МОРАТОРИЙ ЖАРИЯЛАУ: ЖЕРДІ ҚОРҒАУ МА, ӘЛДЕ, ЕЛДІ АЛДАУ МА?

Жер сатылмайды! Ауыл шаруашылық жерін жекеге беруге тағы 5 жылға мораторий енгізілетін болды. Бұған қуанып жатқандар да, көңіл күйлері түсіп қуарып жатқандар да, сарыуайымға түсіп, сарылып жатқандар да жетерлік.

Қожанасырдың қулығы және 3 топтың сарыуайымы

Қуанып жатқандардың уәжі мынаған саяды: «Баяғыда хан Қожанасырды шақырып алып:
–Саған мың ділда берем, мына есекке он жылда тіл үйрет, – депті.
– Айтқаныңызға құлдық, – деп Қожа бір қап ділданы арқалап, есекті жетектеп келе жатса, кемпірі алдынан шығып:
– Ей, алжыған! Қай заманнан көрдің есектің тіл үйренгенін, – депті. Сонда Қожанасыр:
– Саспа, кемпір! Он жылда не есек өлер, не мен өлем, не хан өліп бір жөні болар, – депті жарықтық». Қуанғандар осы ұстанымда.
Ал қуарып, көңіл күйлері түсіп жатқандардың айтар уәжі: «Мораторий – бос сөз, билік белгілі қитұрқы әдістерімен латифундистерді қолдап, астыртын сатып, саудаға жол береді!… Жер комиссиясы жер мәселесін қарауды тоқтатқаны дұрыс болмады. Бұл өте қате шешім. Себебі, біз тағы бес жыл күтіп, содан тағы уақыты келген кезде, сатылсын, сатылмасын деп дауласып жүргенде, жер сатқысы келген жер иелері жерін асықпай сатып болады. Көптен бергі құрғақ даудан біз соны көріп отырмыз. Ал біз комиссияға сеніп жүрміз» деп отыр.
Үшінші топ: «Билік бұл ісімен халықты сарыуайымға салып қойды. Комиссияны екі рет құрып, түк шығармады. Бұл мәселені халық шешсін. Референдум өткізсін. Қатысатындар тек қазақтар ғана болсын. Бөтен халықтың жерге қатысы жоқ» деп ашынып жатыр.
Қалай десек те, құдайдың бір аты – халық болғандықтан, билік алдағы уақытта ел-жұртпен санасады деген ойдамыз.
Сонымен жер реформасы жөніндегі комиссияның 5-ші отырысында жерді жекеменшікке беру жөніндегі мораторийді тағы 5 жылға ұзарту шешімі қабылданды. Комиссия отырысына 67 адам қатысты, оның 4-уі қалыс қалды, қалғандары бірауыздан мораторийді ұзартуға дауыс берді.
«Өздеріңіз көріп отырғандай, жерді жеке меншікке беру туралы комиссия мүшелерінің біртұтас пікірі қалыптасқан жоқ. Жұмыс тобының өкілдері де ешқандай шешім қабылдаған жоқ. Неге десеңіздер, мәселе күрделі. Ашығын айтқанда түпкілікті шешім қабылдау үшін біраз уақыт керек екені анық. Аталған жұмыстарды сапалы орындау және енгізу үшін, 3 жылдан 5 жылға дейін уақыт қажет. Осылайша, қазақстандықтар үшін жекеменшікке мораторийді көздейтін норманың қолданылу мерзімін 5 жылға ұзартуды ұсынамын», – деді комиссия төрағасы Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлеріне толық инвентеризация жүргізілуі қажет деген ойын да ашық айтты. «Бұл жұмыс барысында еліміздің барлық жерлеріндегі топырақтың құнарлылығын анықтауымыз қажет. Бұл бір күнде шешілмейді. Екіншіден, ауыл шаруашылық жерлерінің кадастрлық құнын айқындау керек. Мамандардың айтуынша бұл он жылдан бері қаралмаған сұрақ. Нарықтың құнын ескере отырып жердің құнын анықтау керек. Әр өңірдің ерекшеліктері бар, оны да ескеруіміз керек», – деді Тоғжанов. Сонымен қатар ол, ауыл шаруашылық жерлерін электрондық форматта, көпшілікке ашық түрде берудің тетігін енгізу қажеттігін айтты. Оны кем дегенде 2023 жылға дейін жасау қажет. Бұл жерді пайдалануға берудің әділетті және ашық өтетініне көз жеткізу үшін қажет екен.
Төрағаға комиссия мүшелері арасынан суырылып шығып қарсылық көрсеткендер болмады. Сондай мәдениетті бәрі. Осындайда еске қай-жайдағы түсе береді.

Кезекті мораторийға халықтың ызалы өкілдері не дейді?

Бір кезде жер комиссиясын үкімет адамы Асқар Мырзахметов басқарғаны бар. Бүгінде қайда жүргені белгісіз бұл кісінің? Елге сүйкімі бар азамат еді дегенмен… Ой, сол комиссияда үлкен талас-тартыс болып еді ғой. Мұхтар Шахановтың өткір-өткір ойлары әлі есімде. Өзге де халықшыл азаматтар батырып та, жапырып та айтты. Осы жолғы комиссия дәл ондай шулы болды деп айта алмаймын. Біртүрлі жүні жығылып жуасып қалған секілді. Дауыстары құмығып әрең шығады. Жә, айтайын дегенім ол емес. Айтайын дегенім, жер комиссиясы тағы да ештеңе шешпегені. Бұл не өзі? Бұл не сарсаң? Әлде жер баяғыда сатылып кетіп, соны елге «естірту» қиын болып жатыр ма?! Әй, білмеймін, білмеймін! Бұл не деген бітпейтін мораторий ендеше?! Жә, негізгі мәселеге көшейік.
24 сәуір күнгі жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті отырысында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың ауыл шаруашылығы жерлерін сатуды қолдап сөйлеген сөзі көптің ашуын туғызды. Министр: «Жерді пайдаланудың екі институтын да: қазақстандықтар үшін ұзақ мерзімге жалға алуды да, сатуды да сақтап қалу қажет. Қазақстандық жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылық алқаптарына жекеменшік құқығы мен жалға алу құқығының экономикалық немесе шаруашылық тұрғысынан қайсысы қолайлы болса, соны өз бетінше таңдай алу құқығы болуы тиіс деп санаймыз. Егер біз ашық бәсекелестік пен тиімді кәсіпкерлік құруға ұмтылсақ, ерте ме, кеш пе, Қазақстанда ауыл шаруашылығы жеріне толыққанды жекеменшік және оны сатып алу, сату бойынша еркін нарық пайда болады» деді. Бұл сөзі онсызда жүйкесі жұқарған ағайынның қарсылығына тап болды.
Соның бірі әлеуметтік желіде белсенді Серік Тулекбаев деген азамат. Ол өз жазбасында: «Жердің мәселесі тағы да бес жылға шегерілді, бұл нені білдіреді. Әлде, үкімет: «жер халықтікі, мемлекеттің – иесі халық, жер – тәуелсіздік кепілі» деп деп жариялауға не кедергі? Күрішбаев пен Садырбаевтың сандырағына жай қарауға болмайды, олар ұлтын сатқан, тәуелсіздікке қауіп төндірген сатқындар деп бағалаймын. Қазақ ұлтының ұлт ретінде сақталып қалуы үшін, жердің Қазақ мемлекетінің меншігі болып қалуы өте маңызды. Ал, биліктің Қытайға берген уәдесі болса, өз ақшаларына жер сататын мемлекеттерден жер сатып алып берсін. Мен, аш жалаңаш жүрсем де Қазақтың жерінде жүрсем бақыттымын» деп жазды.
Әлімжан Әшімұлы: «Ауыл шаруашылығы министрі жерді сатқанда ғана даму болатынын айтыпты. Жалпы бұл министр жерді тауарға айналдырып сатпақшы. Бұл деген елдің тұтастығын бүлдіріп, жік-жікке бөліп тастаумен бірдей ғой. Жердің өзін сатқанша, жерге егілген өнімді, баққан төрт түлік малды тауарға айналдырған тиімді емес пе еді?! Бұлар биліктегі заңсыз жер иеленушілердің жерін «сатып алды» деген сылтаумен мәңгілікке заңдастырып беруге жанталасып жатыр. Бұған жол бермеу керек!» деп сөзін түйіндепті.
Садық Бекмұратов: «Сіз бен біз шырылдап ананы-мынаны айтамыз, бірақ қазақ жерінің тағдыры осы екі кісінің қолында тұр. Ауыл шаруашылығы министрінің «жерді жекеменшікке саталық» деп шыр-пыр болып жүргені де бекер емес. Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды. Ал комиссия деген әншейін саяси ойын, сценарий рөлін ойнап жүрген әртістер ғана…» деп түйреп өтіпті.
Расын айтсақ көпшілік халықтан жер шетелдіктерге сатылады дегелі маза қашып тұр. Өйткені ата-бабадан аманатқа қалған қарыстай жердің қасиеті зор…
Жер комиссиясының мүшесі Мұрат Әбенов: «Жерді жекеге сатуға қарсымын. Бұл менің азаматтық ұстанымым. Бүгін Жер комиссияның отырысында негізгі мәселе – ауыл шаруашылық жерлерді жекеге сату қаралады. Түсінікті болу үшін – үй салуға, жеке қосалқы шаруашылыққа, бағбандыққа, саяжай құрылысына және бау-бақша шаруашылығына арналған жерлерге қатысы жоқ. Және бизнес жасауға арналған, өндіріс жасайтын, зауыт, фабрикалар салынған жерлер бөлек мәселе. Ауыл шаруашылық жерді тек Қазақстан азаматтарына жалға беру керек. Соның өзі жеткілікті. Бүгінгі Жер Комиссиясының отырыстың маңыздылығын ескеріп дауыс беруді ашық өткізіп, кім қолдағанын кім қарсы болғанын қоғамға ашық жариялаумыз керек еді», – деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасына.

 

10 минутта шешілетін мәселеге 10 жыл жұмсалмақ па?

Белгілі саясаткер, жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжан: «Жерге жекеменшік беріп, саудаға жібергісі келген өте ықпалды күштер бүгін жеңілді. Қандай үлкен ақпараттық науқанды ашты, жалдамалы өтірік ұлтшылдарды маған қарсы айдап салды, «шапан» киіп алып «қазақ, қазақ» деп ұрандатып өтірік қойшыларды шығарды. Административтік ресурстарын айтпағанда. Ал бәрібір олар өз мақсаттарына жеткен жоқ. Мен емес, халықтың өзі жерді сатуға жол бергізбеді. Бірақ бұл жер үшін күрестің басы ғана. Біздің мақсатымыз – ауыл жұртына (халқымыздың тең жартысы ғой) жерді қол жетімді қылып беру. Бұл мақсатқа қалай жетеміз, Жәнібек Қожық екеуіміздің нақты жоспарымыз бар. Заң жолымен әлбетте. Кейінірек айтамыз» деп жазды ФБ желісіне.
Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан мырза да сын сағатта үнсіз қалуды жөн көрмепті. Жер комиссиясының бесінші отырысында сөйлеген сөзінің видеосын өз парақшасына салып қойыпты. Онда: «Қазақ үшін жер экономикалық сипаттағы мәселе емес. Қазақ үшін жер рухани, қастерлі сипаттағы ұғым. 49 жыл аренда дейтін де аз уақыт емес. Жарты ғасыр. Жекеменшік дейтіннің «ж» дейтін әрпін, жерді сату дегеннің «с» дейтін әрпін айту аса қатерлі» деп халықпен бірге екенін аңғартыпты.
Билік жерді сатпауға тағы бес жыл мерзімге мораторий жариялап жатқанда, Абзал Құспанның заңгер ретіндегі пікірін қалыс қалдырғымыз келмеді. «Осы бір шоуға араласпай-ақ қояйыншы деп барынша бойымды аулақ салып жүргем. Бір мамансымақ-заңгер заңға өзгеріс енгізудің қиындығы туралы толғапты. Оған біраз ел кәдімгідей иланып жатыр. Құдай-ау, заңға өзгеріс енгізу, ол – зауыт салу, фабрика тұрғызу емес қой!
Енді тағы бес жыл бойы «жер-жер» деп малтамызды езетін боламыз. Бір кездері елдің назарын аудару үшін әртүрлі амал ойлап табатын Үкіметке, енді ештеңеге бас қатырудың қажеті жоқ. Жемқорлық, әділетсіз сот, құлдыраған экономика бәрі-бәрі осы мәселенің көлеңкесінде қалатын болады. Осыдан 4 жыл бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігінің осы жер заңына байланысты жұмыс тобы құрамында, қоғамдық негізде қызмет еттім, сол кезде-ақ қоғам тарапынан да, біздің тарапымыздан да а/ш жерлеріне қатысты ұсыныстың бәрі беріліп болған. Ендігі 10 минутта шешуге болатын мәселеге, 10 жыл арнау деген сұмдық қой!».

ТҮЙІН:
Қос тұжырым, қос талап

Талай күннен бері тартысқа түскен жер мәселесі бойынша жер комиссиясының бесінші отырысында түйінді мәселе тарқатылғандай болды. Миллиондаған гектар ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшіктегілерге сатпауға алдағы 5 жылға мораторий жарияланыпты. Әрине түпкілікті жеңіс болмағанымен, жеріміздің жекеменшікке сатылып кетпеуіне тосқауыл қоятын мораторий жарияланғаны көңілге үлкен медеу. Бірақ түпкілікті шешім емес. Алдағы уақытта да жердің жекеменшікке өтіп, шетелдіктерге сатылып кетпеуіне атсалысуымыз қажет! Қазақты Алла қолдасын! Жеріміз сатылмасын деп тілейік!
Айтпақшы, шындық қай кезде де айтылуы тиіс. Біз демократиясы дамыған елде өмір сүріп жатқандықтан, белгілі саясаткер Жамболат Мамайдың да жерге қатысты, мораторийге қатысты пікірін аттап өткіміз келмеді.
«Кешеден бері әлеуметтік желілерде «жер сатуға 5 жылға мораторий жарияланды» деген хабар тарауда. Кейбір адамдар осыған алданып, «мәселе шешілді» дегендей бөріктерін аспанға атуда. Ал шын мәнінде бұл мүлдем олай емес.
Біріншіден, «жер сатуға мораторий» жариялайтын жер комиссиясының ешқандай құзіреті жоқ. Ол парламент, үкімет не болмаса президент емес. Оны ешкім сайлаған да, қолына билік беріп бекіткен де жоқ. Сондықтан, жер комиссиясы өз бетімен мораторий жариялай алмайды. «Мораторий жарияланды» деп президент немесе парламент шешім шығаруы тиіс.
Екіншіден, әрі бастысы, бұл мораторий тек қана «ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтарына сатуға» жарияланды. Ал біз көтеріп жүрген негізгі мәселенің бірі – қазақтың жерін, қай бағыттағы болсын, шетелдіктерге сатпау және жалға бермеу. Дәл қазір Жер кодексінің 48-бабында орман өсіру үшін жерді шетелдіктерге 25 жылға жалға беретін норма бар. «Орман өсіру үшін» береміз дегені жай ғана сылтау. Ар жағында үлкен саясат жатыр. Егер бұл заң қабылданса, онда «орман өсіру» жері деп кез келген жердің бағытын өзгерту де, оны шетелдіктерге беру де – биліктің қолында болмақ. Бізге қай шетелдік келіп, «ағаш отырғызып, гүл егіп, орман өсіріп» оны 25 жыл күтіп баптауға келеді? Сондай шетелдік бұл әлемде бар ма екен? Ол қазақты бұлай жарылқағаннан қандай табыс, пайда көреді? Сосын неге ол ағаш отырғызу үшін жерді ширек ғасырға жалға алуы тиіс? Көрдіңіз бе, бұл халықты алдауда биліктің ойлап тапқан әдісі. «Ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге жалға берілмейді» дейді де, екінші жағынан жерді беру үшін осындай мүмкіндік қалдырып отыр өздеріне бұл билік.
Сондықтан «мораторий жарияланды, мәселе шешілді» деп асықпаңыздар. Бұл биліктің халықтың ашу-ызасын басу үшін жасап отырған арзан қулығы. Біздің көтеріп жатқан талабымыз айқын:
1. Қазақстанның жері шетелдіктерге сатылмасын әрі жалға берілмесін! Мүлдем! Қандай бағыттағы жері болсын.
2. Қазақстан азаматтарына ауыл шаруашылығы жерлері сатылмасын. Оған мораторий жариялаудың керегі жоқ, бар болғаны нақты шешім қабылдау керек.
Міне, осы талаптар орындалуы тиіс! Егер билік райынан қайтпай, қазақ жерін «орман өсіру» үшін деп шетелдіктерге жалға беруді көздесе, біз сол заңды қабылдаған депутаттарды Отанына опасыздық жасағандар деп танимыз, әрі 15 мамырдан бастап алаңда мерзімсіз аштық жариялаймыз! Қазақ жерін қорғау ісінде кері шегіне алмаймыз!» деп отыр.
Жер тағдыры – ел тағдыры болғандықтан, қиын сәтте елдің ауызбіршілігі мен ынтымағы мықты болса дейміз. Сонда ғана бізді дау да, жау да ала алмайды.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінен