«КОММУНАЛЬНИК» ТҰРҒЫНДАРЫ ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН АРЗАН ТАРИФПЕН ТӨЛЕЙДІ

Тараз қаласындағы «Шөлдала» тұрғын алқабының тұрғындары осыған дейін электр энергиясын «ҚазФосфат» ЖШС-ден алатын. Тоқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен алғандықтан тариф құны халық қалтасына әжептеуір салмақ түсіретін. Оған қоса ескірген бағаналар мен тоқ өтетін сымдар сәл жел тұрса өшіп, болмаса үзіліп, елдің ығырын шығаратын.
Осы орайда қалалық әкімдік былтырдан бері темірбетонды бағана қойып, жап-жаңа, жоғары кернеуге шыдайтын сым тартып, ауқымды жұмыс жасады. Нәтижесінде аталған алқап көп ұзамай қалалық электр желісіне қосылды. Бұрын тариф құны 28 теңге болса, енді міне, 15, 4 теңгеден төлем жасай бастады. «Бұл біз үшін үлкен көмек»,- дейді саяжай тұрғындары.
Бүгінгі күнге «Коммунальник» саяжайындағы 753 абоненттің мәселесі толықтай шешілді. Ендігі кезекте «Химик», «Береке», «Юбилейный», «Победа» саяжайларындағы 1200-ден аса үй қалалық электр желісіне қосылады.
Жоспарға сәйкес, бұл жұмыстар көктем айларында толық аяқталады деп күтілуде. Одан әрі «Шөлдала» тұрғын алқабындағы өзге де мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатын болады.