Иса Байзақовтың туғанына – 120 жыл

Дүлдүлі дархан даланың

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов бір сөзінде: «Мен Исамен бір дәуірде өмір сүргеніме мақтан етемін. Мұның ісі арқылы қазақ сахнасына бір үлгілі жаңалық кірді» деген. Иә, қазақтың ақындығы мен актерлік және әншілігі мен композиторлығы секілді сан өнерін бойына сіңірген теңдессіз дара талант иесі – Иса Байзақовтың туғанына биыл 120 жыл толды.
110 жылдығына деректі фильм түсірілді
Қазақтың дара дүлдүлі Иса Байзақов өміріне терең үңілген зеурттеушілердің бірі – елімізге белгілі дәстүрлі әнші, өнертанушы, киногер Ерлан Төлеутай ағамыз. Ол кісімен алғаш Алматыда жолғып, бір-екі сағат әңгімелескенде Иса туралы бір мақалаға жүк болар дүниені көңілге түйіп қайтқан едік. Жүйелеп қағазға түсірудің де реті келді. Ерлан ағамыз осыдан 10 жыл бұрын Иса Байзақов туралы түсірілген деректі фильмнің сценарийін жазып, ақын туралы құпия болып келген көп деректі көгілдір экранға шығарды. Дүлдүл ақынның 110 жылдық мерейтойына орай түсірілген танымдық таспаны «Таң» телеарнасы көрсеткен-ді. Бұл жөнінде ағамыз бүй дейді.
— Алдымен телеарнаның режиссерлері ұсыныс білдірді. «Исаны білетін адам өте аз екен, содан сізге келіп отырмын» деген соң келіспеске амалым болмады. Сонымен іске кірістік. Өкініштісі, фильм менің көңілімдегімдей болып түсірілмеді. Мысалы ақын туралы тұщымды дүние айтады-ау деген оймен сценарийге Серік Қирабаев, Серік Негімов секілді ғалымдарды Әшірбек Сығай, Жарқын Шәкәрім сияқты өнертанушыларды кіргізген едім. Тіпті қоятын сұрақтарына дейін мұқият әзірлегенмін. Бірақ, фильм бюджетіне бөлінген қаржының жұтаңдығына және түсірілімге бөлінген уақыттың тапшылығына байланысты аттары аталған тұлғалардан сұхбат алынбады әрі сценарийдің көп жері қысқартылып кетіпті. Дегенмен, Иса туралы ақпараттық маңызы бар фильм жарыққа шықты. Қазір де арагідік теледидардан көрсетіп жатады, — дейді Ерлан Төлеутай.
Исаның анасы 21 құрсақ көтерген…
Иса Байзақовтың өмірін білетін адамдардың көбі жасынан көп қиындық көрген деп жатады. Бірақ, ақын өмірінің ең ащы кезеңі жайлы көп адам біле бермейді. Ендеше айталық. Иса небары тоғыз жасында анасынан қалған. Қазиза марқұм сонда 21-ші балаға аяғы ауыр екен, сол сәбиін босану үсінде о дүниелік болыпты. Ал, жетім қалған балаларды нағашы шешелері Жанбала қолына алып, бағып-қағып өсірген. Кейін патша жарлығының сойылы бұларға тағы тиді. 1916 жылы 16 жасында «июнь жарлығы» шығып, Арын деген ағасы мен қартайған әкесін тыл жұмысына алып кетеді. Сібірдің Томск губерниясының Анжерка деген жерінде шахтаға түсіп, көмір қазады. Көрмеген қорлықтары қалмайды. 1917 жылға қарай еліне қайтады, бірақ Арын сол жақтан ауруға шалдығып келеді де көп ұзамай қайтыс болады. Иса болыстардан да көп теперіш көрген адам. Тіпті,олар Исаны өлтірмекші де болған. Бұл туралы сәлден соң…
Негізі Иса Байзақовтың көңілі Кеңес өкіметіне түзу болған адам. Оны мына эпизодтардан көруге болады. 1918 жылы Жүніс деген байдың келін түсірген тойында Иса сол өңірге аты мәлім Сағит деген ақынмен айтысып жеңіп кетеді. Сондай жиындардың бірінде Нұрғали Каделенко, Жандай Тіленшин бастаған үкімет адамдары жолығып, партияның үгіт-насихат жұмыстарына тартады. Өзі де жаңашылдыққа құштар кісі болған болса керек. Сәйділдә деген шеберге оншақты домбыра жасатып, тұңғыш рет оркестр құрып, концерттер ұйымдастырған. Ел концертке көп келеді екен. Бірақ, ауылдың молдалары бұл ісіне қарсы шығып, жын ойнақ жасадың деп айыптайды. Сонымен бірге, ескі көзқарастағы болыстар да оның жаңаша өнеріне тосқауыл болуға тырысады. Өйткені, бұрын ондайды көрмеген ғой. Иса соған жауап ретінде «Болыс» деген пьеса жазып, Ақсу қаласына қарасты Қызылжар ауылында қойған. Өзі сонда басты рөлді сомдап, көп әйел алғыш тоғышар болыстарды сынайды. Сонымен, қайырымсыз байлар мен зорлықшыл болыстардың және надан молдалардың өшпенділігі одан сайын арта түседі. Бірде сол маңайда Шайық деген озбыр байшыкештің жағымсыз әрекеттері Исаның сын садағына тағы ілінеді. Соның әсерінен ол болыстыққа өте алмай қалыпты. Шайық болыс болса Исаны және оның сенімді серігі болған Вагиз Шамсудинов деген мұғалімді өлтірмекке бекінеді. Ол кезде Кеңес өкіметі енді орнап жатқанымен елді қорғайтын дұрыс заң жоқ. Барлық билік шолақ белсенділерде. Қолында күші барлар білгенін жасап жүрген кез. Содан қарулы байлардың ауылға келіп қалғанын Хамза деген немере туысқаны көріп қалып, бірден хабар береді. Қапылыста Иса мен Вагиз екеуі ауыл тұсындағы өзенге қойып кетіп, арғы беттегі қамыстың арасына жасырынып, әзер аман қалған.
Тыныбек батырдың ұрпағы
Жалпы, Иса Байзақовтың бойына осындай ақындық, әншілік, сазгерлік сынды сан өнер қайдан келді деген сауалдың туындауы заңдылық. Әлбетте, ақынның арғы тегі де текті болған-ау деген ой келеді.
— Негізі, аталарының атамекені – Атбасар, Қорғалжың өңірі. Олар Абылайханның тұсында өмір сүрген Сарыатты деген батырдың ұрпағы. Бұл батырдың лақап аты. шын есімі Тыныбек деген өте батыр адам болған. Бір жорықта Абылайдың атына оқ тиіп, хан жау қолында қалуға айналады. Сонда әлгі кісі өзінің астындағы жүйрік сары атын түсіп берген екен. Жанталас үстінде хан Абылай өзің қайтпексің дегенде, қалың жаумен жан алысып, жан берісіп айқасып жатқан Тыныбек: «Мен өлсем қазақтың қолы бір адамға азаяды, ал сіз өлсеңіз бүкіл елге қатер төнеді» депті. Міне, содан Тыныбек – «Сарыатты» аталып кеткен. Сол кісінің Баянбай, Атыбай, Тілеуберді деген үш ұлы болған. Солардың Тілеубердісінен Исаның аталары тарайды, — дейді өнертанушы Ерлан Төлеутай.
Жасында Шекен байдың қойын баққан
Оның дүлдүл ақын болып қалыптасуына шешесі Қазизаның берген тәрбиесі зор әсер етті. Ол кісі де көптеген жыр-дастандарды судыратып жатқа айтатын асқан қабылетті жан болған. Сол секілді нағашылар жағы да өнерден кенде болмаған. Бірақ, әкесі Байзақ баласын жастайынан малға салған, Шекен деген байдың қойын бақтырып, күндерін көреді. Сонда Мұса деген естияр ағасы інісінің біреудің жалшысы болуын қаламайды. Мүмкін, келешекте мықта ақын боларын сезген болса керек, әкесіне айтып жүріп қой соңынан құтқарып қалған екен. Қойдан қолы босаған соң біртіндеп ойын-сауық, той-жиындарға қатыса бастайды. Бір нағашы ағасы Рахмет деген кісі қарағайдан домбыра шауып беріп, жиенінің өнердегі жолына өткел салады. Әлгі Шекен деген байдың Бәтиха есімді оң жақта отырып қалған қызы болыпты. Өзінің бұзықтау ағалары бар екен, солардың сұсынан қорыққандықтан сөз салуға кез-келген жігіттің дәті бармайды екен дейді. Содан әлгі қыз жас болса да Исаға сырын ақтарып, ақыл сұрайды. Бала ақын бірден оны былай деп өлеңге қосады:
Қызы едім Бәтиха атты Шекен байдың
Ақ жүзім жарығындай туған айдың,
13-тен 30 жасқа күйеу таңдап
Білмеймін неғыларын құдайымның.
Өлең бірден ауыздан ауызға тарап, қыздың әкесіне де жетеді. Содан кейін ел-жұрттан ұялғаннан қызын өзінің сүйгеніне қосыпты. Бұл өлең Исаның ел ішіне танылуына көп әсер етті. Сонымен қатар, өлеңнің күшін сезіп, бір ауыз сөзбен бір адамның тағдырын шешіп тастауға болатынына көзі жетті. Осыдан кейін өлеңге деген құмары ашылып, алға ұмтыла түсті. Бірде жас Исаны Бабашайық деген ағайыны Ерейментау өңіріне ертіп барады. Қанжығалы елі ғой. Сол жерде Жұмабек деген дәулетті адаммен бірге бір мәжілісте болыпты. Әлгі ағасы енді мына байды мақтау керек, мейірімі түссе атты да мінесің, шапанды да киесің деп желпіндіріп қояды.
Сонда Иса былай төгіліпті:
Ауылым Қазыбектің бауырында,
Мекенім Семен, Шекен ауылында,
Күте алмай мені елінде қор етіп жүр,
Бала деп піскен жеміс қалыбында.
Руым Арғын – Алтай мен бір бала,
Сөйлемей жақ берген соң қалайын ба?
Ерігіп елсіз жерде жүре алмаймын,
Ұстайтын қаршыға ғып аға бар ма?! – деп бастап, ұзақ жыр толғап, арасында өзінің қамқоршысы жоқ екенін, бойында өнері тасып тұрғанымен өз ауылы оның қадіріне жетпей жүргенін тілге тиек етеді. Жұмабек бай да өнерді түйсінетін көшелі адам екен, Исаның астына ат мінгізіп, арқасына шапан жабады. Осы сапардан кейін оның ел ішіндегі беделі тіпті арта түсті. Себебі, ол кезде алыстағы байлардың қолынан ат мініп келу зор абырой болған.
Ұстазы Иса ақынның Құдайберген…
Иә, жоғарыда Исаның өнер жолына келуіне анасының берген тәрбиесі әсер етті дедік. Дегенмен, жас өнерпаздың қанатын қатайтып, шарболаттай шыңдаған ұстаздары туралы сөз айтпай кету – ағаттық. Исаның алғашқы мұғалімдерінің бірі – Құсайын Күрлеуітұлы. Уфадағы атақты Ғалия медресесін бітірген зиялы адам. Ол шәкіртіне ескілік әдетін емес, жаңа заман ілімін үйретті. Фирдоуси, Сағди, Омар Хаям секілді басқа да шығыс шайырларының жырларын жаттатып, солардың әлеміне үңілуге жол сілтейді. Құсайынның айтуымен Иса Міржақыптың «Оян қазағын» оқып, керемет рухтанған. Исаның өнер әлеміндегі жұлдызын жаққан басты ұстаздарының бірі — Құдайберген Әлсейітов. Ол Құдайберген ақынмен шамамен 10 жасында жолығып, ақындық дертіне шалдығады. Құдайберген Арқа әндерінің ішінде желдірме дәстүрінің негізін салушылардың бірі және атақты Үкілі Ыбырайдың өзімен айтысқан айтулы ақындардың санатында болған өнерпаз.
«Өлеңді жатып та айтам тұрып та айтам,
Бір башпай, бір шынтақпен жүріп те айтам», — деген атақты желдірмесімен тарихта қалған тұлға. Иса осы Құдайберген ақынды пір тұтып, одан атақты айтыстарды тегіс жаттап, ұстазының өнерін түгел игерген соң, өз соқпағын табады.
— Бізге Исаның екі желдірмесі жеткен. Екеуі де бірінен бірі өтетін таңғажайып туындылар. 1966 жылы қазақтың белгілі режиссері Әзірбайжан Мәмбетов «Ән қанатында» деген бір ғажап көркем фильм түсірді. Сценарийін Николай Анов деген орыс жазушысы жазған. Өйткені Н.Анов Әміре мен Исаның қасында болған, олардың өмірі мен өнеріне қанық болған, әрі Г.Потанин сияқты қазақты жақсы көрген адам. Сол фильмде басты кейіпкерді Әнуар Молдабеков сомдағанымен Исаның «Желдірмесі» (II-түрі) Ермек Серкебаевтың орындауында берілді. Ермек Серкебаев өзінің сұрапыл үнімен Исаның «Желдірмесін» әлемдік классикалық музыканың биігіне көтерді, әлемдік операның күрделі арияларымен шендестірді. Өкінішке қарай, Исаның біраз дүниесі бүгінгі күнге жетпей жоғалып қалды. Ішінде талан-таражға түсіп кеткендері бар. Мысалы, өзінің сүйгеніне арнап шығарған «Қалқа» деген әнін Қалқа Жапсарбаевқа теліп жіберді біреулер. Иса ауырып жағдайы қиынға айналғанда Сәбит Мұқанов ағамыз ақынның өмірін өз аузынан жазып алуды жазушы Сапарғали Бегалинге тапсырады. Иса Сапарғали ағамызға өз өмірін әңгімелеп отырып, өзінің «Қалқа» әнінің Қалқа Жапсарбаевқа телініп кеткеніне қынжылады, — дейді Ерлан ағамыз.
Әншінің орындауындағы біраз әндері бізге орыстың музыкатанушылары арқылы жетті. Атап айтсақ, Александр Затаевич 1922 жылы Орынборда жолығып, «Бике», «Кәкен», «Маныш-Ханша», «Жар-жар» секілді бірқатар халық әндерін жазып, нотаға түсіріп алған. Ал Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнінің Күләш Байсейітова орындаған операдағы түрі осы Иса Байзақовтың өңдеуіндегі нұсқасы екенін айтқанымыз жөн. «Гәккуді» Жібектің ариясына пайдалану үшін «Қыз Жібек» операсының композиторы Евгений Брусиловский Исаның өз аузынан жазып алған. Сол секілді «Үридай», «Алтай» «Кең сарай», «Бір бидай» «Қалқа», «Кербез сұлу» секілді әндерін Борис Ерзакович Исаның өз орындауында нотаға түсірген. 1930 жылдары көптеген халық әндерінің өлеңдері ескілікті жырлайды деген желеумен «сотталды» ғой. Сонда мына «Назқоңыр», «Көгершін», «Ісмет» сияқты халық әндерінің сөздерін қайта өңдеп жазып, аман алып қалған. Бұл туралы деректер «Ертістің Павлодар өңірінің әдеби картасы» сайтында толық келтірілген.
Аяқталмаған шығармалары бар
Исаның әндері ғана емес, өлеңдері де қолды болды. Мәселен өзі пір тұтып өмірбойы қастерлеп өткен Махамбет жайлы поэмасы еш жерде жарық көрмей кетті. Төлеген Тоқтаровқа арнаған поэмасы да осының кебін киді. Арал балықшыларының 1916 жылғы көтерілісін бейнелейтін «Қырмызы — Жанай», екінші дүниежүзілік соғыстың батыры Мәлік Ғабдуллин жайлы «Мәлік бейнесі» дастандарын аяқтауға ақынның өмірі жетпеді.
Бұрын Иса Байзақовпен айтысуға көп ақынның жүрегі дауаламайды екен. Мынадай бір қызық оқиға болыпты. 1943 жылдары болса керек, Алматыда республикалық ақындар айтысы өтеді. Сол айтысқа Иса қасақана қатыстырылмайды. Тіпті кей ақындар бұл айтысқа Иса қатыспасын деп шарт қойған деседі. Себебі, ол кезде қазақта Исаға қарсы шыға алатын бір де бір ақын жоқ еді. Алайда бұл айтыста да жолындағылардың бәрін бұзып-жарып, сахнаға шығып келіп, жыр-дастандарын төгіп-төгіп жібереді. Оның ақындық шабытына тәнті болған көрермендер де қиқулап қоя береді. Сөйтіп қазылар Исаға еріксіз бас бәйгені берген деседі. Сондай мінезді әрі қызуқанды адам екен. Жамбылдың алдын көрген Саяділ Керімбеков деген мықты ақын Исамен бір заманда өмір сүрген. Сол кісінің өзі: «Мен Исаның алдында өлең бастап, онымен айтысуға батылым бармады» деп мойындаған. Торғайлық тағы бір дүлдүл ақын Нұрхан Ахметбеков болса:
Исаның ақындығы менен басым,
Екпіні құлатқандай таудың тасын, — деп замандасының ақындығын табиғаттың дауылына теңейді. Ғарифолла Құрманғалиев: «Әміредей әнші, Исадай ақын жоқ» деп кесіп айтқан. Қазақтың алыбы Қажымұқан бір сөзінде: «Қасымда Иса мен Әміре болса, шіркін! Маған одан артық дүниенің керегі жоқ» деген екен. Себебі, Қажымұқан, Иса, Әміре үшеуі қысқа ғұмырда бір бірінің қадіріне жеткен тұлғалар. Елубай Өмірзақов бір естелігінде: «Исамен талайлар айтысты, бірақ біреуі де онымен тең түсе алмады» дейді. Тіпті, ол кездегі ақындарға онымен айтысып жеңуді былай қойып, тең түсудің өзі арман болған ғой. Қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжолов болса, «Мен өлгенде Исаның жанына жерлеңдер, бірақ әдебиетте менің атым одан кейін тұрсын» деген өсиет қалдырған. Бірақ, ақынның ол аманаты орындалмады, Иса іздеусіз қалды. Ақынның жас кезінде ел оны Үкілі Ыбыраймен айтыстырмақшы болады. Сонда: «Мен ұстазым Құдайберген Әлсейітовпен айтысып, жеңген адаммен сөз сайыстырмаймын» деп жолын берген. Риза болған Үкілі Ыбырай Исаға батасын беріп, бауырына басады. Бұл оқиғаны Сәбит Мұқанов өз көзімен көріп, жазып қалдырған.
Мойынқұмда адасып, ауру болды…
Иса Байзақовтың мемлекеттен алған жалғыз сыйлығы бар. Ол — 1939 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталуы. Басқадай бір сыйға бөленбеген жан. Бірақ соған қарамастан өте халықшыл және өнерге аса адал, өзі өмір сүрген қоғамның мұң-мұқтажын білген, жанымен ұққан адам. Мысалы соғыс кезінде ел аралап, өнер көрсетіп 1 миллиондай қаржы тауып, оны майдан қорына аударған. Сондай сапарларының бірінде Мойынқұм даласында боранда адасып кетіп, екі өкпесін суыққа алдырады. Бұл кесапат оның ажалына себеп болды кейін. Өзі майданға ақша жіберіп жүрсе де екі баласы Алматыдағы интернатта аш-жалаңаш өсті. Сабаққа жалаңаяқ барып жүрді дейді. Мұны өз көзімен көрген Хабиба Елебекова айтқан. Ақын сол өзіне ажал болып жабысқан Мойынқұм сапарынан оңала алмай ұзақ ауырып, 1946 жылдың 3 қыркүйегінде өкпе ауруынан ауруханада қайтыс болды. Марқұмның денесін алып кетуге Қасым Аманжолов, Шахмет Құсайынов, Ғабдол Сланов т.б достары барған ғой. Сонда жастығының астынан 15 сом ғана тауып алған. Одан басқа жиған дәулеті, байлығы болмаған деседі…

Тілеуберді Сахаба,
Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің тілшісі.