Нұр-Сұлтанда ресми такси көліктері күн сайын зарарсыздандырылуда

Автомобильдердің салондары ғана емес, жолаушы да, жүргізуші де ұстауы мүмкін жерлердің барлығы санитарлық тазалаудан өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

 

 

«Төтенше жағдайға байланысты қазіргі таңда қалада карантин жарияланды. Біз бұны құптаймыз. Парктердің барлығы автомобильдерді күн сайын дезинфекциялаудан өткізу, жүргізушілердің антисептикалық құралдарды қолдануы, салондағы тұтқаларды, жолаушыларға арналған орындарды сүртуі қажеттігі жайында ескертілді. Сондай-ақ, жүргізушілердің маска тағып жүруі керектігі айтылды», – деп түсіндірді Нұр-Сұлтан қаласы Көлік тасымалы қауымдастығының атқарушы директоры Сәкен Ханхожин.

Оның айтуынша, елордадағы ресми таксидің сұранысына қарамастан жүру құны өзгермеген. Автомобильдер тәулік бойы қызмет көрсетеді.

Нұр-Сұлтан қаласы Көлік тасымалы қауымдастығының жанында 13 ресми таксопарк бар. Таксопарктердегі көліктердің жалпы саны 600-дің шамасында.