Көшек батыр кесенесі

Көшек Қарасайұлы (шамамен 1620 — 1652) – жоңғар шапқыншылығына қарсы қол бастаған батырдың кесенесі 1999 ж. Талас ауданы, Бөлтірік шешен ауылынан 7,6 шақырым оңтүстікте, биік төбенің үстінде тұрғызылған.
Кесененің қабырғасы сегіз қырлы етіп, силикат кірпіштен өріліп, төбесі күмбезделіп жабылған. Кесененің жанына әскери қару-жарақ нышандары: үш найза, қалқан, қылыш, жебелер салынған қорамсақтың біріктірілген композициясы ретінде қойылған.
Көшек Қарасайұлы Есім мен Жәңгір ханның сенімді серіктерінің бірі. Талас өзені бойында туып өскен. Қазіргі Тектұрмас түбіндегі биік шоқы Көшек батырдың жазғы жайлауы болған. Бұл жерді халық батырдың көзі тірісінде – ақ «Көшек шоқысы» деп атаған. Ел арасында тараған аңыздарда Көшекке Есім ханның өзі хан атағын бергендігі айтылады. Көшек батырдың даңқы Батыр қонтайшының басқыншылығына қарсы соғыста барынша асқақтайды. Көшек батыр Тектұрмас қамалын нығайта отырып, көршілес қырғыздармен қосылып, жау әскерлеріне тойтарыс берген. 1643 ж. Андасай бойындағы Кеңгір деген жерде Жәңгір ханның Батыр қонтайшысының елу мыңдық әскеріне ойсырата соққы берген шайқасында Көшек батыр ерлігімен көзге түсті. Тектұрмас түбінде болған шайқаста Қарадөң атты жоңғар батырмен жекпе – жекке шығып оны жер жастандырады. Көшек батыр жоңғар қонтайшысы Оншанмен де жекпе – жекке шыққан. Жекпе – жекте жараланған Оншаннан қазақтармен соғыспау туралы ант алып, еліне қайтарған. Салқам Жәңгір дүниеден қайтқан соң болған сұрапыл шайқастың бірінде Көшек батыр ерлікпен қаза табады.
Батырдың басына орнатылған кесене бүгінгі күні ауыл-аймақтың көркін келтіріп тұрған тарихи ескерткіш жене жегілікті тұрғындардың жиі келетін қасиетті орындарының бірі.