Меркіде көпбалалы жас отбасыға үй берілді

Кеше облыс әкімінің тапсырмасымен аймақ бойынша қайта жаңғырып жатқан «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Талдыбұлақ ауылында көпбалалы жас отбасыға үй берілді.

Әбдіқұл Нұрболат пен Эльмира Мамбетова 5 баланы өсіріп отырған жас отбасы. Биылғы жылы асарлатып соғылған төрт бөлмелі үйді ауыл ақсақалдары бастаған жергілікті қауымдастық дәл осы отбасыға беруді шешіпті.

Үйдің салтанатты ашылу шарасына аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы және ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.

Қуанышпен құттықтаған Жорабек Нұрмергенұлы бұл – ауыл жұртының ауызбіршілігін, ынтымағы мен берекесінің жарқын көрінісі екенін атап өтіп, үйдің салынуына атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтты.

Сонымен қатар, аудандық билер алқасының төрағасы Медербек Узбеков, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Алижан Керімқұлов және демеушілік жасаған «М.СтройИнвест» кірпіш зауытының өкілі Мейрамбек Суталиев сөз алып, жас отбасыны баспанамен құттықтап, ауыл тұрғындарына ризашылықтарын білдірді.

Баспананың салынуына Талдыбұлақ ауылының барша тұрғыны біркісідей ауызбіршілікпен атсалысқан.

Осылайша, қарапайым азаматтардың қолұшы көмегінен бастап, қалталы кәсіпкерлер мен жомарт жандардың қаржылай қолдауы арқасында халқымыздың асарлатып үй салу ізгі дәстүрі тағы да жаңғырды.

Баспанаға қолдау көрсеткен азаматтар ауыл әкімшілігі тарапынан марапатталды.

Тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалған үймен қамтылған жас отбасы дән риза. Ауызбіршілік танытып, қолдау көрсеткен ауыл жұртына, демеушілік жасаған барша ағайынға алғыстарын білдіруде.

Қуанышты ортақтасып келген ағайынға әулеттің жас үлкені Әсет Кебекбаева әжей аналық ақ батасын берді.