КҮРЕ ЖОЛДЫҢ БОЙЫНДАҒЫ ТҮЙТКІЛДЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Кейінгі кезде өңірлерді байланыстыратын күре жолдың да, ауыл-ауылға қатынайтын қара жолдың да жағдайы біршама жақсарып келеді. Ұзақ жылдар бойы ауылдықтардың өзекті мәселесіне айналған “Меркі-Шу-Бурылбайтал” тас жолы да жаңара бастады.

Алайда, көршілес ауданмен шекаралас жатқан Бәйдібек ауылынан Шу қаласына дейінгі аралықтағы жолдың сапасына қатысты мәселе тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін. Аталмыш жолды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары өткен жылы басталған болатын. Дәлірек айтсақ, қазіргі кезде Бәйдібек ауылынан Шу қаласының шыға берісіне дейінгі 31 шақырым жолды жөндеу жұмыстары қайта басталды. Осыған байланысты аталған жолдың құрылысына жауапты мердігер “Синьсин” құрылыс және дамыту компаниясы” ЖШС-нің өкілдерімен кездесіп, жолға қатысты бірқатар мәселелерді талқыладық. Сондай-ақ қытайлық компанияның өкілдеріне Шу өзенінен өтетін көпірдің маңынан айналма жол салу, аялдамалар мен жол белгілерін, жарық шамдарын жергілікті халыққа ыңғайлы етіп орнату жөніндегі ұсыныстарымызды білдірдік. Одан бөлек, компания тарапынан жүргізілетін әлеуметтік міндеттемелер де кеңінен талқыланды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жанданып, мердігер компаниямен тығыз байланыс орнатылатын болады.

Бақытжан Жәнібеков , Шу ауданының әкімі