КЕСКЕКТІ ЖЫРДЫҢ СОЙЫ – МАХАМБЕТТЕН ЖЕТКЕН МҰРАЛАР

Беркініп садақ асынған,
Біріндеп жауды қашырған,
Құм сағыздай созылған,
Құйқылжыған құла жирен ат мінген,
Құйрық-жалын шарт түйген,
Мен кескекті ердің сойымын,
Кескілеспей басылман.
Келелі қара бұлтпын,
Келе жаумай ашылман.
Алдыңа келіп тұрмын деп,
Ар-намысым қашырман.
Сүйегім тұтам қалғанша
Тартынбай сөйлер асылмын.
Ей, тақсыр-ау, ей, тақсыр!
Бойың жетпес биікпін —
Бұлтқа жетпей шарт сынбан! – деп жырлаған, қазақтың әйгілі жырауы, күйші композиторы, отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов бастаған көтерілісті (1836-1837) ұйымдастырушылардың бірі, осы көтерілістің жалынды жыршысы Махамбет Өтемісұлынан жеткен мұралар толық зерттелді деуге әлі де ерте. Еліміздің басқа өңірлерінде хас батыр, алдаспан ақын – Махамбет туралы қаншалықты ашылмаған мұралары барлығы белгісіз. Ақсұңқар жыраудың Патша үкіметінің лауазымды тұлғаларымен және қазақтың тарихи адамдарымен жазысқан жиырмашақты хаты бар екенін айтады деректер. Ол хаттардың мазмұны әлі күнге жұмбақ.

 

Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан Махамбет Өтемісұлына қатысты өте көп мұраларды кездестіруге болады. Өткен аптадағы жазбамызда біз оқырманға Сирек қорда сақталған Исатай баһадүрге қатысты 18 қолжаз бар екені туралы жағымды ақпаратты тарту еткен болатынбыз. Ал Исатайдың сенімді серігі, Алаштың асқақ рухына айналған Махамбет туралы аталған Сирек қорда 30-ға жуық қолжазба бар. Бұл шын мәнінде аса көп мұра болып табылады. Әрине, қолжазбалар қорындағы көптеген мұралар Махамбет пен Исатай батырға ортақ. Мысалы, екі батырға қатысты деректер жинақталған 528 бума (папка) ның ішінде төмендегідей тақырыпта жазылған көне дәптерлер қазақтың екі егей ері мен олардың төңірегіндегі ескі тарих туралы аса мол сырды шертеді. Аталған бір бумада төмендегідей 23 құнды дәптердің болуы да сирек кездесетін құбылыс. Ал басқа бумаларда да ғылыми қауым жағынан ақтарылмаған қаншама сарғайған дәптерлер жатқанын дөп басып көрсету де қиын.
1) Баймағамбет сұлтанға айтқан Махамбеттің толғауы. №1 / Тапсырушы: Василиев 1935 ж. — 6 б. — Араб әрпінде.
2) Махамбеттің Шерниязға айтқаны. №2 / Жинаушы: Т. Күнтуғанов. — 1946. — 2 б. — Араб әрпінде.
3) Махамбеттің елін сағынып айтқаны. №3. — 1940. — 2 б. — Араб әрпінде. Қарашев Меңдіғалидан.
4) Исатай-Махамбет. Исатай батыр туралы. Исатайдың Махамбетке айтқан сөзі. №4. — 1939. — 1 б. — Латын әрпінде. «Октябрь балалары» газетінен 29.11.1939; Жинап бастырған: Ертай Құлсариев.
5) Махамбет өлеңдері: Махамбеттің айтқаны. Исатайдың Махамбетке қосылуы. Ей, Махамбет жолдасым. Атадан туған көп еді. Исатай деген ағам бар. Алайма атым алайма. Садағына сары жебе салдырған. Исатайдың Махамбетке айтқаны. №5 / Жинаушы: Н. Биханов. — 1938-1940 . — 18 б. — Араб және латын әрпінде.
6) Биқанов Насиболланың Исатай туралы айтқандары. Исатайдың өз толғауы. Исатайдың бірінші рет ханға қарсы шығуы. Исатай туралы. . № 6 / Айтушы: Қ. Ажмұхамбетов, Х. Халелов, Баялиев; Жинаушы: Ә. Сарынов. — Қ. ж., 1938. — 31 б. — Латын әрпiнде.

 

7) Махамбеттің өмір тарихы. Мен мен едім, мен едім. Сөйлесем даусым аңқыған. Ереулі атқа ер салмай. №7 / Тапсырушы: Мұрат Қүсниев. — 1940. — 10 б. — Араб әрпінде.
8) Исатай, Махамбеттің қысқаша тарихы мен шығармалары туралы. №8 / Айтушы: Аякеш Өмірзақов. — 35 б.
9) Батыр Исатай мен Махамбет. №9 / Айтушы: Мұсатай Ақынжанов. — Қ. ж., 1941. — 4 б. — Ленин жолы газетінен.
10) Қазақ батырлары Исатай, Махамбет. №10. — 9 б. — Латын әрпінде.
11) Исатай, Махамбет көтерілісі туралы. №11 / Жинаушы: Құрманғалиев. — 1944. — 4 б. — Араб әрпінде.
12) Махамбет батыр туралы және өлеңдері. №12 / Жинаушы: Ғайни Жұмалиев. — 1948. — 9 б.
13) Құламан ақын. Исатай туралы өлеңі. №13 / Айтушы: Сәттіғұл Жанғабылов. — 1940. — 6 б. — Латын әрпінде.
14) Байшеркешов, Тайыр. Исатай көтерілісінің басты адамдары. №14 / Байшеркешов, Тайыр. — 1 б. — Латын әрпінде. «Екпінді құрылыс» газетінен
15) Махамбет туралы ертегі және Махамбеттің өлеңдері. №15 / Тапсырушы: Қиыс Жұбанышов. — 1940. — 5 б. — Латын әрпінде.
16) Махамбет Өтемісұлы туралы әңгімелер. №16. — Қ. ж. — 13 б.
17) Махамбет туралы. Ағатайдың Берішке ұран болуы. Айтуар туралы. Сырым батыр мен Саржала. Тегісбай батырдың Тұрланды тоқтатуы. Бөкен би. Әлен хан мен Шернияз ақын: Әңгіме-аңыздар. №17. — Қ. ж. — 6 б.
18) Махамбет өлеңдерінің жинағы. №18 / Ғылым Акад. Қазақстандық фил. — Алма-Ата, 1938. — 59 б. — Латын әрпінде7
19) Жұмалиев, Қажым. Махамбет ақын: Исатай- Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі. Махамбет поэзиясы. Махамбет реалист. Махамбет Адам образын қалай жасады. Махамбет өлеңінің құрлысы. Махамбет поэзиясының тілі. Махамбеттің басқа ақындарға әсері. Махамбет өлеңдерінің мәні қандай?. №19 / Жұмалиев, Қажым. — Алматы, 1938. — 98 б. — Латын әрпінде.

 

20) Махамбет өлеңдерінің орысша аудармасы: Стихи Махамбета. №20. — 97 с. — Перевели на русский язык Никольская и Ш. Бекмахамедов.
21) Махамбет өлеңдері. №21. — 57 б. — Латын әрпінде.
22) Қашаған жырау. Меңдіхановты бандылар өлтіргенде Қарашовтың айтқаны. №22 / Жинаушы: Н. Биханов. — 5 б. — Латын әрпінде.
23) Жұмалиев, Қажым. Махамбет ақын. №23 / Жұмалиев, Қажым. — 91 б. — Латын әрпінде. 1938 жылғы баспаға әзірленген еңбектің 1 редакциясы.
Айтып отырғанымыздай бұл көрсетілгендер тек бір ғана буманың (№ 528 папка) ішіндегі Махамбет батырға қатысты жазбалар. Аталған буманың Махамбет пен Исатайды зеррттеуде алар орны әрине бөлек.
Бұдан сырт, Шөреков Ығылман жырлаған «Исатай мен Махамбет» атты 75 беттен тұратын дастанның маңызы ерекше. Бұл жазбаның сыртында «Жинаушы: Мұхаметжан Ысхақұлы; Тапсырушы: К. Жәнібеков. — 36 парақ. — Араб және кирилл әрпінде», – деген ескертпе бар. Бұл аса маңызды жазба «1449 – Қолжазбада» сары майдай сақталған.
Махамбет туралы мұралардың ішінде тағы бір маңызды жазба «История восстания Исатая Тайманова и Махамбета Утемисова : Ход восстания. Действия карательных отрядов. Восстания в Малой Орде. — 1837. — 107 с. Шифры: 1179 – Рукопись» (Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы көтерілісінің тарихы: Көтеріліс барысы. Жазалаушы отрядтардың әрекеттері. Кіші Ордадағы көтеріліс) деп аталатын бума. Орыс тілінде жазылған 107 беттік тарихи сараптамақолжазбаны да тарихшылар мен әдебиетшілер көбірек парақтағаны жөн.
Қорыта келгенде, қазақтың небір заңғар тұлғалары туралы, өткен-кеткен ащы-тұщы тарихы туралы жазылған, сақталған қолжазбалар Орталық ғылыми кітапханада аса көп. Солардың бір тобы деп Махамбет батыр туралы жазылған жазбаларды айтуға болады. Бүгінге дейін Махамбет төңірегіндегі тақырыптар мейілінше қаузалды дегенімізбен, қолжазба құжаттардың бәрі дерліктей қаралды деуге негіз жоқ. Сондықтан, ел тарихын түгендеудей салмақты да абыройлы міндетті мойындарына жүктеген бүгінгі ұрпақтар көнекөз жазбаларды көбірек зерттегені жөн.
Арғымақ, сені сақтадым,
Құлағың сенің серек деп.
Азамат, сені сақтадым,
Бір күніме керек деп.
Жабыдан туған жаман ат
Шаба алмайды бөжектеп.
Қырдан қиқу төгілсе,
Еділге таман үңілсе,
Арғымақтың баласы
Шабушы еді безектеп.
Жақсы менен дос болсаң,
Айрылмас күні қос болсаң,
Басыңа қиын іс түссе,
Алдыңнан шығар өбектеп,
Жаныңа не керек деп.
Жаманменен дос болсаң,
Айрылмас күні қос болсаң,
Басыңа қиын іс түссе,
Басқа кетер бөлек деп.
Қолдан берер есептеп,
Сыртыңнан жүрер өсектеп.
Ат — жігіттің майданы,
Қылыш — жанның дәрмені,
Өлім — хақтың пәрмені.
Атақты ермен бірге өлсе,
Жігіттің болмас арманы.
Өте шыққан қызыл гүл,
Бұ дүниенің жалғаны.
Деп Алаш ауызында мың жылға жатталатын өршіл жырлар жазып кеткен «Кескекті ердің сойы» – Махамбет батыр туралы Орталық ғылыми кітапханада сақталған қолжазбалар туралы жазылған мақаламызды батырдың ашылмаған қырын тануға Алаш азаматтары асыға түссе екен деген үмітпен түйіндедік.

 

Әділет АХМЕТҰЛЫ
Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің қызметкері