Еститін министр болар деп үміттенейік..! Орынды ұсыныс..!

Қадірлі ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Шырақбайұлы Қарашүкеев мырза!
Маңғыстауда аномальды қуаңшылыққа байланысты ерекше ахуал қалыптасып отырғаны Өзіңізге мәлім.
Күні кеше жағдайды бағамдау үшін елге келіп кеткеніңізді де әлеуметтік желіден біліп отырмыз. Маңғыстауға сапарыңызда Сізбен жүзбе-жүз жолығу мүмкіндігі болмағаннан кейін желі арқылы ашық үндеу жолдағалы отырмын!
Өңірде ондаған жылдар бойы мал жайылымын дұрыс ұйымдастыру жолға қойылмағандықтан және биыл ылғал түспегендіктен ауыл малына қырылып қалу қаупі төніп тұр. Көнекөз қариялар биылғыдай жазғытұры шөп көктемей қалған жағдайдың соңғы 80 жылда болмағанын айтуда. Мұны қазақта «жұт» деп атайды. Егер министрлік қажетті шараларды тез арада қолға алмаса, биыл жылдың аяғы, келесі жылдың басында үлкен жұт болып, малшылар қорадағы малдан айрылып, таяқ ұстап қалатыны анық. Жағдайға жете қанық біршама қауым осыны әлден ескертіп дабыл қағып-ақ жатыр.
Құрмет Талапқазы, Алмасбек Садырбай есімді азаматтар халыққа көмек болсын деп басқа облыстардан шөп тасымалын ұйымдастырып, халықтың ықыласына бөленіп жатыр. Бұл үшін оларға үлкен алғысымызды айтамыз!
Облыс әкімдігі де малды түгендеумен, жем-шөпті арзан әкелуге, басқа өңірлерден шөп оратын шабындық қарастырып, басқа да қосымша ұсыныстармен үкіметке шығып жатқаны жатқаны да белгілі.
Алайда, бұлардың қай-қайсысы да бүгінгі қалыптасқан тығырықтан шығу жолы емес! Жылда жердің күйі жақсы болғанның өзінде қыстан әрең шығатын Маңғыстаудағы екі миллионнан аса мал күзде жаңбыр жауғанның өзінде күйленіп, қоң жинап үлгермегендіктен, қыстан аман шығуы неғайбіл. Қыс қарлы, жер қатқақты болса, қолға қараған мал қырылады да қояды. Сонда ала жаздай бар жиған-тергенін жем-шөпке жұмсаған елдің жайы не болмақ?!
«Қыстың қамын жаз ойла» деген атам қазақ. Бүгін біз азғана көмекке малданып, осылай ұзын арқан, кең тұсауға салынар болсақ, ертең опық жейтініміз анық.
Айранын, құрт-майын, етін сатып, талғажау етіп отырған күнкөріс көзі малынан айрылған жұрт босып, үлкен қалаларға шұбырмай ма?! Ауыл иесіз қалмай ма?! Малдан айрылған қазақтың жайы қалай болмақ?!
Ауылдағы өз-өзін жұмыспен қамтып отырған қарапайым шаруа ертеңгі күніне сенімді болуы керек. Бұл азаматтар да елді, қала берді отбасын азық-түлікпен қамтып, бала-шағасын оқытып, киіндіріп, өсіріп отырған шағын кәсіпкерлер. Ертең осы жұрттың қолындағы бес-он жандық қырылып қалар болса, қалай күн көрмек?!
Ауылдан айрылу деген осы емес пе?!
Осының бәрін бағамдай келе, қалыптасқан ахуалдан шығудың тың шешімін ұсынамын.
Ол — қуаңшылыққа ұрынған Маңғыстауда қалыптасқан ахуалды жұт алдындағы жағдай деп танып, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында шаруалардың малын мемлекет есебінен тегін сақтандыру.
Жұт алдындағы жағдайды шешу үшін күрделі есеп, қиын схеманың, түрлі субсидияның, жиын, жиылыстардың ешқандай керегі жоқ, тек әр үйден, әр шаруа қожалығынан әкімдікте тіркеуде есебі бар малынан бес түйе, он жылқы, жиырма бес қойға дейін өкімет кепіл беріп, сақтандырса болғаны. Бұл аталған мал бас саны — ауылдағы әр отбасының күнелтісінің, болашаққа салған инвестициясының, талғажау мөлшерінің ең төменгі шегі. Ертеңгі күні, жұт болған жағдайда осы көлемдегі малынан айрылған жұрт өкіметтен сақтандырылған мөлшерде өтемақы алуға тиіс!
Мемлекет тарапынан берілетін нақты көмек осындай болуы керек!
Мен бес жүз бас түйесі, мың бас жылқысы, екі мың қойы бар ірі байлардың мүддесін қорғамаймын, олар онсыз да өз жағдайын шешуге қауқарлы, бірі малын солтүстікке тасып әкетті, енді бірі жүк көлігін жалдап, шөп шауып, әкелдіріп жатыр. Жұт болған жағдайда, жартысынан айрылған күннің өзінде қалған жартысымен-ақ көтеріліп, қатарға қосылып кетеді
Сорлайтын да, қиналатын да сол баяғы қорада бес-он жандық ұстап, соның сүтін ішіп, етін сатып, ауысқанына күн көріп жүрген қарапайым қалың шаруа, ауыл тұрғындары! Олар онсыз да мемлекеттен бір тиын сұрамай, отыз жыл бойы өз күндерін өзі көріп келді. Ауылдың негізін құрап, ұстынын құлатпай отырған да солар. Енді қиындық болғанда мемлекет те оларға көмектесуі керек!
Бұндай практика елде бұрын бірнеше рет жүргізілді, бірнеше рет мемлекет миллиардтаған доллар қаржы бөліп, екінші деңгейлі банктерге көмектесті, бір рет азаматтардың несиесін жапты. Ол да кезінде еліміздің қаржы жүйесін сақтап қалуға қажет шара болған болар, бірақ ауылды сақтап қаламыз десек, біз бүгін осындай әрекет жасауымыз керек!
Назарыңызға алыңыз!
Құрметпен, Президент жанындағы Ұлттық Сенім Кеңесінің мүшесі Уайс Ерсайынұлы.