КОРОНАВИРУС БИЛІККЕ СЫНАҚ, ОДАН ШЫҒУ ТАҒЫ СҰРАҚ!… (тек қатаң тәртіпке бағынып қана тығырықтан шыға аламыз!)

Қ.Р. Президенті Қасымжомарт Тоқаев 1.04.220ж. мәлімдеме жасады. Мұны халық асыға күтті деуге негіз бар. Өйткені халықтың көңілі ала-құла еді. Осындай сәтте президенттің халыққа басу айтып, сабырға шақыруы үлкен айбар ұлт үшін. Сондықтан Тоқаев мырзаның айтқан әр сөзі елінің көңілінен шықты деп ойлаймыз. Қанағатшыл, шүкіршіл халықпыз ғой. Сын сағатында дауға ерік беру – ұлт болашағын ойлаған жанға жараспас қылық!

Мұны да ескергеніміз жөн.
Иә, келген нәубетке қарсы қорғанысқа қаражат аз бөлініп жатқан жоқ мемлекет тарапынан. Зейнетақыны мен мемлекеттік жәрдемақының он пайызға көбейтілуі, көктемгі егіске дихандарға арзандатылған жанар-жағармай жеткізу жайлы тапсырма, жұмыссыздықтың алдын алу үшін 42500 теңгенің көлемі 3 миллион адамға көбейтілуі де жағымды жаңалық болды. Медицина қызметкерлеріне үлкен қолдау білдіріліп отырғаны да ашық айтылды.
Дағдарыстың әсерінен қымбатшылық белең алып барады. Оған да тоқтам болар. Сабыр, халқым, сабыр!
Бұл да өтпелі шақ. Бұдан да Алла қолдаса өтерміз.
Ең бастысы елді бірлікке шақырды президент. Бұл бәрімізге маңызды талап. Осындай қысылтаяң шақты ауызбіршілік ауадай қажет. «Баққа қайда барасың дегенде, ынтымағы жарасқан жерге барамын» деген екен! Сол біздің ұстаным болуы тиіс!

Алла Тағаланың құдіреті шексіз – ау, шексіз! Асып — тасқан, асып — тасып шалыс басқан, болған — толған, болып — толып тайған жолдан пенделерге сынақ басталды. Жер бетін жамандық жайлағанда, тойынған адамдар – астамсып сайрағанда; билік пен халық арасы алшақтағанда, байлардың сарқытын жеп кедейлер жан сақтағанда; әйел еркек боламын деп аласұрғанда, еркек үйкүшік болып аласарғанда; зинақорлық белең алғанда, қиянат үстемдік құрып қамшымен салғанда; аманатқа қиянат жасалғанда, ата-ана баласына бас ұрғанда, Жаратқан Иеміз пенделерге ескерту жіберіп сынайды екен! Сынағанға шыдамағандар сұлайды екен!
Тап сондай үлкен сынақтан барша әлем жабырқап тұр. Ол аз десең, қос бүйірден дағдарыс қоса сығып ғаламның ұйқысын қашырып, берекесін кетіруде. Әлем ғалымдары бір ауыздан – коронавирусты тажалға теңеп, бір құдіретті күштің адамдарға жіберген індеті деп мойындауы тегін емес -ау.
Коронавирус – мейірімді ұмытқан әлемді тәубәсіне келтіріп жатқандай әсерге бөлейді. Орамалмен алысқандар – оранып әлек, Аллаға тіл тигізгендер қорғанып әлек! Мастанғандар – маскаға тәуелді, дүниеге тоймағандар үйінен шыға алмай қамалып отыр. Әйтеуір адамзат баласы қу жан үшін арпалыс үстінде. Күндеуден, тілдеуден аулақпыз! Әйтседе «Көп асқанға бір тосқан» деген осы – ау демеске шара жоқ!

«Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық,
Аздырар адам баласын» деген Құнанбай баласы неткен әулие еді…

Кердең басып, кергіп кеткен адамзат, терезеден сыртқа телміре қарап отыр. Бұлай болады деп кім ойлады дейсің!
Байдан мейірім қашып еді, кедейден қанағат қашық еді. Бардың сабыры, Ардың қадірі кетіп еді. Әлем тойынып дарақылана бастаған еді, пенделер жер бетінде жын-ойнақты қостаған еді.
Енді міне, Алла Тағала бар ғаламды бір қауыздың ішіне тығып қойған тәрізді… О, құдірет!… Енді қазір денсаулық пен уақыттың қадірі білініп жатыр… Еркін жүріп — тұруда көзден бұл-бұл ұшып, ара қатынастың өзіне іңкәрлік артуда.
Осындай ел басына күн туған заманда, мыңғырған байлар, шенді — шекпенділер Өз байлығын қорғап қалуды емес, өз халқын сақтап қалуды ойласа дейсің. Өйткені ел ішіндегі жағдай өте күрделі. Ел Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев тұзы жеңіл азамат екен. Ел тарихында бұған дейін болмаған қиындықтармен бетпе – бет келуде. Өзіндік ұстанымы бар президенттің бұл қиындықты да еңсереріне қалың қазағы сеніп отыр. Елім деген басшының – ел мен жерге деген махабатының да сыналар тұсы осы болар!

Менің болжауымша, Қазақия дәл қазір үлкен дағдарыс үстінде тұр. (Елдің ынтымағы мен бірлігінің сыналар тұсы да осы кез!). Оған себеп көп. Ең негізгісі – әлемнің ұйқысын қашырған – коронавирус. Бұған кей адамдар жеңіл қарайтын секілді. Ол құптарлық дүние емес. Сақтанғанды ғана сақтайды Жаратқан Иеміз. Сондықтан Бауыржан атамыз айқандай «Тәртіпке бағынған құл болмайды».

Еланасы ретінде қазіргі алаң – елең шақты үнсіз қалуды жөн көрмей, көкірегіме түйген жайттарды шым-шымдап шығарып отырған жайым бар.

Шынымды айтайын, Ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаев билікке дағдарыс дауылы толастамай тұрған шақты келді. Ел басқару оңай жұмыс емес қой. Ол бір. Екінші өте зиялы тұлға! Дипломатияға жетік. Алыс және жақын шет елдерде қызмет жасаған. Көргені, көкірекке түйгені мол. Азуын айға білеген, қалтарыс – бұлтарысқа дейін сараптайтын саясаткерлердің өзі мойындаған тұлға…Ендеше әлем саясакерлері жақсы баға берген Тоқаевты, өз халқы неге қолдамасқа?
Қолдап отыр. Ауызбіршілік көрсетуге де ынтасы күшті. Өйткені мына қатерлі індет, «бөлінгенді бөрі жейтінін», «төртеу түгел болса ғана, төбедегі келетінін» анық аңғартты.

42500 ЖЫРТЫҚҚА ЖАМАУ БОЛА МА?

Коронавирус көп нәрсеге көзімізді ашқан секілді. Ғылым мен білімге, медицина мен ауылшаруашылығы саласына сілкініс керегі сезілді. Тоқырап қалған салаларға қан жүгірмесе, ел ертеңінің бұлыңғыр болатыны да айқын аңғарылды. Осы жердің егесі саналатын қазақ ұлтының тұрмысы мен тіршілігінің қай деңгейде екені де көрініп қалды. Дағдарыстан аңыраған халықтың жан-айқайы да су бетіне шыққан қалытқыдай қалқып шыға келді. Мұның бәрін Алла Тағала ел басқаратын азаматтарға құлаққағыс етіп жатпасына кім кепіл!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әлемнің тағдырын футболшылар, шоу-бизнес өкілдері емес, ғалымдар шешеді» -деді. Бұл өте дәл айтылған заман шындығы! Демек, бұл — Қазақстан енді ғылымды дамытуға шындап кіріседі деген сөз. Әрине ғылыммен бірге рухани дүниеге де сілкініс керек! Ұлтты рухты қайрап, жемқорларды тақтан тайдыру да келелі іс болмақ! Жаңашыл ұрпақты қолдап, қорғауда аға буынға сын!
Ең өкінішті жағдай, сырттағы ауруды елге айлығы шайлығына әрең жететін қарапайым халық емес, қалтасы қалың, елге мәлім бай-бағыландар әкелуде. «Біреу тойып, біреу тоңып секірген» заманда бұған шектеу қою мүмкін де емес болар. Әйтсе де, ауру белгілері көршіміз Қытайдың берекесін қашыра бастағанда, ұшып-қонуды тоқтатып, алыс –берісті шектегенде, шіркін – ай дейсің! Оны айтасыз, әлі күнге ойдағы-қырдағы «қыдырымпаздарды» елге әкелу тоқталмай тұр. Олардың келуіне қарсы емес халық, олардың «ауру ошағын» қоздатуына қарсы жұрт. Оларды оңтайландыру жұмысында кемшілік бары айтылуда. Осыған билік назар аударып отырса дейміз!
Жұқпалы індеттің аса қатерлі екенін айтып дабыл қағып жатқанда, біздің отандастарымыздың шетелдерге сапарға шығуы — рухани жұтаңдықтың белгісі. Ал, ауру ошағына айналған елдерден өз Отанына қарай ағылуы, елге келген соң қашып-пысып жүруі, кімдермен байланыста болғанын жасыруы – надандық емей немене!
Қысқасы, бізге ұлттық сана-сезімді өсіретін, жан дүниемізге зор сілкініс жасайтын кез келді.
Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде соңғы күндері өмір күрт өзгерді. Коронавирус пандемиясы тіршілігімізді осыған дейін және кейін деп екіге бөлді. Ал біздің болашағымыз не боларын бүгінгі таңда ешкім дөп басып айта алмайды. Дегенмен, Қазақстанның тіршілігін сақтап қалу үшін Үкімет бір қатар терең реформалар жүргізуі тиіс.

Яғни, (Алпауыт компаниялар жайлы әңгіме бөлек) шағын және орта бизнесті алқымынан алып, тығырыққа тіреген бүгінгі жайт, ертеңді күтпейді. Халықтың әлеуметтік хәл-ахуалы да әртүрлі. Бұл да естен шықпауы керек. Орташа ғана тұрмысы бар халықтың көпшілігі айлықтан айлыққа секіріп әрең күн кешуде. Осындай кезде жұқпалы дерттің «тарпа бас салуы», шағын жәәне орта бизнесті тұралатып кетуі бек мүмкін. Ал таксилетіп, шағын саудасымен күнелтіп жүргендерге тіпті ауыр. Ал малымен жанын сақтап отырғандарға азық-түлік мәселесі өз қиындығын тигізерін ешкім жоққа шығара алмас. «Жұмыссыздар жоқ» деп кесіп айту тағы қиын. Олардың да саны жетіп артылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік кеңестің отырысында төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға жәрдемақы төленетінін айтқан еді. Бұл әрине халықты қолдауға ниет. «Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшері (42 500 теңге) көлемінде ай сайынғы төлем енгізуді тапсырамын. Жалпы бұл көмекті кемінде 1,5 миллионнан астам азамат ала алады», – деді президент. Кешегі теледидар арқылы халыққа мәлімдемесінде көмек көрсетілетіндер саны 3 миллионға өскені дәтке қуат. Және бұл көмек короновирус толық ауыздықталғанша созылмақ…

ҚОРҒА ЖИНАЛҒАН ҚАРЖЫ «ҚОР» БОЛМАСА ЕКЕН!

Еліміз мұнайдың қармағына ілініп, тәуелділікке түскенiн және қазіргі болып жатқан жағдайдан соң, біз экономикамыздың өте ауыр хәлде екенін мойындауымыз керек. «Сол себепті Америка өйтіп жатыр, Германия бүйтіп жатыр» деп билікке талап қоя бермей, елді ынтымаққа шақыру әр қазақстандықтың қасиетті парызы. Бұл төтеннен келген апатты билік алып келген жоқ, бұл әлемді шарпыған дерт. Одан шығудың дұрыс жолы ынтымақ пен бірлік қана! Алауыздыққа ерік беру – ұлттың тамырына балта шабар қасіретті іс! Ел басына күн түскенде, тасадан тас атып, билікті мұқатамын деу арлы адамға жат дүние! Мұны әр қазақстандық бойтұмардай сезінуі тиіс!

Ақпанда Ұлттық қорға түскен салықтық төлемдер өсті | Inbusiness

Айтпақшы, Үкімет азық-түлік қымбаттамайды деп уәде бергенімен, оны тыңдап жатқандар аз. Мұның бәрі келіп халықтың ашу-ызасын тудыра ма деген қорқыныш басым бізде. Сондықтан билік, (Әлі де болса кеш емес, азық-түлік бағасын қадағалауды күшейтуі керек).
Төтенше жағдайға байланысты Ел Президенті сақтық шараларына ден қойды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қор құруды қолға алып, мыңғырған байлардан ел экономикасы тығырыққа тірілген уақытта қолдау көрсетуін сұрап сауын айтты. Нәтижесі жаман емес. Қомақты қаржы құйылып жатыр.
Осындай кезде күдік пен күмәннің бас көтеруі пендеге тән құбылыс! Қорға түсіп жатқан миллиярдтарға ел үмітпен қарап отыр.   Бұрынғыларды айтпағанда,жақындағы осындай ала сапыранда Қызылорда облысының орынбасарларының үсталуы.. Билікке  сенімді тағыда жоғалтты,күдік те басым. Өйткені жемқорлық дейтін жегі құрттың жүрмейтін жері жоқ. Ол биліктің де «күпісіне» күмп етіп түскеніне біраз болды…

Осындай сәтте «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртайдың Президентімізге жазған ашық хатының мына тұсын қайталап кеткім келеді: «….Бірақ мені мазалап тұрған бір нәрсе, осы жиналған қаржы неге «Нұр Отанның» партиясының қарауына беріледі. Партия қаншалықты ол ақшаны халық мүддесі үшін әділ түрде жаратады? Бұл үлкен мәселе. Себебі халықтың тек биліктің сойылын соғатын «Нұр Отан» партиясына деген сенімі аз. Сондықтан жиналған қаржы әділ түрде індетке қарсы құрал-жабдықтар алу және мұқтаж жандарға көмек ретінде бөліну үшін, «Нұр Отанмен» бірге өзгеде партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғам белсенділері бірдей бақылау жасау керек деп ойлаймын. Сонда әлгі қаржы «тістегеннің аузында, ұстағнның қолында» кетпейді. Ары-беріден соң, ел игілігі үшін жианлған бұл қаржы тікелей сіздің бақылауыңызда болуы тиіс деп санаймын!». Бұл негізі көптің қалауы! «Көп қаласа патшада алтын тағынан түсіп жерге отыратынын» билік ескерсе дейміз!

Сәуле Мешітбайқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *