Ермұрат БАПИ, ЖСДП «Ақиқат» төрағасы: Сайлау әділ болса, Тоқаев пен Қосанов екінші турға өтуі керек

ЖСДП сайлауға неге түспеді?

 

— Жақында ЖСДП-ның кезектен тыс президенттік сайлауға бойкот жариялап, бірден Парламент сайлауына қатысатынын жариялады. Соңғы 15 жылда ЖСДП-ның Парламенттен орын алмағанын білесіз, Парламентке өтем деген сенім сізге қайдан келді?
— Бұл сенімнің партия мүмкіндігіне қатысы жоқ. Қоғамдағы саяси жағдайларға байланысты осындай тұжырымға келдім. Біріншіден, елде тәуелсіз, легитимді саяси партия қалған жоқ. Парламентте отырған партиялардың жағдайы белгілі. Тіпті Парламентке өте алмаған партиялардың да биліктің ықпалында жүргені белгілі. Нағыз азаматтық қоғамның мұңын мұндап, жоғын жоқтайтын партия жоқ. Қазір «Ақиқат» боп өзгерген ЖСДП партиясын нағыз тәуелсіз партия деп атар едім. Он жылдың ішінде партия самарқау болғаны белгілі. Оған қоғамдағы әртүрлі жағдайлар себеп, оның ішінде саяси қысым да бар. Ең басты себеп қаржылық тапшылық. Осы себепті Партия өз қызметін ойдағыдай атқара алмай, басты мақсатына жете алмады. Халық бүгінгі саяси жүйеге, алдағы президенттік сайлауға сенбейді, әрі оны бұрынғыдай емес деп ашық айтып жүргендер көп. Халықтың саяси сауаты артып келеді. Сол себепті алдағы парламенттік сайлауда жалғыз легитимді партия «Ақиқатты» қайта жандандырып, азаматтық қоғамның туы етіп алып шығуға зор мүмкіндік туады деп ойлаймын. Егер партиямызға қоғам қайраткерлерін, бизнес өкілдерін, зиялы қауым өкілдерін, әртүрлі сала мамандарын жиып, халықтың көңілінен шықсақ, Парламентке өтуге әбден болады.
— Соңғы кезектен тыс президент сайлауында осы мүмкіншілікті неге пайдаланбадыңыздар? Не кедергі болды?
─ Ол съездің шешімі. Съездің күн тәртібінде ең бірінші президенттік сайлауға қатысу-қатыспау мәселесі тұрған. Жиынға өз бағдарламамды дайындап барғанмын. Ол кезде партияның төрағасы емеспін. Менің партия төрағасы болып сайлануым төртінші кезекте қаралуы тиіс еді. Съездің саяси кеңесі мені кандидат ретінде ұсынып, талқыға салды. Талқылау кезінде делегаттардың көбі бұл сайлаудан опа таппайтынымызды, бұл сайлауда тағы да биліктің дегені болатынын айтып, сайлау науқанына қатысу бекер деген шешім шығарды. Съезд сондай шешім шығарып тұрғанда, «мен сайлауға түсем, кандидат боламын» деп табандап тұрудың реті болмады. Съезд шешіміне бағынып, өз кандидатурамды алып тастадым.
— Тұяқбаевтың кетуі, сіздің төраға болып сайлануыңыз, бірден Парламенттік сайлауға көшу ел арасында «билікпен келісімге келді» деген күмәнға жетеледі. Бұған не дейсіз?
— Билікпен ешқандай да келісім жоқ. Егер бір келісімге келген болсақ, ең алдымен менімен бір мәмілеге келуі керек еді ғой. Төраға боп сайлайтын болса, алдын ала бір ымыра жасалынуы керек еді. Әдетте билік пен партия арасындағы келісімнің классикалық түрі сол. Алайда билік тарапы маған ешқандай ұсыныс жасаған жоқ. Менің билік пен келісімге барып-бармайтыным басқа әңгіме… Ж.Тұяқбаевтың мені төраға болсын деп айтып жүргеніне бір жыл болған.
Елдегі жарымжан, жалғыз оппозициялық партияның сайлауға түспей қалуы елдегі саяси жағдайдың әлпетін сездіреді. Егер біз сайлауға түспесек, ел арасында «партияға қысым болды, сол қысымнан партияның сайлауға түсуге мүмкіндігі жоқ, Ақорда билігі саяси партиялармен санаспайды» деген пікір туы мүмкін ғой. «Билік саяси партияны сайлауға түсірмей қою үшін келісім жасасты» деген өте жаңсақ пікір.
— Бойкоттың қандай пайдасы бар? Бұл ЖСДП жариялап отырған бірінші бойкот емес қой.
— Мұның алдында партия парламенттік сайлауға бойкот жариялаған болатын. Ол сайлау партияның әлеуеті әлсіреген кезбен тұспа-тұс келді. Ол кезде партияның басшылық құрамында болған жоқпын. Сондықтан нақты себеп-салдарын айта алмаймын. Меніңше, партияның сол сайлауға қатысуға қаржылық мүмкіндігі болмады.
— Қоғамдағы жағдайды өзіңіз айтып отырсыз. Халық қандай да бір лидерге, қандай да бір саяси топқа мұқтаж. Дәл осы «темір қызып тұрған» кезеңде оппозицияның бірігуіне не кедергі?
— Оппозицияның бірігуіне билік тарапы қалыптастырған саяси жағдай кедергі. Қазақтан оппозицияның соңғы 20 жылдық, ДВК қозғалысынан бергі тарихын алып қарайтын болсақ, билік тарапынан оппозицияны ыдыратудың барлық амалы жасалды. ДВК-ны қоғамдық қозғалыс екенін мойындап тіркемей қойды. ДВК-ның жарқыншақтарынан бөлініп шыққан «Алға» партиясын да көзге ілмеді. Кейіннен құрылған «Азат», «Азат» пен «ЖСДП»-дан бірігіп шыққан партияны тағы да тіркемеді. Соның салдарынан «Азат» партиясы саяси аренадан кетуге мәжбүр болды. Соңғы 10 жылды алып қарасақ, қоғамда жүйелі саяси күш қалған жоқ. ЖСДП соңғы жылдарға дейін самарқау, бейжай күйде күн кешкен партия болды. Бұл билік үшін өте қолайлы болды.
Билік ғасыр басындағы жас түріктермен биліктен оппозицияға ауып келген жастардың тоз-тозын шығарды. Жартысын қайта қызметке алды, жартысын қудалады, енді бірін шетелге қашуға мәжбүр етті. Салдарынан Қазақстанда заңдық негізде жұмыс істей алатын саяси күш қалмады. Мысалы, қазір астыртын, виртуалды жұмыс жүргізіп жатқан «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы соттың шешімімен экстремистік ұйым деп танылған. Бұл да халықтың оппозициялық ойын тию, қарсылық, протестік ниетіне тосқауыл қою, қоғамның ерік-жігерін жаншып басудан туған әрекет. Сондықтан оппозицияның бірікпеуі оппозицияда жүрген азаматтарға байланысты емес.
Ойын ашық айтатын, белгілі бір ұйымға бірікпеген оппозициялық көзқарастағы азаматтар бар. Олар партия құрудың қиямет-қайым жұмыс екенін біледі. Мен енді түрлі топтардан бөлініп, түрлі репрессиядан аман қалған белсенді азаматтардың басын қосып, партияны парламенттік сайлауға шығаруды азаматтық парызым деп мойныма алдым.

 

Рухани жаңғырудың еш зияны жоқ

— Бір жарым жылдай бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау науқанына қатыстыңыз. Биліктің бастамасын қолдадыңыз. Осы бір әрекетіңізді қалай бағалар едіңіз?
— Ондай болды. «Рухани жаңғыру» мақсатында емес. Биліктің сол кездегі саяси технологтары «Рухани жаңғыру» аясына тықпалаған әрекет бұл. Түптен келгенде «Рухани жаңғырудың» ешқандай зияны жоқ, қоғам рухани тұрғыдан жаңғыру керек. Алайда рухани жаңғырудан бұрын саяси жаңғыру болғаны дұрыс. Алдымен қоғам саяси түрде жаңару керек те, саяси жаңғырудың бір тармағы ретінде рухани, мәдени, тарихи т.б. жаңғыру болу керек еді. Жекелеген азаматтардың ұйымдастыруымен ел ішіндегі сапарларға қатыстым. Менің көтерген мәселем саяси жаңғыру тақырыбы болды. Үйді салған кезде шатырынан емес, тағанынан бастап салады ғой. Ал саяси жаңғыру, саяси реформалау қоғамдық жаңғырудың фундаменті.
— Жақында белгілі бір ақпараттық агенттікте сайлауда кімнің қанша дауыс алатыны жөнінде пікіріңіз шыққан. Болжамыңыз қаншалықты шындыққа жанасады?
— Бұл болжамды ауадан алғам жоқ, елдегі қалыптасқан саяси жағдайға байланысты жасадым. Бұл — Тоқаевтың сайлауы емес, Назарбаев билігін мейлінше созуға арналған науқан. Сол себепті билік бұл сайлауды өзінің сценарийі бойынша өткізеді. Сайлауға парламенттік партиялар өкілдері түсіп жатқандықтан, билік Тоқаевты алып шығады. «Ақжол», «ҚКП» үміткерлеріне 7 пайыздан төмен дауыс бермейді. Егер оларға 7 пайыздан төмен ғып жазып берсе, заң бойынша ол партиялар өзінің легитимдік мәртебесін жоғалтады. Заң бойынша парламентке өтудің өлшемі 7 пайыз. 2-3 орындарға міндетті түрде екі партияны шығаруға тырысады. Ең жоғарғы өлшем 10 пайыз болуы мүмкін, меніңше 7-8 арасында қалдырады. Ал азаматтық қоғамның атынан түсіп, халықтың қызу қолдауына ие болып отырған Қосановқа төртінші орынға лайық пайыз жазып береді.
— Қосановтың екінші орын алуына мүмкіндігі жоқ па?
— Бар. Егер билік ақылға келіп, қоғамда қалыптасқан жағдайды, халықтың Қосановты қолдау динамикасын, күшін анық бағалап, Қосановты төмендетсе, Қазақстанда дүмпу болып кетуі мүмкін екенін ескерсе, Қосановты екінші орынға шығарады. Дегенмен соңғы кездегі митингілерде халықты жаншу, таяқпен ұрып тарату тоқтаған жоқ. Кеше ғана митингіге қатысқан үш әйелді экстремист деп сотқа тартып жатқанына қарағанда, билік айылын қазір жиғалы тұрған жоқ. Билік полициясына, прокуратурасына, әскери күштеріне сеніп, білгенін істейтін болса, Қосановты екінші орынға қоймайды. Әділ сайлау болып жатқан жағдайда, Тоқаев пен Қосанов екінші турға өту керек. Әділ, таза сайлау болса, Тоқаев 50 пайыз алады деп айта алмаймын. Қосановты екінші орынға шығару биліктің елдегі протестік жағдайды мойындауы деп санауға болады.
— Қосанов екінші турға өтсе, сіздер қандай әрекетке көшесіздер, шахматтың тақтасы секілді саяси тақтада жүрістеріңіз өзгере ме?
— Егер сайлау әділ өтетін болса, екінші тур болады. Бірақ қазіргі жағдайда екінші турдың болуы мүмкін емес. Сайлау әділ өту үшін алдымен сайлау туралы заң өзгеруі керек. Мәселен сайлау өтейін деп жатыр. 1 мамыр мен 9 мамырда көшеге шыққан адамдарды таяқпен ұрып, 15 күнге түрмеге тығып, айыппұл төлетіп, репрессиялық шаралар жүріп жатыр. Мұндай жағдайда билік Қосановты екінші турға жіберіп, қалыптасқан саяси дәстүрін бұзады деп ойламаймын. Қосановтың сайлау алды динамикасын мойындап, 15 пайыз жазып беруі мүмкін. Ал ол екінші тур өткізетіндей нәтиже емес.
— Сайлауға қатысу, дауысыңды беру қаншалықты маңызды болса, дауыс санау да соншалықты маңызды. Сайлау нәтижесін жариялайтын жерде тәуелсіз бақылаушылар болады деп ойлайсыз ба?
— Біз мынаны түсінуіміз керек. Орталық сайлау комиссиясы дауыс санамайды. Дауыс санау 1999 жылы болған, сонымен тоқтады. Мәселен, сайлау біткен соң сайлау жәшігі аударылып, дауыс санау басталды делік. Ал бақылаушы 6 метр алыс тұрады. Яғни, кімнің кімге дауыс бергенін білмейді. Сайлау комиссиясында отырғандардың ішінде бірде-бір азаматтық қоғам өкілдері жоқ. Барлығы мемлекеттен қаржы алатын мекеме қызметкерлері. Қосановтың бюллетеньдерін Тоқаевқа тастай берсе де ешкім көрмейді. Оны ешкімнің тексеруге қақысы жоқ. 1999 жылы парламенттік сайлауда Зайсан ауданынан 9 кандидаттың ішінен 46 пайызбен өткенмін. Менен кейінгі екінші орын алған биліктің адамы 16 пайыз алған. Бұл ең алғаш әділ протокол жасалған кезде анықталған жағдай. Менде барлығы сақтаулы, газетке де шығарғанбыз. Сол кезде Астанадан оппозиционер Бапиді бірінші боп өткізбеңдер деп нұсқау түскен, сөйтіп менің дауысымды 17,1 пайызға түсіріп, билік адамы Рамазановты 17,2 пайызға шығарып, екінші турға қалдырды. 46 пайыз алған мен 16 пайыз алған Рамазановтың жүн-жұрқасын шығарамын деп, округтерді аралап кеткенде, Астанадан екінші нұсқау түсіп, үшінші орын алған және біреуді екінші турға өткізіп, мені мүлдем шеттетіп тастаған еді. Міне, сайлаудың нәтижесі!
— Ол кезде тікелей эфирге шығып, мән-жайды баяндайтын әлеуметтік желі де жоқ қой…
— Билік әлеуметтік желіге мониторинг жасап отыр. Ол жерде де саналы жігіттер бар, барлығын білімсіз деп айтуға келмейді. Сайлаудың қалай жүріп жатқанын, әлеуметтік нақты әлпетін біліп отырған азаматтар бар. Мәселе ұзақ жылдар билікте отырған, құймышағы әбден орынтаққа жабысып қалған шенеуніктердің шешіміне байланысты. Бұл жерде кімнің қанша дауыс алғаны маңызды емес, ОСК-қа қалай тапсырма беріледі, қалай облыс әкімдеріне тапсырма беріледі, нәтижесі солай шығады.
— Сайлауға барасыз ғой.
— Иә.
— Кімге дауыс бересіз?
— Қосановқа.
— Сұхбат бергеніңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан — Бауыржан Карипов