Кеңестік білім – әлемдегі ең озық білім жүйесі

«Кеңестік білім – әлемдегі ең озық білім жүйесі. Біздің одан сабақ алуымыз керек. КСРО ғарыштық жарыста мектеп партасында отырғаннан-ақ жеңіске жетті».
Джон КЕННЕДИ,
1961-63 жж. АҚШ президенті
Кеңестік білімнің кемеңгерлігі
Кеңес кезеңінің шекпенінен шыққан біз де оқушы болдық. Оқудан қиналмадық, үлкендердің көмегіне жүгінбедік. Үй тапсырмаларын айналдырған бір сағаттың ішінде, кейде одан шамалы уақытта еңсеріп тастап, арқамызды кеңге сала тынығатын едік. Қазір ше? Баланың білім алуға, ізденуге ынтасы жоқ, мектепке ата-анадан именгеннен барады. «Сабағыңды оқы» десең, әр нәрсені сылтауратып, безектейтін болды. Бақсақ, бар гәп сапасыз оқулықта екен. Сорақысы сол – кітапта қате көп. Оғаш олқылықтарды ұлымыз онлайн арқылы білім алған сәтте аңғардық. Мәселен, жаратылыстану пәндеріндегі кейбір тапсырмалардың шешімі дұрыс нұсқамен сәйкес келмейді, құрылымында логикалық байланыс жоқ. Тығырыққа тірелген кезде мұғалімнің көмегіне жүгіндік. Оқытушы тігісін жатқызып жеткізгенімен, түпкі мағынасы түсініксіз болып қала береді. Ұстаз өз саласындағы олқылықтарды айтуға именеді. Бірақ мұның зардабын перзенттеріміз көріп жүр. Осындай машақатқа шырмалып жүрген байғұс балаларымыз мәңгүрттің күйін кешетін болды. Налисың да қоясың. «Тас түскен жеріне ауыр». Онлайн оқу болмағанда бұл сорақылықты сезбейді екенбіз. Сала басшылары өз ұпайының түгел болуын емес, ел ертеңіне шынайы жаны ашыса, Шәкәрім ғұлама айтқандай, әр нәрсеге ақылдың көзімен қарайтын шақ туды.
– Кеңес дәуірінің оқулықтарындағы білім өміршең еді. Ғылыми қауқары зор Жапония мен дамудың көшінде тұрған Англияның дарынды балаларға арналған мектептері біз оқыған оқулықтарды ағылшын тіліне аударып, оқу бағдарламаларына енгізген. Сонда, біздің ұтып отырғанымыз не? Менің қолымда сол оқулықтардың түгелі сақтаулы. Физикадан Ньютонның заңын оқыдыңдар. Оны оқушыларға дене массасының үдеуі әсер ететін күштерді көрнекі құралдармен көрсеткен едік. Қазіргі мектептерде көрнекіліктер жоқ. Бұрынғы физика пәні сыныптық ерекшеліктерге сай, сатылап күрделенетін. Жаңа оқулық ұғынуға ауыр формамен құрастырылған. Баланың түсінігіне қиын әрі мұғалімнің зейінінен алшақ. Мұның зардабы пән ұстаздарының білімсіздігіне әкеп соғып отыр, – дейді КСРО және Қазақстанның оқу ісінің үздік қызметкері Төлеген Арконов.
Ағарту саласындағы ағаттықтарға кінәлі салалық министрлік екені басы ашық нәрсе. Біздегі білім саласының құлдырау шегіне жетуге шақ қалғаны жасырын емес. Бұл ойымызды Мұрат Ілиясов былайша ұштайды: «Ньютон, Ом заңдарының ашылғанына 400 жылға жуық уақыт өткенімен, еш өзгермей келеді. Жетпіс жыл сусындап, бүгінде қолданыстан шығып қалған оқулықтың фундаменті әлдеқайда мықты. Кейінгі ұрпақ оқып жүрген физика жиі жаңартылады. Қайталап басудан келген пайда қайсы? Бірнеше мәрте өзгеріске ұшыраған жаңасын әуелгі оқулықтың негізінде мазмұнын сақтай отырып, жеңіл оқылатындай түрлендіріп шығаруға болар еді».
Балаңыздың қолындағы бүгінгі физиканың жағдайы осындай. Бар байлықтың қазынасын ғылымға түйген химия пәні не күйде? Қырық жылға жуық осы пәннен үзбей дәріс берген Орынай Ысқақованың өкпесі бір төбе.
– Немерелерімнің болашағын ойлап уайымдаймын. Бұрын химия 7-сыныптан басталатын еді, жаңа бағдарлама бойынша 7-сыныптан оқытыла бастады. Сондағы ұтқаны не дерсіз? Ұтылыс көп. Баланың өрісіне сай құрастырылмаған. Олай болмағанда ше? Оқулықты ғылымға жақын мамандар жазған. Дұрысында, бұл іске мектепте оқушымен тікелей жұмыс істеген білікті ұстаздар тартылуы керек. Бізде керісінше болып тұр. Оқулықты ашсаңыз, ұстаз бен шәкіртті байланыстыратын құрал жоқ. Бала ұғымына сай емес, құрғақ сөз көп. Ең қиыны – химия пәні баланың жас ерекшелігіне сай құрастырылмаған. Физика секілді химияның заңы да қасаң. Өзгерісті талап етпейді. Аңғарсаңыз, әр 3-4 жылда оқулық жаңартылып шығады. Шәкірттер тағы дүбәра күйге түседі. Бұл тұрғыда тек қаржыға қарық болатын баспаханалардың ұпайы түгел.
«Әдебиеттен» не әдеп табамыз?
Отыз жыл ұстаздық қызметте жүрген, Октябрь ауданындағы орта мектептің бірінде әдебиет пәнінен сабақ беретін мұғалім бізге пікірін ашық айтып, артынша аты-жөнін жасыруды өтінді. Сұхбаттасымыз қысымға ұшырайтынын анық аңғартпаса да, жеке басына қауіп төне ме деп алаңдайды. Себебі қазір білім саласында ашықтық жоқ. Қисынсыз бұйрықтан бұйығы болып қалған ұстаз ұлттық рухтан алшақтаған қазақ әдебиетінің бүгінгі ахуалына алаңдайды.
– Жоғары сыныптардың әдебиет пәнінде төл әдебиетіміздің көрнекті маржандары: Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев секілді қаламгерлердің бірегей шығармалары кеңінен қамтылмаған. Оқушылар олардың шығармаларын қысқартылған нұсқада оқып шығады. Себебі бағдарламада бір романды толық оқу міндеттелмеген. Оның орнына шетел әдебиетін кері кетірмейік деген сарында әлем қаламгерлері жайында ақпарат енген. Біз өнеге ететін Жапония, Корея, Қытай ұландарының намысы жоғары, ұлттық рухы қаққан қазықтай мықты. Ең алдымен өрендерін өз жауhарларының туындыларымен сусындатады. Қазіргі оқулықтардан өскелең ұрпақты елі мен жерін қорғауға дәріптейтін, Алпамыс пен Қобыланды секілді қазақтың хас батырларын әспеттейтін өр өлеңдерді таппайсыз. Сайып келгенде, дүбәра әдебиет оқушының кежегесін кейін тартуда.
Байыпсыз бағалау
2013 жылы еліміздің білім саласына оқушы білімін сатылап бағалау үрдісі енгізілді. Бұл жаңартылған білім мазмұнымен қатар келген жаңашылдық болды. Баға – білім көрсеткіші. Бұрынғыдай бес жүйелік бағалау жоқ. Сонда, бүгінгі оқушының білімін қалай бағалайды? Тың реформаға сәйкес, оқушының білімі бірнеше түрге және тармақтарға бөлініп, бағаланатын болды. Оның ерекшеліктерін айтып, түсіндіру бір кітапқа жүк болған. Белгілі бір ғылым саласын меңгеруден кем емес. Бұл жаңашылдықтың қиындығы сол – отандық ұстаздардың барлығы бағалау әдісіне арналған курста оқып шығады. Біздің түсінігіміздегі ең негізгі бағалау түрі мынадай: критериалды, формативті және суммативті бағалау. Тармақталған бағалаулардың ішіндегі формативті, яғни қалыптастырушы бағалаудың бала тәрбиесіне кереағар әсері барын бала жанының бағбандары ойлады ма? Мұғалім өткізілген жаңа тақырыпты оқушылармен ауызша топқа бөлініп талқылайды. Сабақ соңында балалар бірін-бірі бағалайды. Ақырында ұстаз оқушыға қорытынды баға қояды. Еске саларлығы, бағалаудың бұл түрі журналға түспейді. Формативтің сыры мынадай: балаңызда жоғары көтерілген үлкен бармақтың суреті болса – 5, қиғаш бұрылған белгі тұса – 4, төмен түсірген ишаратты көрсеңіз – 3 деген бағаға лайық деген шешім. Төмен баға алып қалған жеткіншектің жігерін мұқалтатын смайликтің әдебі неде? Байыпсыз шешімге барлап қараған бір жан таппадық.
Барлық пәле – бармақтан
Ақылға салып бағамдасақ, әлемнің байырғы мемлекеттерінде жауыздық пен алауыздықтың алды бас бармақты шошайтудан басталған. Ежелгі Римнің гладиаторлары сыйымдылығы 50 мың адамдық «Колизей» амфитеатрына жиналған жұрттың алдында қанды шайқасқа шыққан. Ажалмен арпалысу сәтінде жеңген гладиатор жеңіліске ұшыраған құлдықтағы сарбаздың тағдырын шешуді халықтан сұраған. Егер трибунадағы көпшілік бас бармағын көтерсе «аман қалдыр», ал төмен түсірсе «өлтір» деген нұсқау берген. Тамыры тереңге жайылған елдердің әдеп-ғұрыптарын осылайша зерделей берсең, танымың кеңейе түседі. Білгеннің артығы жоқ. Сақтықта қорлық болмайды қашанда. Егер мына мемлекеттерге сапарға шықсаңыз, жадыңызға түйіп алыңыз: Түркия мен Грецияда, Сауд Арабиясында үлкен бармақты шошайту қорлауды аңғартады. Ендеше, білім көкжиегіне қанатын қомдаған келешектерімізді білместікке салып қорлатпайық.
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ
Қарағанды қаласы