ХОББИІ ТАБЫСҚА АЙНАЛДЫ

Кейбір жандар бизнеске өзі іздеп келеді, басқалар мол табыс тауып, тәуелсіз болғысы келеді. Ал, Бәйтерек ауылының тұрғыны Гүлхан Бурибаева болса сүйікті ісін табысқа айналдырып отырған кәсіпкер. – Арманға сену керек және
оған жету жолында жұмыс істеу керек. Әйел заты болған соң, үйдегі жақындарың мен балаларыңа арнап күнделікті түрлі тәттілер мен тағамдар пісіреміз. Өзім бос уақытымда тәттілер пісіргенді жақсы көремін. Кәсіп ашқанға – осы хоббиім басты себеп болды, – дейді кәсібін жаңадан бастаған кейіпкеріміз.
Гүлхан Садуахасқызының мамандығы – қаржыгер. Мамандығы бойынша жұмысқа тұрдың сәті түспеген. Оның табыс тағылымы қарапайым. Ол, «Бастау Бизнес» жобасы арқылы қайтарымсыз
грантқа қол жеткізіп, бүгінде тапсырыспен кондитерлік өнімдерді, тәтті тағамдарды пісіреді.
Осыған дейін Гүлхан ауданымыздағы «Теремок» балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі болған. Жолдасы
екеуі екі қыз, бір ұлды тәрбиелеп, жеке кәсіп бастауды ойлапты.
– « Бастау» жобасы ұсынған мүмкіндіктер мен артықшылықтар арқылы жыл басында грант алғанға өтінім беріп, ақпан айында
583 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. 2019 жылдан бері бала жөнінде атаулы әлеуметтік көмек алатынмын, бүгінде кәсібімді бастап, табыс тауып жатқандықтан АӘК-ті өз еркіммен тоқтаттым, – дейді жеке кәсіпкер.
Ол, алған қаражатты кондитерлік өнімдерді пісіруге арналған кәсіби газ плитасын, электр пешін, микротолқынды пеш, мультиварка, электронды таразы және т.б. кәсіби кондитерлерге арналған заттар мен жабдықтарды сатып алғанға жұмсаса, өнімді пісіргенге жұмсалатын азық-түлікті (шикізатты) өз қаражатына сатып алған екен. – Қажетті заттарды сатып алып, ас үйімді толығымен жабдықтап, алғашқы
тапсырысты қабылдаған соң «тапсырысты дұрыс орындай
аламын ба?», «тапсырыс берушінің көңілінен шығады ма?» деп қатты уайымдадым. Мен үшін ең бастысы тапсырыс
берушілердің көңілінен шыққаны, — дейді ісмер әйел. Оның айтуынша тапсырыстар күнде, кейде күнара түсетін көрінеді. Көмекшісі 5-ші сыныпта оқитын қызы. Тапсырыс берушілерің
барлығы дерлік көршілері, ауылдастары. Ол, әртүрлі безендірілген торттар, бәліштер, тоқаш, құймақ, чак-чак, пахлава, кекс сынды кондитерлік тәттілермен қатар, самса, бауырсақ, пельмен, манты, қаттама нан, т.б. тағамдарды пісіреді. Пісірген тағамдарын жарнамалау үшін әлеуметтік желіде арнайы парақша ашып, тағам түрлерінің ассортименті мен бағалары көрсетілген прайс-парақшасын жариялап тұрады.
Гүлхан Бурибаева кәсібін дөңгелетіп, болашақта кішігірім
кондитерлік цехын ашып, ауылдас қыз-келіншектерді
жұмыспен қамтуды көздейді. Мұнымен бірге, өнімдерін
жергілікті дүкендер мен кафелерге де шығарғысы келетіндігін жеткізді.