Ежелгі түркі дәуіріндегі балалар ауыз әдебиеті

Араб халифатына бағынған Жетісу мен Шығыс Түркістандағы түркілер Х ғасырдың ортасында араб әскерлерін талқандап, тәуелсіздік алды. Сөйтіп, түркілердің Қарахан мемлекеті пайда болды. Профессор Немат Келімбетовтің зерттеп-зерделеуі бойынша Сатұқ Боғра-хан Қарахан мемлекетін басқарып, таққа отырды. «Кейінірек Қарахан мемлекетінің жері кеңейіп, Жетісу, Шығыс Түркістан, Шу, Талас, Сырдария алқаптарымен қоса Мауараннахрдың едәуір бөлігін қамтыды» (Н.Келімбетов).

Қарахан мемлекеті мен Қыпшақ мемлекеттік бірлестігі дәуірлеп тұрған кезде, атап айтқанда, Х-ХІІ ғасырларда түркі халықтарында ғылым мен мәдениет, әдебиет біршама дамыды. Ауыз әдебиеті, соның ішінде балалар ауыз әдебиеті, жазба әдебиеті, зергерлік, сәулетшілік өнері қалыптасып, өркен жая бастады.
Белгілі әдебиетші ғалым Немат Келімбетов Орта Азия мен Қазақстан жерінде қалыптаса бастаған патриар-халды-феодалдық құрылыстар туралы былай деп жазды: «Орта Азия мен Қазақстан территориясында бірте-бірте патриархалды-феодалдық мемлекеттер құрыла бастады. Орталық Азиядағы көптеген тайпалық одақтардан бірігіп пайда болған осындай ежелгі феодалдық мемлекеттердің бірі Түрік қағандығы (552-745 жылдар) еді. Бұл қағандыққа енген тайпалар алғашта Алтай мен Жетісудың бір бөлігін мекендеді…» (Н.Келімбетов, «Ежелгі дәуір әдебиеті», жоғары оқу орындары филология факультеттері студенттеріне арналған оқулық, Алматы, «Ана тілі» баспасы, 1991 жыл, 24-бет).
Сақтар мен ғұндардан, қаңлылар мен үйсіндерден кейінгі түркілердің (Түркі қағанаты (552-745), Түркеш қағанаты (704-766), Қарлұқ қағанаты (766-940), Оғыз мемлекеті (ІХ-ХІ ғасырлар), Қарахан мемлекеті (940-1212) дәуіріндегі) ауыз әдебиетін, жазба әдебиетін, салт-дәстүрі мен мәдениетін зерттеген ғалымдар – Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Х.Сүйінішәлиев, Н.Келімбетов, М.Жолдасбеков, Т.Жұртбаев және өзгелер балалар ауыз әдебиеті жайлы ғылыми пікірлер қалыптастыра қоймады (Біз бұл жерде Ә.Марғұланның ғұн дәуіріндегі балаларға арналған төрт түлік мал туралы ел аузындағы ардақ сөзін еске түсіреміз). Біз осы дәуірлерде түркілердің мәдениетінде (жазба әдебиетінен басқа) балаларға арналған ауыз әдебиеті үлгілеріне назар аударуға тырыстық. Демек, біздің көтеріп отырған мәселеміз қазақ әдебиеттану ғылымындағы бұрын зерттелмеген өзекті мәселе, тың тақырып екеніне әдебиетші ғалымдардың назарын аударғымыз келеді.
Ежелгі түркі дәуіріндегі балалар ауыз әдебиетінің балалардың рухани дүниесін кеңейтуге ықпал еткені даусыз. Балалар мен жасөспірімдерді ерлік пен қаһармандыққа баулитын ертегілер, аңыз әңгімелер жастарды сыртқы жауларға қарсы күресуге тәрбиеледі. Бұл дәстүр ежелгі сақтар мен ғұндардан келе жатқан үрдіс еді.
Балалар ауыз әдебиетіне жататын «Ашын бөрі», «Көк бөрі аңыздары», «Ердәулет пен көк бөрі», «Бөртешін ұста мен көк бөрілер», «Бөрі ханының сұлу қызы», «Алтын білезік», «Ақылды Ақбозат», «Ұшатын көкжал», «Бөрі кейпіндегі сұлу қыз», «Ұмай ана», «Диқан баба» сияқты ертегілер мен аңыздар, «Шу қаған», «Оғыз қаған», «Көк бөрі», «Ергенекон», «Күлтегін», «Тоныкөк» дастандарының балалар әдебиетіндегі орны салмақты.
«Ердәулет пен көк бөрі», «Ұшатын көкжал», «Көк бөрілер» атты ерте-гілерде бөрі балалармен дос болып, жаумен бірігіп шайқасады, ерлік істері баяндалады.
«Ұшатын көкжал» деп аталатын ертегіде бала Ерболған мен оның досы – ұшатын көкжалдың достығы сипатталады. Жас батыр Ерболған жаумен шайқасып жатқанда ауыр жараланады, сол кезде ұшатын көкжал Ерболғанды жау ортасынан аман-есен алып шығады.
«Ежелгі түркі елінде ұшатын көкжал болыпты. Ол сегіз жасар Ерболғанмен дос екен. Ерболған тоғыз жасында елін қытай шапқыншыларынан қорғау үшін болған қиян-кескі шайқастарға қатысып, жанқиярлық ерлік көрсетіпті. Аты аңызға айналған досы – ұшатын көкжал Ерболғанды талай мәрте өлім аузынан аман алып қалыпты…», – деп басталатын ертегі көк бөрінің түркі әскерлеріне берген көмегін баяндайды. Көк бөрі ұшып келе жатқан жаудың жебесін тісімен тістеп қалып, баланы ажалдан сақтайды. Көк бөрі тек Ерболғанды ғана емес, соғыс кезінде түркі әскерлерінің қағанын, қолбасшыларын жебеден қорғап отырады.
Көк бөрі культі ежелгі түркілердің ауыз әдебиетінде, жазба әдебиетінде кездеседі. Қасқыр мен баланың дос болуы қазақтың атақты жазушысы М.Әуезовтің «Көксерек» повесінде баяндалады. М.Әуезовтің бұл шығармасы ежелгі түркілердің балаларға арналған ауыз әдебиеті үлгілерімен рухани байланысын дәлелдейді.
«Ердәулет пен көк бөрі» ертегісінде ақылды, әлі он жасқа тола қоймаған Ердәулет пен көк бөрінің достығы туралы баяндалады. Түркі қағанаты Ердәулетке бір жасақ әскер беріп, елдің шетіне шолғыншы етіп жібереді. Ердәулет көк бөріні өзімен бірге алып жүреді. Ердәулет бастаған шол-ғыншылар жаудың қалың жасағына тап болып, қолға түсіп қалады. Көк бөрі жау қолынан сытылып шығады. Ердәулет бастаған түркі жасақтарын жау аңдарды қамап қоятын үңгірге әкеледі. Таң бозарып атқан сәтте көк бөрі үңгірге келіп, күзетшіні өлтіреді де, шолғыншыларды босатып жібереді.
Түркі қағаны Ердәулетті екінші рет ел шетіне шолғыншы етіп жібереді. Жанына көк бөріні ертіп, ел шетіне бет алады. Олар күні-түні жол жүріп, таң ата бастаған кезде Жейхұн өзенінің арғы жағында шатырларын құрып жатқан жау әскерлерін көреді. Ердәулет көк бөріні елге хабаршы етіп жібереді де, өзі сол маңда қалып, қағанның әскерлерін күтіп жатады. Түркі қағаны қалың қолмен келіп жауға ойсырата соққы береді.
Ертегінің қысқаша мазмұны осындай. Ертегіде бала Ердәулет пен көк бөрі елдің қорғаны ретінде сипатталады. Ердәулеттің көк бөріні елге жіберіп, өзі жау қосынына жақын жерде қалуы, көк бөрінің әскерлерді ертіп келуі әсерлі суреттеледі. Жалпы ертегінің мазмұ- ны – бала мен көк бөрінің достығы, бірігіп, ақылдасып, жауға соққы беруі.
Қазақ ертегілеріндегі көк бөрі то-темі адам мен қасқырдың достығын баяндайды. «Бұл тотемді Толстов өзінің «Пережитки тотемизма дуальной организации у туркмен» деген еңбегінде жан-жақты зерттеген болатын. Мысалы, «Оғызнамада» Оғызхан Күннен және Жерден туған екі әйелге үйленеді. Екі әйел оқиғасын матриархаттың тарихтан алаңсыз кеткендігі деп ойлауға да болады. Әйел мен ердің екі расадан жарауы жайындағы «дуализм» Сияуыш аңызында да бар.
Толстов үйлену тотемін барлық түркі тайпаларында бар дей келе: «Түрікмендердің үйлену тотемі және біз келтірген мифтің тегі көп жайды аңғартады. Соның жалпы тарихи сырын анықтаудың өзгеше мәні бар. Бұл мифтерде ерлер мен әйелдер мифы біріне-бірі қарсы қойылған, әйелдер тотемі антропологияланып, олардың орнын адам басады (оған Плано-Карпини келтіретін қырғыздардың аңызы куә). Түрікмендерде алғашқы миф – қасқыр мен ешкі, көк бөрі ойыны өзбек, тәжік, қырғыздарда түсін өзгерткен, калхастарда ол – қасқыр мен ұрғашы марал (немесе ит пен ағаш), қырғыздарда ит – ерлер тотемі, бұл Плано-Карпинише хуангюнг тайпасында да бар. Скиф пен ежелгі Иран жұртында ол – өгіз бен жылан, оғыз тайпаларын-да – өгіз бен қыз (Оғызхан), осы миф бурят, моңғолдарда да бар (Бұқа-Ноян), қидандарда ол жылқы мен сиыр түрінде айтылады», – деп жазған.
Түркі дәуіріндегі балалар ауыз әдебиетінде балалар мен иттердің, өгіздердің, жылқылардың, бұғылар мен маралдардың, киіктердің достығы туралы айтылатын ертегілер бар. Ит пен адамның достығы матриархат дәуірін еске түсіреді. «Бұл – көбіне матриархат дәуірінің культі. Ит б.э.д. VІ-ІV ғасырларда, хұнилер келгенге дейін бүкіл сақ, массагет, Хорезм тайпаларының, одан асса Орталық Азия елдерінің отқа табынудан бұрынғы культі болған. Ит тотемінің екі сатысы болған. Бірінші саты жерлеу культімен байланысты. Екінші сатыда ит отбасының құтына айналған. Бұл – патриархат культі. Мұның ізі «Сырттандар» дейтін ертегіде бар. Мұндағы баланы қасқырдан құтқаратын қара ауыз ит адамға болысады, үш күншілік жерден үріп, баланы қасқырдан аман алып қалады.
Жылқы, айдаһар тотемдері де қазақта елеулі болған. Айдаһар мифологиялық, реалистік тотем болып келеді…» (Ә.Қоңыратбаев, «Қазақ эпосы және түркология», Алматы, «Ғылым» баспасы, 1987 жыл, 29-бет).
«Алтын білезік» атты ертегіде төбет итімен қой бағып жүрген Қарлыбай жусан арасынан алтын білезік тауып алады. Қарлыбай алтын білезікті дор-басына салып жатқанда аспанда қара құзғынға мініп ұшып бара жатқан мыстан кемпір көріп қояды. Ол Қарлыбайға келіп: «Алтын білезік менікі, маған бер», – дейді. Қарлыбай: «Бермеймін», – дейді. Қара құзғын Қарлыбайға шабуыл жасайды, Қарлыбайдың қара төбеті көмекке келеді.
«Ақылды ақбозат» ертегісінде тоғыз жасар Қамбарбек жасақтан адасып қалып, ақбоз атын орман ішіне жіберіп, қарағай түбінде ұйықтап қалады. Ақбоз ат алыстан шауып келе жатқан жау әскерлерін көріп, ұйықтап жатқан Қамбарбекті оқыранып, жерді тепкілеп оятады. Сөйтіп, Қамбарбек Ақбозаттың көмегімен ажалдан аман қалады.
Алтай, Орталық Азия елдерінде өгіз иттен соңғы тірлік тотемі болып саналған. Бұл жөнінде С.П.Толстов: «Бұл атаудың бізге қызықты болатын бір жері сол, сонымен бірге ол VІІ-VІІІ ғасырларда Орталық Азияны мекендеген түркі тайпаларының атында жүр» (Толстов С.П. «Пережитки тотемизма и дуальной организации у туркмен» //ПИДО.1935,№9-10. С.15-20).
Түркі дәуіріндегі балалар ауыз әдебиеті – тыңғылықты зерттеуді талап ететін, қазақ әдебиеттану ғылымындағы ғалымдар назар аудара қоймаған үлкен сала. Сондықтан осы кенжелеп қалған ғылыми ізденісті жетістіріп, қолға алған жөн сияқты.

Меңдібай Әбілұлы,
филология ғылымдарының кандидаты, Аймақтық менеджмент академиясының (Павлодар), Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің профессоры, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының доценті, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі