Нәтижелі жұмыспен қамту — ауыл ажарын аша түскен Түркістан облысындағы экспедиция осыған көз жеткізді

«Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі,
«Qazaqstan Zamany» газеті мен «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты бірлескен
«Қазақстан — 2050: «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар көзі» экспедициясы Түркістан облысында

 

Қанша жерден биік, алып болса да тамырынан ажыраған Бәйтерек қурайды, өмір сүруін тоқтатады. Қаны қазақ үшін бүгінде тіршілік көзінің күре тамыры қала болғанымен, тамыры — ауыл. Сол себепті тәуелсіз мемлекетімізді ауылсыз елестету мүмкін емес. Рас, қазір қай ауылға барсаңыз да көркі кіріп, елдің әлеуметтік ахуалының жақсарып қалғанын байқауға болады. Дегенмен, ауылды онан сайын көркейтіп, ондағы тұрғындар санын көбейту мақсатында атқарылар шаруа аз емес. Соның ең негізгілерінің бірі және бірегейі — жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, кәсіпке баулу. Міне, «Qazaqstan Zamany» газетінің жыл сайын ұйымдастырылатын «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» атты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Нұр Отан» партиясымен бірлескен экспедициясының биылғы Түркістан облысындағы басты тақырыбы осы болды. Яғни Үкіметпен бекітілген «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының орындалу барысына көз жеткізу еді. Өйткені ауыл азаматтары өзін өзі нәтижелі жұмыспен қамтитын болса, жеке кәсібін ашып, дамытар болса, мұны берекенің бастауы деуге болады.

 

Отырарда оңды істер көп

«Қазақстан Zaman» ЖШС бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы бастаған, Түркістан облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бас маманы Жанұзақ Әлжанов және осы мақаланың авторы, газеттің Түркістан облысы бойынша меншікті тілшісі қатысқан қоштауымен болған экспедиция сапарын алғаш Отырар ауданынан бастады. Бабтардың бабы — Арыстан баб мәңгілік мекен тапқан, әлемдегі екінші ұстаз саналатын әл-Фарабидің кіндік қаны тамған, қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтай қайталанбас тұлғалар дүниеге келген өңірде қазір өсіп-өркендеу тенденциясы анық байқалады. Аудан орталығы — Шәуілдір ауыл болғанымен, көркі ешқандай да қаладан кем емес. Көшелері көрікті, кең, жолдары тегіс. Кешкі Шәуілдір самаладай жарқырап тұрады.
Осы Шәуілдір ауылының орталық көшесінің бойында кішкене ғана екі қабатты ғимарат бар. Өзі шағын болғанымен, мұнда жақсы бастама қолға алынған. Жеке кәсіпкер Ержан Көлтаев «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында төмен пайызбен несие алып, жеке шаруасын дөңгелетуде.


— Анам тігінші болғандықтан менің де бұл кәсіпке деген қызығушылығым артып, үйреніп алғанмын. Сөйтіп, 2013 жылдан бастап тігіншілікпен айналыстық. Үйдегі ескі тігін машинасымен құрақ көрпе тігуден бастағанбыз. Кейін ауыл ішіндегі апа-әжелер түрлі тапсырыстар бере бастады. Жұмыс ауқымы ұлғайған соң былтырғы жылы нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 7 миллион теңге несие алып, ол қаражатқа тігін машиналарын сатып алдық. Шеберлігімді шыңдау үшін мемлекеттік бағдарлама аясында, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің жолдамасымен 6 айлық курста оқыдым. Қазір тапсырыс жақсы түсіп жатыр. 4-5 адам тұрақты жұмыс істесе, ірі тапсырыстар түскен уақытта бізбен келісім-шартқа отырған тағы 12 адам көмекке келеді. Олар жұмысты үйлерінде отырып атқара береді. Шүкір, алған несиемізді 900 мың теңгеден екі мәрте құйып қойдық, — дейді жеке кәсіпкер.


Жұмыс ауқымын кеңейту үшін жуырда перде алып келіпті. Ал киімдерге ою түсіретін тігін машинасының құны 2 200 мың теңге екен. Алған несиені қайтарғасын осындай құрылғыны алу жоспарлары бар. Кәсіпкердің айтуынша, Қытай мен Қырғыз елінде тігілген киімдерге баға жағынан бәсекелесу қиын болғанымен, сапасы жоғары екеніне кепілдік бере алады. Бұған тұрақты клиенттер де көз жеткізе бастаған. Дегенмен, бағасы да қолжетімді сияқты. Мәселен, мұғалімдерге арналған юбка-жейде 5 мың теңге тұрады.
Шәуілдірлік Дилбара Сақбаева өткен жылы халықты жұмыспен қамту орталығының көмегімен «Өрлеу» бағдарламасы аясында 400 мың теңге көлемінде ақшалай шартты көмек алып, сұлулық салонына қажетті құрал-жабдықтар сатып алыпты. Өз мамандығы экономист болғанымен, онысы әжетке жарамай, қолынан келетін кәсібін әрі қарай дамыту үшін арнайы үш айлық курс оқып алыпты. Істің көзін таба білудің арқасында күннен күнге клиенттері көбейіп, соның арқасында қазір 5 қыз бен екі жігіт тұрақты жұмыспен қамтылған. Табыс күнделікті түсіп тұрады. Ал айына шамамен 60-80 мың теңгенің төңірегінде. «Алдағы мақсатым — кәсібімді кеңейту. Тағы да несие алып, салонды үлкейтсек деген жоспарым бар. Бізге осындай мүмкіндік жасап отырған мемлекетке, жергілікті атқарушы билікке айтар алғысым зор», — дейді Дилбара.
Иә, бүгінде қолынан кәсіп келетін, істің көзін таба білетін азаматтар үшін табысқа кенелудің мүмкіндіктері мол. Мәселен, отырарлық Қанат Айтқұлов бала күнінен мал бағудың қыр-сырын үйренудің арқасында бүгінде осы шаруаны кәсіпке ұластырып отыр. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының арқасында 4 600 мың теңге несие алып, ол ақшаға 12 бас жылқы сатып алыпты. Жанына туған інісін көмекші етіп алған. «Әзірге бордақыланған малды сатып, несиені уақытынан бұрын жаба алсам, тағы да несие алып, қымыз өндірісін дамыту ойымда бар. Жеке меншігімде 25 соттық жерім бар. Осыған қора салсам, көп мәселе шешілер еді», — дейді Қанат Досмаханұлы.


Кіші кәсіпкер малға қажетті жем-шөпті сатып алады екен. Шөптің бір бумасының бағасы — 500 теңге. Одан бөлек бидай, жүгерісін де дайындап қойыпты. Ең бастысы ауылда мал ұрлығы жоқ екен. Енді тек ерінбей қарау керек. Осы тұста айта кеткен жөн, осындай жолмен отбасында мал асырайтындар үшін жеке меншігіне 5-10 гектар шамасында суармалы жер керек екен. Сонда жемшөбі өзінен шығады. Сондай-ақ несие де қомақтырақ берілсе деген ұсыныс-пікірлері бар.
Осы тұста әңгімеге араласқан Отырар аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Мұхит Амангелді несие көлемі кепілге қойылатын мүлікке байланысты екенін түсіндірді. Тағы бір кедергі болатын жайт — ауылдық жердегі үйлердің көпшілігі саманнан тұрғызылған. Ал мұндай үйлер кепілге жарамайды. Ал, жер алу жағы бағдарламада қаралмаған. Бір қуаныштысы, жоғарыда аталған бағдарламалар аясында несие алған азаматтар қаражатты өз мақсатында жұмсап, несиені де уақтылы қайтарады екен.
Жекенің қорасында мал ұстаудың бір қауіптісі — жұқпалы аурулар. Бұл мәселе төңірегінде облыстық ауылшаруашылық басқармасының бас маманы Жанұзақ Әлжанов былай дейді: Өкіметтен биылғы жылға 2 миллиард 230 миллион қаражат бөлініп, оған малдың 14-15 ауру түріне қарсы вакцинация жасалды. Енді маңқа, сақау деген секілді ауруларға қарсы егілетін вакцинаға қаржы сұраудамыз. Кенеге қарсы күзгі, көктемгі іс-шаралар өткізілді. Ал, іш аурулары және басқа да аса қауіпті емес ауруларды мал егесінің өзі емдейді. Ол үшін, әрине, мал дәрігерлері көмектеседі. Дәрі бағалары да аса қымбат емес.


Тағы бір отырарлық жеке кәсіпкер Бақыт Ерденнің шаруашылығы жылдан жылға көркейіп келеді екен. 2003 жылы «Ұлан Отырар» ЖШС-ын ашқан оның шаруашылығында 160 гектер суармалы, құрамындағы «Тілеген» атты шаруа қожалығында тағы 70 гектар жер бар. «Биыл соның барлығын игердік. 60 гектарға жүгері егіп, бұйыртса 10 мың тоннадан жоғары өнім аламын деген жоспарым бар. Оны бидаймен араластырып, малға жем ретінде дайындап сатамыз. 1993 жылдан бері силос көмуді үзбей жалғастырып келеміз. Жуырда жаңа бизнес-жобаны қолға алып, 4,2 гектар жерге асыл тұқымды ешкі шаруашылығын ашпақпын. Мұндай шаруашылық біздің өңірде Ордабасы ауданында бар екен. Онымен танысып қайттым. Голландиядан әкелінген 500 бас ешкінің үшеуі ғана шығын болған. Оның да шығынын өтеп, жұмсаған ақшасын қайтарып беріпті. Әр басқа мемлекеттен 55 мың теңгеден судсидия алған. Бір қызығы Голландияның өзінде ол ешкілер біреуден, әрі кеткенде екеуден төлдесе, ордабасылық кәсіпкердің ешкілерінің 15-20 пайызға жуығы үшеуден туыпты. Демек олар үшін біздің климат жақсы әсер еткен», — дейді Бақыт Дүйсенбіұлы.


Қазір Б.Ерденнің серіктестігінде 180 ірі қара бар. Оның 140-ы аналық бас. Малдың тұқымын асылдандыру үшін Жақсылық Үшкемпіровтен асыл тұқымды өгіздер әкеліпті. «Агрофинанс» ААҚ арқылы бірқатар жаңа техникалар алған. Соның арқасында су шаруашылығымен, ауыл әкімдігімен келісіп, каналдарды тазалап, соның арқасында су тапшылығын ұмытқан жайы бар. Жуырда 400 тоннаға лайықталған жаңа қойма іске қосылған. Серіктестікте кемі 20 адам тұрақты жалақысы бар жұмыс істесе, одан бөлек науқандық жұмыстарға араласып, нәпақа тауып жүргендер қатары аз емес.


Нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының ойдағыдай орындалып жатқанын Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов та бізбен жүздесу барысында айрықша атап өтті. «Кеше өзі жұмыс іздеп жүген адамдар енді біреулерге жұмыс тауып беріп жатыр, — деді ол. Шыны керек, бүгінде сұраныс жоқ мамандықтарды оқып, жұмыс таппай жүргендер көп. Олар үшін бұл бағдарламаның тигізер көмегі зор. Мемлекет тарапынан тегін оқытылып, тағы бір кәсіп иесі атанады да өз кәсібін бастап жатыр.

Айталық, Шәуілдірде осы кезге дейін мал бордақылау кәсібі болмаған. Шүкір, қазір жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, оған 5-10 мал алып, бағып, семіртіп, сатып, түскен пайдасын тағы осы мақсатта айналдырып жатқандар жетерлік. Мемлекет тарапынан ұсынылып отырған бұл мүмкіндікті босқа жібермеу үшін мен өзім де жүрген жерімде жаңа бағдарламалар жайын жарнамалап жүремін. Бұрын несие алып, жұмыс бастаудан қорқатындар қазір тәуекелге барып, тіршілік істей бастады. Жеке бизнестің артықшылықтары көп. Бір жолға қойып алса, онысы ұрпақтан ұрпаққа өтіп, дамып, ірі кәсіпке айналады».

Кентау еңбек қазаны қайнап тұр

Облыс орталығы Түркістан қаласына ауысқаннан кейін онымен іргелес жатқан Кентау қаласында да тіршілік қазаны қайнай бастады. Түркістан ауданына қарасты барлық ауылдық әкімдіктер бүгінде Кентау қаласының құрамына өткізілген. Нәтижесінде кентаулық тұрғындар саны екі еседен де жоғарыға өсті. Жұмыс та, жауапкершілік те артты. Осы өзгерістерге байланысты Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев барлық ауылдық округтерді, ондағы елді мекендерді түгелдей аралап, жергілікті тұрғындармен бетпе-бет жүздесіп, қандай мәселелердің барын өз көзімен көріп, құлағымен есту қамымен күн сайын іссапарлап жүр екен. Сол қауырт шаруаның арасында уақыт тауып, экспедиция мүшелерімен жолыққан Әбдібақыт Тілләбайұлы Кентау қаласының болашағы жайлы қысқаша баяндап өтті. Сапарымызға сәттілік тіледі. Мемлекеттің көмегімен кәсібін ұлғайтып жатқан кәсіпорындардың бірі — Оранғай ауылындағы «Яссы құс» құс фабрикасы. Жалпы аумағы 15 гектарға орналасқан фабриканың кәсіпкерлік мақсатында пайдаланып жатқаны — 2 гектар. Құрылыс жұмыстарына жеке инвестор Арифжан Сыздықов өз қаражаты есебінен 190,5 миллион теңге құйған. Жұмыртқа өндіру мақсатында германиялық «Лонбраун» тұқымды тауықтың 22 мың басы жеткізілген. Олар жиі жұмыртқа беруімен, яғни жылына 320-330-ға дейін жұмыртқалаумен ерекшеленеді.
Биылғы жылы фабриканың 2-кезеңінің құрылысы толық аяқталып, іске қосылды. Соның арқасында тағы 30 мың дана Голландияның «Декабл» тұқымды шөжек өсірілуде.


— Қазір тауық саны 50 мыңға жетті. Оның 20 мыңы үш айлық тауықтар. Олар төрт айға ауысқанда жұмыртқа бере бастайды. Әзірге күніне 30 мың дана жұмыртқа аламыз. Ересек тауықтар үшін бір цех бар еді, екіншісін салдық. Мемлекет берген несиенің арқасында итальяндық құрылғылар сатып алдық. Ендігі мақсат — үшінші цех құрылысын бастау, — дейді тауық фабрикасының мал дәрігері Хайдар Мыңқабылов.
Тауық бағудың да өзіне тән ерекшелігі бар.

Аурудың алдын алу іс-шараларының кестесіне сәйкес балапанға 120 күнге дейін 14 түрлі факцинация жасалады. Санитарлық-гигиеналық нормалар да қатаң сақталуы тиіс. Ал күнделікті жұмыртқа алып отыру үшін оған берілетін жемнің сапасына айрықша мән беріледі. Ғимараттағы ауа температурасының қалыпты болуы да маңызды роль ойнайды. 15 түрлі витамин беріліп отырады. Осы секілді жұмыстармен 15 адам тұрақты түрде айналысады. Жалпы, тауық фабрикасының арқасында 35-ке жуық адам жұмыспен қамтылған.


Х.Мыңқабыловтың айтуынша, жұмытқа сатуда проблема жоқ екен. Жергілікті тұрғындар тарапынан бұл өнімге деген сұраныс күннен күнге артып келеді екен. Тіпті, ол балғын күйінде сатылып үлгереді. Дегенмен тұтынушылар жұмыртқаның бағасының жоғары екенін жиі айтатынға ұқсайды. Ал оның құнын төмендету үшін бірінші кезекте жем-шөп сатып алу мәселесін реттеу керек екен. Бұл тұрғыда мемлекеттен қолдау қажет. Субсидия жылына 20 миллион жұмыртқа өндірген жағдайда ғана беріледі.


Кентау қаласындағы іссапар барысында қала әкімінің орынбасары Самат Расул бірнеше нысандарға апарып, жеке кәсібін бастаған азаматтардың жұмыстарымен таныстырды.

Алғаш Саида Абдугаппарованың шаштаразына бас сұқтық. Әзірге ғимаратты жалға алып отырған жеке кәсіпкер «Өрлеу» бағдарламасының арқасында алған 400 мың теңгеге ғимараттың іші-сыртын жөндеп алыпты. Қазір екі адам тұрақты жұмыс істеуде. Ендігі жоспар — жеңілдетілген несие алып, кәсібін кеңейту екен. Жалпы, Кентаудағы осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайлы қалалық жұмыспен қамту орталығының атаулы әлеуметтік көмек бойынша ассистенті Раушан Нұрманбекованың айтуынша, биылға мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алыпты. Нәтижелі жұмыспен қамту бойынша 60-70 адам қысқа мерзімде оқытылған. Алдыңғы жылы «Өрлеу» бағдарламасына да 900-ден астам адам қатысқан.


Кентау қаласында әкім Әбдібақыт Мақұлбаевтың бастамасымен облыста алғашқылардың бірі болып «Кентау қалалық жастарға қызмет көрсету орталығы» ашылған. «Орталық 2016 жылы тәуелсіздіктің 25 жылдығында арнайы қала әкімдігінің тартуы болды, — дейді орталық басшысы Қанат Бекметов. Бұл жердегі негізгі көрсетілетін қызметтер — жастарға қатысты мемлекеттік бағдарламалар, яғни «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту» секілді бағдарламалар жайлы жастарға насихаттау, қызмет көрсету. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін шахмат үйірмесі, «Жайдарман», ағылшын клубы жұмыс істейді.

Кішігірім кітапханамыз бар. Жергілікті бюджет есебінен әмбебап спорт алаңын салдық. Бұл жерде жастар бір мезетте футбол, волейбол, баскетбол ойнауға болады. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында көше спортын дамыту алаңын іске қостық. Мұнда жаттығулар жасап, түрлі спорттық сайыстарды өткізуге болады. Келесі жылы — жастар жылы, соны іске асыруға жан-жақты дайындалып жатырмыз».


Ашылғанына енді екі жылдың жүзі болған орталықтың жеткен алғашқы жетістіктіктері де жоқ емес. Облыс бойынша 2015 және 2017 жылдары ең үздік орталық атанған. Кәсіпкерлік клубының арқасында былтыр дүниежүзілік банктың «Жас прожект» атты бағдарламасына қатысқан 18 жоба бірінші орын алып, 18 миллион теңге ұтысқа ие болған. Енді осы жеңімпаздарды кәсіпкерлікке баулу мақсатында несиелендіру жұмыстары жүргізілуде. Кентау қаласында кешегі күнге дейін 21 мың жас тіреуде болса, Түркістан ауданынан қосылған елді мекендер есебінен олардың қатары 47 мыңға жетті. Оның 18 мыңы қала, қалғаны ауыл жастары.

 

Созақта кіші кәсіпкерлер көбейіп келеді

Биыл 90 жылдық торқалы тойын атап өткен сырлы Созақ ауданында да жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуда аз тірлік атқарылып жатқан жоқ. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Ақәділ Сатыбалды, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ролан Әлжанов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ернар Сағындық, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Мереке Көпеева, осы орталықтың маманы Ақмарал Төлепбергеновалар айтып берді.

«Биыл алғашқы 10 айда кешенді жоспарды іске асыру аясында 2552 адамды қамту жоспарланса, нақты 2263 адам қамтылып, жоспар 88,7 пайызға орындалды. Бағдарламаның бірінші бағыты, яғни кәсіби білім беру және кәсіптік оқыту бойынша еңбек нарығында сұранысқа ие 145 жұмысшы кадрды қысқа мерзімді оқыту жоспарланған. Осыған сәйкес, 28-мамырда 92, 27 маусымда 53 азаматқа өз таңдаулары бойынша білім беру ұйымдарына жолдама берілді. Оқуды аяқтаған 129 азаматтың 85-і тұрақты жұмыспен қамтылды.

Бағдарламаның екінші бағыты — жаппай кәсіпкерлікті дамыту шеңберінде жеке ісін ұйымдастыру және кеңейтуге 34 адам 204 миллион теңгеге шағын несиемен қамту жоспарланып, 1-қарашаға дейін 144,2 миллион теңге несие берілді. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 275 адам оқыту жоспарланып, 110 адам «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы жолданды. Оқуды аяқтаған 109 азамат арнайы сертификатпен қамтылды.

Бағдарламаның үшінші бағыты — жұмыспен қамту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде 796 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланса, 1-тамызға дейін ол көрсеткіш 819-ға жетіп, жоспар 102,9 пайызға орынлады. Оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 179 адам жолдау жоспарланып, 1-қарашаға дейін 172 адам жолданды. 1158 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, жылдық жоспар 86 пайызға орындалды. Кешенді жоспарды орындау мақсатында қоғамдық жұмысқа 400 адам тарту керек болса, қамтылғандар саны 406-ға жетті. Әлеуметтік жұмыс орынан 37 жұмыс берушілермен келісім шарт түзіліп, нақты 120 нысаналы топтағы азаматтар жолданды. Жастар практикасына 47 жұмыс берушілермен келісім болып, нақты 169 адам жіберілді», — дейді орталық басшысы М.Көпеева.


Шолаққорғандық Әліайдар Әбдірайов мал бордақылау ісімен айналысады. 2012 жылы «Нұрдос» атты кооператив құрып, 2 тонналық мал бордақылау алаңын салған. 30-40 жылқы, 20-30 бас ірі қара, 100 шақты ұсақ малы бар. «Мемлекеттен жеңілдікпен 6 миллион 800 мың теңге несие алып, біраз мал басын құрадық, — дейді кооператив төрағасы Әліайдар Әбдірайымов. Қарызымыздың жартысын қайтарып қойдық. Уақтылы қайтаратын болсақ, тағы да несие алып, кәсібіміздің ауқымын кеңейту ойда бар».

Жеке кәсіпкер Нұрлан Оспанов та бұйырған 4 миллион теңге несиеге 12 бас жылқы алып, бордақылаумен айналысып жатыр екен. Несие алуда ешқандай қиындық болмағанын айтады. «Малды өзім бордақылағандықтан, еті де дәмді, Алматыдан алып кетіп жатқандар бар. Несиені уақтылы қайтаруға мүмкіндік бар. Бордақыланған бір мал 300-400 мың теңге қаражат түсіреді», — дейді кәсіпкер.
Иә, әр ауылға барсаңыз да осы секілді мемлекеттік бағдарламалардың арқасында өзін өзі жұмыспен қамтып, тіпті, өзгелерге де нәпақа тауып беріп отырған кіші кәсіпкерлер бар. Бұл «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының ауылдарда сәтті іске асып жатқандығының дәлелі болса керек-ті. Жақсы іс жалғасын тапсын деген тілектеміз.

Дайындаған — Шадияр Молдабек