Кіндігі кесілген баланы ит тиіп ауырмасын, көз тимесін, иттей төзімді болсын деп, ертеде итаяққа шомылдырған.

Менің Матай әкемнің әкесі, Жүндібай би дүниеге келген де «Сарықасқа» атты ұшқыр тазының күмістелген итаяғына, қалжаға сойылған қойдың етінің көбікті сорпасына
шомылдырып, жеті еркектің тақымынан өткізіпті, деген сөзді әкем Матайдан естідім.

Кейіннен баланы қырқынан шығарардағы ыдысты «итаяқ» деп атаған. “Иесін сыйласаң итіне сүйек сал» дегендей ертеде
тазыны қадірлеп, киіз үйдің ішінде үй иесінің
жанында бөстекте жатқан.

Олардың ас ішетін ит аяғын ағаштан жасап, күміспен оюлап өрнектеген.
«Қарғы бауын» былғарыдан жасап, күміспен көмкерген. Осындай итаяққа
шомылдыру өте ертеден келе жатыр.

Бірақ итаяққа шомылдыру өте сирек.
Кейін иттің ыдысы тазалыққа сай емес деп,
бала шомылдыратын ыдысты » Итаяқ» деп атай
бастаған.

Қазақ жаңа туған балаға тігісін сыртына қаратып көйлек кигізеді.
Бұл көйлектің аты» Ит көйлек» немесе » Ит жиде» деп аталады.

Көйлекті қырқынан шығарғанда қырық қасық
суға шомылдырып, шешіп, ішіне құрт- ірімшік, ежігей, бауырсақ салып, иттің мойнына тағып жібереді.

Балалар итті қуып жетіп,тағамды бөліп жеп, ит
көйлекті әжесіне әкеліп береді.
Ит көйлекті енесі жаңа түскен келініне, бала көтере алмай жүрген әйелге берген.

Бірақ көйлектің оң жақ етегінен кесіп алып, сәбиге тұмар жасап берген.
Ертеде батырлар жауға аттанарда, шешендер дауға барғанда, баласының ит көйлегін
жолым болады деп, қойнына салып барған.

Ит Адам ата, Хауа ананы
қорғап, сенімді серігі болған. Сондықтан ит жеті
қазынаның бірі. Қанша қазақ итті қастерлегенмен, асқа иттің аузы адамнан бұрын тисе, жаман ырым деген.

Асқа, тойға сойылған малдың өкпе, жынын ас
біткенше, жегізбеген.
Киіз үйге ит кірмес үшін
жіңішке ағаштан торлы есік жасаған. Оның атын
«Ергенек»-деген.

Қазақта:» Есіктен ергенек кетсе, иттен ұят кетеді» деген. Сойылған малдың етін, ит иіскесе “арам» деген.

Ит жер апаты, сел, көшкінді сезіп, тоқтамай ұлығанда, өлтіріп, жеті тастың астына бастырған. Пәлекет кетсін- деп құдайы берген.

 

Этнограф Райхан Матаева