КРЕМАТОРИЙ САЛУҒА ХАЛЫҚ ҚАРСЫ, АЛ БИЛІК БҰҒАН НЕГЕ ҚҰМАР?

Өзге дін өкілдерінің бірі мұсылман бауырларымызға: «Біз мәйіттерімізді өртейміз. Сіздер неге мәйіттерді көмесіздер?» – деген сұрақ қойыпты. Сонда мұсылман жігіт: «Қазыналар көміледі. Қоқыстар өртеледі», – деп жауап берген екен.

Біз бұл әңгімені бекер айтып жатқан жоқпыз. Қазақстанда бұған дейін болмаған крематорий пешін салу жайлы әңгіме әрегідік айтылып қалатын. Алайда халық «көп жел сөздің бірі болар деп» мән бере қоймайтын.  Сөйтсек, «Әр әзілдің артында шындық бар» дегеннің кебі келді.

Таралған ақпаратқа сенсек, Нұр-Сұлтанда крематорий салу жоспарланып қойғанға ұқсайды. Тіпті қаланың бюджеттік бағдарлама жобасында қарастырылып бекуге дайын тұр екен. Бұл жайлы zakon.kz порталы жазды.

Бұл аз десеңіз Нұр-Сұлтанда биыл крематорийді пайдалануға беру жоспарланыпты. Неткен асығыстық!  Жобаның мақсаты – зират аумағын азайту көрінеді.   Бұл енді сорақылық. Ұлан-байтақ қазақ даласынан зиратқа орын таба алмайтындай  басымызға не күн туды? Жә, делік.

Бұл жұмысқа бюджеттен 1 миллиард  519 миллион 285 мың теңге бөлініпті. Қыруар қаржы. Нысан 2022 жылы пайдалануға берілуі керек екен.

Дәл бүгінгідей қиын шақта, осыншама ақшаны крематориге жұмсау дұрыс па? Қазақстан секілді 80 пайызға жуық мұсылман тұратын елде крематориге сұраныс бар ма?  Мәйітін арулап жерлейтін мұсылман елінде мұнша қаражат шашып крематорий салудың қажеті қанша?!

«ҚазАқпарат» тілшісінің хабарлауынша Алматы қаласында  маусым айында крематорий салуға арнайы тендер жарияланған көрінеді. Оған бір үлкен бөлме және екі пеш болады екен. Жобалық құжаттарға сәйкес, құрылысқа 46 млн теңге бөлінген. Тапсырыс беруші – «Алматы қаласы Жайлы қалалық орта басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Бұған дейін  елімізде бірде-бір крематорий болмағанын есепке алсақ, бұл әрине қиын да өрескел жағдай…

БІЗДІ АЛАҢДАТЫП ОТЫРҒАНЫ БҰЛ ЖОБА НЕГІЗІ 5 ТАМЫЗДА ЖАРИЯЛАНЫПТЫ, АЛ ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫҒА 19 ТАМЫЗҒА ДЕЙІН УАҚЫТ БЕРІЛГЕН. ОЛ КҮН ДЕ ТАЯП ҚАЛДЫ. ҚАЗІРДІҢ ӨЗІНДЕ КРЕМАТОРИЙ САЛУҒА ҚАРСЫЛАР КӨП. МҰНЫМЕН БИЛІК ҚАНШАЛЫҚТЫ САНАСАДЫ, ОЛ УАҚЫТТЫҢ ЕНШІСІНДЕ ҚАЛА ТҰРМАҚ!

Атқамінерлердің Астана және Алматы қалаларында крематорий салу туралы бастамасы қазақ қоғамының қарсылығын тудырып жатқанын айттық. Мәйітті өртеу қазақ ұғымында жоқ дүние. Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының айтуынша, бұл  діни тұрғыдан да, адами тұрғыдан да құпталмайтын іс.

– Біз өлігін өртейтін Үндістан елі емеспіз, – дейді белгілі дін қайраткері Қайрат Жолдыбайұлы: –  Астана қаласында 1 миллиард 519 миллион 285 мың теңгеге мәйітті өртейтін крематорий салынбақшы. Бұл қалай? Біз өлігін өртейтін Үндістан емеспіз. Мәйітін арулап жерлейтін мұсылман елінде мұнша қаражат шашып крематорий салудың қажеті қанша?! Жерлеу біздің мәдениетіміз, дініміз. Еліміздегі тарихи зираттарға қарап, жердің иесі екенімізді білеміз. Әруақ сыйлау, құрметтеу біздің қасиетіміз. Осынау байтақ далада мәйітті жерлеуге орын жетпейді деу ақылға сыйымсыз.

Сондай-ақ ол жерлеудің белгілі бір стандартта болғаны дұрыс екенін жазады. Бірақ мәйітті өртеу дұрыс емес.

Әрине мына заманда жерлеуді белгілі бір стандарттарға келтіру қажет. Бай болсын, кедей болсын бөлінетін жердің мөлшері шектеулі болуы керек. Қалай болса, солай шашыраңқы, ыйқы-жыйқы бейіт тұрғызуды доғаруымыз қажет. Ысырап қылып зәулім-зәулім күмбезді зират тұрғызуды тоқтатуға тиіспіз. Жалпы зират аумағын ғана қоршап, белгі ретінде құлпытасқа кісінің аты-жөні жазылса, жеткілікті. Мұның бәрін заңды түрде реттеуге болады. Мұфтият крематорий салуға ресми түрде өз позициясын білдіруге, зиярат тұрғызу, жерлеу тәртібін ұсынуға тиіс, – деп өз пікірін ашық айтты дінтанушы.

Белгілі журналист Асылхан Мамашұлы жеке парақшасында: «Депутат Нұрлан Жазылбековтың крематорий салу керек деген бастамасын құптаймын. Бірақ оны тек пантеонға жерленетіндерге қолданған дұрыс. Пантеонға жатуды армандайтын Арыстанбек сияқтылар көп, жер аз. Айтпақшы бұған дейін және мұнан кейін сайланатын депутаттарды да тек пантеонға жерлеп, лайықты құрмет көрсеткен жөн. Крематорий арқылы» деп жазба қалдырыпты.

Бұлардан өзге де әлеуметтік желіде «Ағайын бұған қарсы шықпасақ болмайды! Парақшаларға салып өзіміздің қарсылығымызды білдірейік. Қай ата- бабамызды өртке ораған едік?! Жер жетпейтіндей, Бангладеш, жыл сайын аралы азайып жатқан Жапония немесе Индонезияда тұрмаймыз! Әлем бойынша 9 орын алатын кең байтақ жеріміз бар. Адам өртеуді бала кезімізде Индия киноларынан көретін едік. Енді міне, кришна салты бізге де келгені ме?» деп жатқандар қарасы бір төбе.

ПЫ-СЫ: Бізге мынау ұлан-байтақ даланы бабаларымыз мұраға қалдырып кетті. Қазақтың әр өңірінде  аруақтардың  зираттары мен тасқа басқан таңбалары көп. Солар арқылы біз арғы тегімізді танимыз. Егер ертең күлге орансақ, бізді кім таниды? Мына дала мен тау-тасты кімге аманат етіп қалдырамыз? Ең қызығы,  тәуелсіздік алған 30 жылда крематорийге зәрулік бола қоймапты. Ендеше бұл не жанталас?  Қазақта «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген тәмсілі осындай  сәтте айтылса керек. Қазақ билігінің ел ертеңі үшін ойланатын да, өткен-кеткенді саралап ойға алатын да, халықпен санасып осы бір істі мықтап қолға алатын да кезі келген секілді.

 

Нағашыбай Қабылбек