«Не ексең, соны орасың»

(Елжас Ертайұлының «Баланы жазасыз тәрбиеле» атты кітабы жайлы толғам)7

Бұл кітаптың ішіне үңілмес бұрын мұқабадағы атауына тоқталсақ, атаудан «Баланы жазасыз тәрбиеле» деген бұйрық, ескерту мәндес үнді байқаймыз. Тақырыбымен ата-ана назарына бірден ілінетін кітаптың іші де назар салып, ой қорытарлық екендігіне көз жеткіземіз. Елжас Ертайұлының аталмыш кітабы – баланы жазамен тәрбиелеуге әдеттенген ата-ана үшін таптырмас тәрбие мектебі.

Автордың бұл еңбегі үш тараудан және тарау ішінде бірнеше бөлімдерден тұрады. Кітаптың І тарауы – «Жазалау тәрбие әдісі бола ала ма?» деп аталады. Елжас бұл тарауды: «Қартайғанда қақаған аяздың ызғарында тоңғың келмесе, бүгін балаңа суық жел үрлеме. Не ексең, соны орасың»,-деп бастаған. Автордың бастамасынан-ақ кітаптың бала тәрбиесіне қатысты тұщымды ойларға толы екендігін аңғарамыз.

Бала тәрбиесін біраз жылдан бері зерттеп жүрген Елжас Ертайұлы зерттеу барысында балалардың ата-ана қателігін өсе келе сезінетіндігін байқаған. Демек баланың өскен ортасы оған міндетті түрде әсер ететіні айтпаса да түсінікті. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» бала үшін әке-шешенің әрбір іс-әрекеті маңызды емес пе?! Және бұл маңыздылықты қоғамға жеткізу – кітап авторының түпкі мақсаты.

Елжас Ертайұлының еңбегіндегі «Бала кезінде бала бойына қорқақтықты, жасықтықты, өзіне деген сенімсіздікті сіңірген болсақ, ол өмір бойы өзін таба алмай, ерлік жасауға дауалай алмай өтеді. Ал керісінше, жақсы қасиеттерді сіңірсек, ол қасиеттері оны шыңға сүйреп шығарар көмекшілеріне айналмақ» деген сөздері өте орынды айтылған. Бүгінгі таңда ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі өзекті мәселелер қатарында тұр. Бәлкім, ата-аналардың күнкөріс қамытымен мұрнына су жетпей қарбаласып жүруі де дұрыс тәрбие мәселесіне кедергілердің бірі болар. Себебі баласының «жұрттың баласындай тамағы тоқ, көйлегі көк» жүруі үшін жұмысқа ерте кетіп, кеш келетін ата-ана сәбиіне дұрыс көңіл бөле алмай жатады. Баласына аналық сезім мен әкелік мейірімді уақытылы бере алмай, соның салдарынан уақыт өте келе бармақ тістеп қалады.

Автор: «Баласының денсаулығы мен физиологиялық дамуын уайымдап «баламның мектепке ұстайтын сөмкесі ауыр, неге ауыр жүк көтеруге міндеттейсіңдер?» деп шу шығаратын ата-аналарымыз баласының рухани дамуына кедергі болып табылатын «қадірсіз сезіну» жүгінің зардабын неге уайымдамайды екен?», – деп бүлдіршіндеріміздің сезімтал қажеттігін уақытында және жеткілікті қамтамасыз етуіміздің маңызын түсіндіреді.

Айта кететін жайт, Е.Ертайұлы аталмыш кітабында ата-анаға пайдасы мол «қосымша ақпараттарды» инновациялық QR код әдісімен ұсынған. QR кодтарды қолдарыңыздағы смартфонның көмегі арқылы оқуға болады. Бұл әдіс – ата-аналарға инновациялық технологияларды пайдалана отырып, бала тәрбиесіне байланысты қажетті ақпараттармен бөлісетін құрал.

Енді қайта кітап мазмұнына келсек, автор баяндағандай, баланы жақсы көру сезімі – бізге еңбектеніп, тырысуымыз арқылы келмейді, ол тікелей Құдай тарапынан «тегін» берілетін дүние. Сол «тегін» дүниенің уақытын өткізіп алмауымыз қажет.

Бұл кітапты оқып отырып мен де біздің елден бөлек, өзге әлем елдеріндегі бала тәрбиесіне қатысты ақпараттарға шолу жасадым. Және соларды кітапта жазылған баланы жазасыз тәрбиелеу жүйесімен салыстырдым. Мәселен:

АҚШ-та ата-аналар балаларының талап-тілегін бірінші орынға қояды. Жылдам орындауға тырысады. Ал бұзықтық жасаған балаларын екі түрлі тәсіл арқылы жазалайды. Біріншісі – ойыншықтарын алып қойып, теледидар көруден шектеу; екіншісі – орындыққа отырып өзінің қате жасаған іс-әрекеті жайында ойлану. Отбасында баланы ұру қатаң түрде заңмен қудаланады. Яғни олар балаға қол көтеруден аулақ. Швед отбасылары да балаға сәби кезінен жеке тұлға ретінде қарап, еркін тәрбиелеуге тырысады. Балаларын ұрып-соғуға тыйым салынған. Тіпті оны қылмыс ретінде санайды. Сондықтан, әрбір шведтік бала әке-шешесі өзіне қол жұмсаса, полицияға хабарлауға құқылы. Мұндай кезде ата-аналарға әкімшілік тарапынан жаза қолданылады. Ал бізде ше? Қазақи тәрбиеде баланы ұру кездесетінін жоққа шығара алмаймыз. Мұны Елжас Ертайұлының еңбегінде жазылған сауалнама нәтижесі растап отыр. Онда: «Қазақстанда өткізілген «Тәрбиелік мақсатта баланы ұруға бола ма?» деген сауалнама нәтижесін естіген кезде жағамды ұстадым. Расында да, жаға ұстатарлық нәтиже шығыпты. Себебі сауалнамаға қатысқандардың 75%-ы «иә» деп, яғни «тәрбиелік мақсатта баланы ұруға болады» деп жауап берген екен. 75% дегеніміз – төрт адамның үшеуі баланы ұруды, жазалауды қолдайды деген сөз. Бұл не деген сұмдық?! Балаларымыздың бүгіні мен болашағын ойлап шошып кеттім», – деп автор таңданысын білдірген. Баланы ұру, соғу – адамгершілікке жат. Ол – ата-ананың әлсіздігі немесе білімсіздігі. Әркез таяқ тиіп өскен бала жақсы мінезден, тіпті ақыл-есінен айырылуы мүмкін. Сол жағын да ескерген жөн.

– Еврей отбасында бала тәрбиесі қатаң бақылауда болады. Тәрбие беруде өзіндік ұстанымдары бар. Мәселен, баланың көзінше ақша туралы сөйлеуге де болмайды. Себебі бала танымында маңызды дүние ақша қалыптасып, адамдық қасиеттерден алшақтай түседі деп топшылайды. Елжас Ертайұлының «Баланы жазасыз тәрбиеле» кітабында жазылғандай, сыйлық арқылы баламызды сатып алуға тырысатын кездер де болады. Мысалы, балабақшадан баламызды алып жатып, «егер үйге дейін жыламай барсаң, мен саған кәмпит беремін» деу арқылы оны сатып алуға тырысамыз. Мектеп жасындағы балаларға «осы тоқсан сабағыңды беске оқысаң, саған планшет алып беремін» деп айтуымыз да сыйлық беруді жағымсыз жолда қолдануға әрі ақшаға құмарлықты бойға сіңіруге себепкер болады. Осыдан-ақ бала бойында ақшаға, бағалы сыйлыққа деген әуестік қалыптасады.

Еврей отбасында жұбайлар бір-біріне ерекше құрметпен қарайды. Ата-ана арасында сыйлы қатынас болса, бала өзін батыл сезінеді екен. Осы тұрғыда да автордың ««Жазалау» тәрбие тетігі ме?» бөлімін бастамас бұрын мына бір цитатаға жүгінгенін аңғарамыз. Онда: «Жұбайлар арасындағы қарым-қатынас түзелмей, бала тәрбиесі түзелмейді», – деген ой айтылған. Яғни бұл пікір еврейлердің отбасы сыйластығымен тұспа-тұс келіп отыр. Еврейлік жанұядағы тәрбиеден үлгі алар дүние: олар баланы үнемі мақтап жүреді. Бұл оның туыла салғанынан басталады. Тіпті, оның ең бірінші салған түкке тұрғысыз суреті үшін де мақтап отырады. Кез келген жетістігін барлық туыстарына, достарына хабарлайды. Қайтіп бізге оралсақ, баланы салған суретіне бола мақтайтын ата-ана бізде сирек кездесетіні рас.

Елжас Ертайұлы: «Баламды тәрбиелеп жүрмін» деген оймен оған зиянын тигізіп, болашағына балта шауып жүрген ата-аналарды көргенде жүрегім ауырады, балаға да, ата-анасына да жаным ашиды», – деп жазғаны бекер емес. Шынымен де «әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген мақал тектен-тек айтылмаса керек-ті. Себебі бала құлақпен тәрбиеленбейді, көзбен тәрбиеленеді. Бала естігенін емес, көргенін істейді.

Кітаптың «Баланы жазалаушы ата-аналардың ақталулары» атты тарауында Антон Макаренконың «Балаға берілген дұрыс тәрбие – бұл бақытты кәрілік» деген сөздері мысалға келтірілген. Автор бұл жерде «Ертең балаларыңыз балалық шағын еске алған кезде естеліктерінен ойып орын алғыңыз келсе, бүгін олармен сапалы уақыт өткізіп, өзіңізге тойдырыңыз» деген ойды жеткізбек. Ата-ана бала өсіруде қателік жіберсе, қартайғанда опық жейтіні бүгінгі күннің ащы шындығы.

Қаламгер өз еңбегінде қозғағандай, отбасы ішіндегі проблемалар да бала тәрбиесіне қатты әсер етеді. Оны жоққа шығара алмаймыз. Және Елжас бауырым атап өткендей, проблемаларыңызды шешу үшін рухы тап-таза, нәп-нәзік балаларды қолданбау керек. Себебі үй ішіндегі проблема – үлкендердің өзара мәселесі, оның балаларға қатысы жоқ. Баланың дүниеге келуіне ата-ана себепкер болса да, негізінде, бала Қазақстан Республикасының азаматы екенін және оның құқықтарының заңмен қорғалатынын естен шығармаған жөн.

Аталмыш еңбектің «Баланы ұру жағымсыз нәрсе болса, Пайғамбарымыз «намаз оқымаған баланы ұрыңдар» деп айтпас еді ғой» деген бөлімінде автор бұл мәселеге сараптама жасайды: «Бұл хадистің «Жеті жасына келгенде балаға намаз оқуды үйретіңдер, егер 10 жасында намаз оқымаса, ұрыңдар» делінген. Көп адамдар осы хадиске сүйеніп, бала тәрбиесінде баланы ұруға болатындығын алға тартады. Енді осы хадисте «ұр» деп аударылған бұйрық райындағы «фадрибу» сөзінің түбірі «дараба» сөзіне тоқталайық. Иә, бұл сөзді тікелей «ұр» деп аударуға болса да, оның басқа да көптеген мағыналары бар екенін естен шығармағанымыз жөн. Бұл сөз «міндеттеу» деген мағынада да қолданылады. Сол себепті бұл хадисті «Жеті жасына келгенде балаға намаз оқуды үйретіңдер, егер он жасында намаз оқымаса, оны міндеттеңдер» деп түсіну керек деп есептеймін». Бұл жерде Елжас «Пайғамбарымыздың өмірінен баланы ұру былай тұрсын, балаға қабағын шытқанын таба алмайсыз» деген қорытынды шығарған.

Қазақта «Балаңды бес жасына дейін патшаңдай күт» деген сөз бар. Енді сол патшаны көз алдыңызға елестетіп көріңізші, Патша үшін «болмайды», «тиіспе», «ұстама» секілді шектеулер бола ма? Дәл сол секілді бала да осы жас кезінде патша секілді еркін өсіп, өзінің сезімдерін сыртқа шығаруды үйренсе, өскен кезде жетістікке жету ықтималдығы жоғары екен. Қазақтар сан ғасырлар бұрын айтып кеткен осы бір қағидаға қазіргі ғалымдар енді ғана көз жеткізіп, оны жаңалық деп әлемге жариялауда.

Автор бұл арада «баланы өз бетімен жіберу керек» деген ойды көрсетпейді, тек балаға жаза қолданудың дұрыс еместігін меңзейді. Шектеу міндетін отбасында ана емес, әке атқаруы тиістігін баса айтады. Автор тарапынан «Ана жаратылысына сай жұмсақ, ал әкелер тұрақты болуы керек» деген пікір өте орынды қолданылған. Бірақ әке тәрбиесі де шектен тыс қаталдық пен қатаңдықтан аулақ болуы қажет. Кейбір әкелер жазалау әдісі арқылы өз баласының өмірін зор қыламын деп, қор қылып жататындығы өтірік емес. Бұл жайында Елжас Ертайұлы кітабының «Гитлердің балалық шағы және жаза» атты бөлімінде көңілге қонымды ойлар айтқан. Мәселен, әлемдік тарихта қанішерлік саясатымен аты қалған Гитлердің балалық шағы әке тарапынан көрсетілген қысым мен жазаның салдарынан ойран болды. «Бақытты балалықтың» дәмін сезіне алмады.

Елжас: «Ешбір бала дүниеге қатыгез болып немесе жауыз болып келмейді. Дәл сол секілді Адольф те дүние есігін қатыгез болып ашпағаны белгілі. Бала күнінен таяқтан көз ашпаған Адольф Гитлер адамдарға қан құстырған қатыгез адамға айналды. Осылайша тарихта атын жағымсыз түрде қалдырған Гитлер әкесінен таяқ жеу арқылы осы жағдайға жеткен еді. Әкесі Алойс баланы жазалау әдісі арқылы тәрбиелеуге болатындығына сондай қатты сенгендіктен, баласының әрбір әрекетін жаза арқылы түзетіп отыруға тырысқан. Гитлердің ата-анасы балаға қол көтеру арқылы оны баласының «жақсылығы» үшін жасап жатқандығына имандай сенген болатын.

Гитлердің өмірбаянын жазған Джон Толандтың айтуы бойынша, Гитлер бір күні әкесінен өш алуды ойлайды. Не істеді деп ойлайсыз? Гитлер әкесі ұрған кезде жыламау арқылы одан өш алуды жоспарлайды. Арқасына тиген таяқты санау арқылы соққыны сезінбеуге тырысқан. Ал баласының бұл әрекетіне әкесі одан сайын ашуланып, оны сабаған үстіне сабай түскен. Міне, осындай «тәрбиенің» кесірінен Адольф адамдардың көз жасынан қорықпайтын «өлім машинасына» айналды», – деп жазады. Әке тәрбиесі бала өмірінде маңызды рөл атқаратынына осыдан-ақ көз жеткізуге болады. Балалық шағында көп жазаланған баланың ашуы ішінде жинала береді.

Елжас өз шығармасында қозғаған тағы бір мәселе, «балаңызға «өтірік айтпа» демеңіз, «тура сөйле» деңіз. Біріншісінде айыптаған, ал екіншісінде жол көрсеткен боласыз» деген тұжырым. Автор: «Егер балаңыз өсе келе кәсіби өтірікші болсын демесеңіз, онда жазалау әдісінен бас тартып, баламен байланыс орнатудың және оған әсер ете алудың жағымды әдіс-тәсілдерін үйреніңіз», – деп атап өтеді.

Елжас Ертайұлы «Баланы жазасыз тәрбиеле» атты кітабы арқылы ата-ана қолындағы «жаза» атты қаруды қолдарынан алғандай болды. Жағымсыз қаруды тастап, жағымды қаруға көшу керек.

Күш арқылы, қысым арқылы тәрбиеленген баланың болашағы бұлыңғыр болмасына кім кепіл? Тіпті өз балаңыздың рухани мешел болып қалуына да себепкер болуыңыз мүмкін. Сондықтан осы кесапаттардың алдын алу үшін барлығыңызды Елжас Ертайұлының аталмыш кітабын оқуға, әр ісімізді ойланып жасауға шақырамын!

  

Саят Қамшыгер, ақын, аудармашы,

республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

«Серпер» сыйлығының лауреаты.