Көп сөз көмір, аз сөз алтын

Елдің айтуына қарағанда Шоң би дінсіз де, діншіл де болмаған көрінеді. Керек жерінде дәрет алып, намазға да тұрған, дұға да оқыған. Ал ел ісінің қауырт та көптігінен ол шарттардың бірін де істемеген кездері болған.

Шоң бидің осы мінезін білетін молдалар оған көбінесе үйір бола бермеген. Ал үйір болған күнде, оған әрқилы сұрақтар беріп, сүріндірмек болыпты.

Бір жолы оған Сәлі деген молда барып үйінде қонақ болып отырады. Дастарқан үстінде әртүрлі әңгіме сұрақ болатын әдет қой. Әлгі молда биге мынадай сұрақ беріпті, оған Шоң би былай жауап беріп отырыпты:

— Еркектің бақытты болмағы неден?
— Әйелден
— Еркектің бақытсыз болмағы неден?
— Әйелден.
— Еркектің өрісі неден?
— Әйелден.
— Еркектің кәрісі неден?
— Әйелден.
— Еркектің абыройы неден?
— Әйелден.
— Еркектің абыройсыздығы неден?
— Әйелден.

Сәлі молда сәл сабыр етіпті де, енді мынадай сұрақ беріпті.
Ақылға кең, тілге шешен Шоң би оның сұрағына лайықты қысқаша бірыңғай жауап беріп отырыпты:

— Әйелдің адал болмағы неден?
— Еркектен.
— Әйелдің надан болмағы неден?
— Еркектен.
— Әйелдің үй болмағы неден?
— Еркектен.
— Әйелдің би болмағы неден?
— Еркектен.
— Әйелдің күң болмағы неден?
— Еркектен.
— Әйелдің сымбатты болмағы неден?
— Еркектен.
— Әйелдің қымбатты болмағы неден?
— Еркектен.
— Әйелдің базарлы болмағы неден?
— Еркектен.
— Әйелдің ақылды болмағы неден?
— Еркектен.

Осы жерге келгенде шамасы Сәлі молданың терме сөзі ада болса керек.
— Сізге дауа жоқ екен — депті.
— Сұрағыңызға қарай жауап, өзіңізге де сауап- депті Шоң би.

— ,,Әйелден, әйелден,, ,,еркектен еркектен,, дей бересіз. Түсіндіріп, таратып айтпайсыз ба? Бұл бір -бір ауыз сөзіңізге кім түсінеді? Мәселенки ,,жақсы мынадай болады,,- деп оған дәлел келтірмейсіз бе? — депті молда. Сонда Шоң би:

— Ей, молдеке — депті. ,,Көп сөз көмір, аз сөз алтын,, дегендей, ол сұрақтарыңызға жеке- жеке тоқталып, дәлелдер келтіріп, ұзақ- сонар әңгіме ете берсем, таң атып, күн шықпайды. Ел жататын уақыт болды.

Жатпайсыз ба, таңғы нәсіп Тәңірден деген. Мен ертелеп жол жүруім керек, солай молдеке, әзірше осы қысқа жауапты қанағат етіп аттана тұрасыз да.
Даланың дара ділмәрлары.

 

Бейсенғали Көкей.