Мақсат – еңбек дауын туындатпау

Облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасы – өңірде Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау жасайтын бірден-бір мемлекеттік орган. Былтыр облыстағы түрлі ұйымдар мен кәсіпорындарға жүргізілген 165 тексерудің нәтижесінде 223 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде 158-і еңбек қатынастарына, 63-і еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға және екеуі халықты жұмыспен қамтуға қатысты.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 84 нұсқама беріліп, заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты 14 ескерту мен 26 әкімшілік құқықбұзушылық туралы қаулы шығарылды. 7,1 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынып, ол толық өндірілді.
Сонымен қатар басқармаға келіп түскен 763 жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарының 590-ы өндіріске алынып, 308-і қанағаттандырылды. Сондай-ақ 151 арыз-шағым бойынша түсіндірмелер берілсе, 173-і тиістілігіне қарай басқа мемлекеттік органдарға жолданды. Ал 130 арыз жұмыс беруші мен жұмыскерді татуластыру арқылы шешімін тапты.
Бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру бойынша атқарылған жұмыстың нәтижесінде 1 770 жұмыс берушідегі 7 316 адамның еңбек қатынастары заңдастырылып, көлеңкелі экономиканың алды алынды. Өңірде негізінен 11 646 кәсіпорын жұмыс істеп тұрса, бүгінгі күнге бұл ұйымдарда 10 829 ұжымдық шарт жасалған. Ұжымдық шарттар жасалған кәсіпорындар мен ұйымдардың көлемі облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 92,9 пайызын құрады.
Жамбыл облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарындағы «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасындағы «Электрондық нысанда тіркелген еңбек шарттарының үлесі» бойынша өткен жылы 85 пайызға орындау жоспары қойылған. Жоспарға енгізілуі тиіс еңбек шарттары 31 236-ны құрап, 31 448 еңбек шарты ақпараттық жүйеге енгізілді. Бұл меженің 100,6 пайызға орындалғанын көрсетеді.
Сонымен қатар өткен жылы барлық деңгейде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты 111 комиссия отырысы өткізілді. Осы орайда атап өтетін мәселе, ҚР Президенті 2020 жылғы 1 қаңтардан 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерді тексеруге мораторий жариялаған болатын. Осыған байланысты аталған санаттағы кәсіпорындарға қатысты жұмыскерлердің шағымдары үшжақты комиссия арқылы шешімін тауып келді. Нақты айтар болсақ, осы комиссияларда жыл басынан бері барлығы 180 мәселе қаралып, шағын және микрокәсіпкерлік субьектілердегі 889 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды.
Былтыр мемлекеттік еңбек инспекторлары прокуратура органдарымен бірлесе 14 кәсіпорында 852 миллион теңгенің жалақы қарыздарын анықтап, олар толығымен жойылды. Осының нәтижесінде 3 430 жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.
Жалпы жалақы қарызы бойынша туындаған мәселелер әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысында қаралып, кәсіпорын басшыларының есептері тыңдалып отырады. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері ұсынған ақпаратқа бойынша, былтыр облыстағы 1 652 кәсіпорын (44 ірі, 27 орта, 1 581 шағын) 47 538 жұмыскердің жалақысын көтерген. Жұмысшылар жалақысы орта есеппен 32,9 пайызға өсті.
Еңбек қатынастары саласында азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау, жұмыскерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру және әлеуметтік-еңбек қақтығыстарының алдын алу мақсатында мемлекеттік еңбек инспекторлары тұрақты түрде ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Атап айтар болсақ, жыл басынан бері облыстық 225 еңбек ұжымында 2 630 жұмыскердің қатысуымен еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ мемлекеттік еңбек инспекторлары жеке қабылдау жұмыстары барысында облыстық 224 тұрғынға еңбек заңнамаларына қатысты консультативтік кеңес берді. 225 іс-шара ұйымдастырылып (ашық есік күндері, семинар-кеңестер, еңбек ұжымдарымен кездесу және т.б.), бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы 340 ақпараттық мақала жарық көрді.
Басқарма тарапынан атқарылып отырған өзекті мәселелердің бірі – облыс аумағында орналасқан еңбек ұжымдарындағы ахуалды бақылау мәселесі тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Бұл орайда еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп облыс әкімінің өкімімен (2022 жылғы 3 наурыздағы №47-ө) еңбек жанжалдарының алдын алу, оны болдырмауға бағытталған алгоритмі әзірленді. Бүгінде осы бағыттағы жұмыс жүйелі жүргізілуде.
Облыстағы еңбек жағдайларының ахуалын бақылауда ұстау мақсатында еңбеккерлердің құқығына қатысты мәселе туындауы мүмкін кәсіпорындардың тізімі жасақталып, «Ыстық нүкте» картасына аудандар бөлінісінде 10 кәсіпорын енгізілді. Аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктерінде әлеуметтік-еңбек жағдайларын реттеу жөніндегі дағдарысқа қарсы штабтар құрылып, олармен тығыз байланыста жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар «WhatsApp» желісінде арнайы чат құрылып, оған аудандық әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі дағдарысқа қарсы штабтардың төрағалары (аудан әкімдерінің орынбасарлары) енгізіліп, күнделікті ақпарат алмасу мәселесі жолға қойылды. Еңбек инспекторлары да аудандық үшжақты комиссиялардың жұмысшы органдарымен байланыс орнатып, еңбек жағдайлары бойынша тұрақты мониторингі жүргізілуде.

Жанат МҰХАТАЕВА,
облыс әкімдігі еңбек инспекциясы
басқармасының мониторинг және
құжаттама бөлімінің басшысы