрсе деместен ақшаны алды да, байдың неге бір динар артық ақша бергенінің себебін де сұрамастан кетіп қалды.
Осылайша бірталай уақыт өткен соң ол тағы да жұмысқа келмей қалды. Қожайыны бұл жолы ызаланып:
— Осы жолы оның ақысын бір динарға кемітемін, — деді өзіне-өзі. Айтқанындай-ақ кемітті. Жалшы жігіт бұл жолы да ешнәрсе демеді, себебін де сұрамастан ақшасын алды да, ләм деместен кетіп қалды.
Қожайыны жұмысшысының бұл үнсіздігінен соң шыдамы таусылып, жалшысын шақырып алып, одан екі жолы да үндемеуінің себебін сұрады:
— Айлық ақыңды көтердім, себебін сұрамадың. Кемітіп бердім, тағы да үндемедің. Мұның себебі неде?
Сонда жалшы:
— Бірінші жолы жұмысқа келмеген себебім, Алла маған бір шақалақ нәсіп еткен болатын. Сол кезде айлығымды бір динарға өсіріп, мені сыйлаған едіңіз. Өз ойымда: «Бұл менің шақалағымның ризығы» дедім. Екінші рет келмегенімде анам өмірден өтіп еді, айлығымды азайтқаныңызда, «Бұл анамның ризығы, анам кетті, ризығы да өзімен кетті- деп ойладым», — деген екен.
Түйін: Əрбір пенденің ризық-несібесі өзімен келіп, өзімен бірге кетеді. Пендесінің бергені ешнәрсе емес. Алла берерінен таймасын! Барға қанағат, жоққа сабыр сақтап, шүкірлікте өмір сүрсек, Алла Тағала бізден разы болады екен.
Беруші де Алла, алушы да бір Алла!