Қазақи құндылықтардың тағылымы

Тарихыңды білмей болашақты болжау қиын. Қазақ хандығының құрылу тарихына байланысты жазылған тарихи зерттеулер мен әдебиеттердің бәрінде XV ғасырда хандықтың негізін салушылар – Керей мен Жәнібек хандар деп айтылатыны белгілі. Дерек мәліметтерінде көрсетілгендей, «олардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, Жетісудағы Моғолстан атты хандыққа келуімен Қазақ хандығы құрылды» деген пікірді зерттеушілердің бәрі мойындайды. XIX ғасырдың ортасында айтылған бұл пікір қазіргі күндерге дейін тек даму үстінде болды. Бірақ та осы саяси үрдісте жетекші рөл атқарған тұлғалар – Керей мен Жәнібек хандар туралы зерттеулер әлі де боса қажет етуде. Қазақ хандығына 500 жыл толды, алайда қазіргі қоғамда ұлттық рухани құндылықтарымыздан алыстап барамыз.

Қазақы мінез, қазақы рух, қазақы менталитет, қазақы тәрбие деген қасиетті сөздерімізді үлкен мақтанышпен айтып жүрсек те, осы ұлтымыз үшін маңызды ұғымдардың түпкі мағынасы өзгеріп, тек сөз күйінде қалғандай сезімде боламыз. Біле білсек, қазақы құндылықтардың ішкі мәнін терең түсініп, болмысымызға айналдырып, құнды қасиетімізді бойымызда дамыта білсек, қазақ халқында мол рухани қазына, сарқылмас рухани қуат көзі жатыр. Ұлттық құндылықтарымыз ­- ұлтымыздың мәңгілік қорғаушы шамшырағы. Кезінде Алаш ардақтылары ұлттық құндылықтарымызды өз басының амандығынан жоғары қойып, табандылықпен, жанын салып қорғады. XX ғасыр ұландары тоталитарлық режимнің ауыр сынақтарына төтеп беріп, тілімізді, дінімізді жойылып кету қаупінен жандарын салып қорғады. «Қазақ тілім», «Алашым», «қазағым» деген жандардың тазалығынан айналып кетуге болады.

Ал біз, XXI ғасырдың жаңа қазақтары, ұлттық құндылықтарымызды қандай дәрежеде қорғай алып жүрміз? Ұлттық құндылықтарымыздан айырылып, рухани жұтаңдап бара жатқан жоқпыз ба? Ұлттық санамыз қаншалықты ояу? Алаш ардақтыларындай ұлтымыздың алдындағы адами парызымызды орындап жүрміз бе? Материалдық құндылықтар маңызды ма, әлде ұлттық құндылықтар мәнді ме? Кезіндегі әлемді өзінің батылдығымен, даналығымен, өткір қылыштай от ойнаған көздерінің жалынымен шарпыған Атилла, Томирис ханшайымдардың рухы біздің бойымызда бар ма? Сол рухани қуатымызды, ұлттық құндылықтарымызды оятып, әлемге ұлтымыздың рухани жауһарларын жарқыратып көрсететін уақыт жетті.

Ұлттың қорғаны – тіліміз, салт-дәстүріміз, ұлттық бірегейлігімізді көрсететін рухани жан-дүниеміз. Батырларымыз кезінде қазақ халқын сыртқы жаулардан аянбастан «ақ найзаның ұшымен, ақ семсердің жүзімен» ерекше жанкештілікпен қалай қорғаса, тілімізді, салт-дәстүріміз бен ұлттық болмысымызды, осынау баға жетпес байлығымыз – ұлттық құндылықтарымызды өгейсітпей, өміріміздің маңызды бөлшегіне айналдырып, қадіріне жетуге тиістіміз.

Әлемді әуенінің көркемділігімен, тілінің шұрайлылығымен, салтының байлығымен, ұлттық бірегейлігімен тамсандырған қазақтай дара туған халық кемде-кем болар. Басынан мың құбылған алмағайып заманды өткерсе де, ұлттық келбеті мен ұлттық жан дүниесінің тазалығы өшпестей сақталып қалған дәстүр сабақтастығын көздің қарашығындай қорғап жалғастыру біздің міндетіміз. Десек те әлем ойшылдарын тамсандырған байлықтарымыздың қадіріне жетіп жүрміз бе?

XXI ғасырда елде болып жатқан түрлі адами құбылыстар мәдениеттің төмендеуі, салт дәстүрді ұстанбау, түрлі діни ағымдарға кіру, аманатқа қиянат, азғындық істер, батыс елдеріндегі азғындардың бас көтеруі т.б. осы сынды өзекті мәселелер қазақ ұлтының бірлігіне сына қақпайды ма деген қауіп алаңдатуда.

Қазіргі таңда қазақ ұлтының құндылықтарын қалай сақтап қаламыз деген ойды билікке ысырып қоймай әрбір отбасы өз болашағы, ұрпағы үшін ойлануы керек. Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы міндет-өзінің өмірін жалғастырушы саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағы, келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу кезек күттірмейтін іс екені сөзсіз. Халық даналығында: «Бір баланы адам етіп өсіргенше, бір шаһар апат болады» деген сөз бар. Осы салыстырудың өзі-ақ баланың шын мәніндегі Адам болып қалыптасуы қыруар уақыт пен тер төгетін еңбекті қажет ететін аумағы кең, жауапкершілігі мол күрделі іс екенін ұқтырса керек. «Тез қасында қисық ағаш жатпайды» дегендей, сан тараулы тәрбие жолының тоғысар тұсы халықтың өзінде, ата –баба салт санасында, дәстүрінде. Жас ұрпақты ұлттық мақтаныш пен ұлттық патриотизм рухына қалай тәрбиелесек, еліміздің халқымыздың болашағы, даналығы да солай айқын көрінеді

Жаңа Қазақстан үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, т.б. ұлттық құндылықтар аясында кеңейту — өзекті мәселенің бірі. Сондықтан алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістітерімен үйлестіру. Жас ұрпақ тәрбиесінде үйлесімділік заңы салтанат құруы шарт. Яғни ол өзінің өсу, есею кезінде ақ сүт беріп асыраған ата-анасымен де, көкірек көзін ашқан ұстаздарымен де үйлесім таба білуі тиіс. Сонда ғана тұлға бойында ұлттық рухани қасиеттер бірте-бірте қалыптасары сөзсіз. Тұлға бойындағы рухани құндылықтарды қалыптастырудың көзі, отбасы, әулет, әлеуметтік орта, мемлекет болса, ұлтық құндылық, ұлттық салт-сана, ұлт алдындағы міндет, парыз, намыс, ұлттық рух, ұлттық салт-дәстүр, тұлға бойындағы ұлттық құндылықтың жоғары көрсеткіші. Тәрбиенің негізі болып саналатын адамзаттық құндылықтардың бірі тәрбиенің басқа адамға деген қажеттілігі, басқа адамидарды сүйе білу қажетілі болып табылады.

Бүгінгі күнде жастарды әдепті де саналы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат-мұраларды олардың санасына сіңіре білуіміз қажет. Тәрбиенің көзі ата-бабамыздан қалған мұралар мен дана сөздер десек, біз соларды насихаттайтын жүргізушіміз. Бүкіл қоғам болып қолға алып, мәдениетті, тәрбиелі болып жүруді әрқайсысымыз өзімізден бастасақ, жас ұрпақтың тәрбиесі де өз жемісін берері анық.

Нұржан Әбдікәрім,
Шымкент қаласы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бағдарламашысы

FacebookWhatsAppTwitterVKMessengerTelegramEmailРесурс