Елорданың ерекше балаларға арналған орталықтары қалай жұмыс жасауда

Мекемеде санитарлық-гигиеналық талаптар қатаң сақталады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Аутизмі бар балаларды әлеуметтендіру мен бейімдеуге арналған «Орда» орталығы 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда БЦП, аутизм, даун синдромы бар балалар емделеді. Орталыққа карантин кезінде жаңа жұмыс режиміне көшуге тура келді. «Қазіргі уақытта орталықта тек кезекші топ жұмыс істейді. Мұнда негізінен өзіміздің әлеуметтік қызметкерлеріміздің балалары бар, өйткені қызметкерлердің 90%-ы ерекше балалардың аналары. Біз олардың үйде жұмыс істеуі үшін, қамқорлығындағы жандарға баруына мүмкіндік беру үшін өзімізге осындай жүктеме алдық. Әлеуметтік қызметкерлердің ұлдары мен қыздары да кезекші топтарда жұмыс істейді», – дейді «Орда» орталығының жетекшісі Салтанат Есмағанбетова. Орталықта барлық тазалық нормалары қатаң сақталады. Әр 40 минут сайын өңдеу-тазалау жұмыстары жүреді. Кіреберісте санитарлық төсеніш қойылған, балалар бетпермен келеді. «Орталықта біз оларға жаңа бетперде береміз, өңдеу жасалады. Қолды дезинфекциялап, температураны да өлшейміз», – деп атап өтті С.Есмағанбетова. Жалпы өзге де жұмыстарға өзгеріс енген жоқ. «Негізгі мақсат – күтім және қамқорлық жасау. Сондай-ақ бізге психолог, спорттық нұсқаушы, логопед-дефектолог секілді мамандар келеді. Тәрбиешілер бейнелеу өнері сабақтарын өткізіп, балаларды серуенге шығарады», – дейді «Балам-ай» қоғамдық қоры орталығының орта және кіші тобы меңгерушісі Зайра Айтбаева. «Орталыққа келіп жүргенімізге үш жыл болды. Ұлым өзін өте жайлы сезінеді. Ол өзіне ұнамайтын жерлерде жүргісі келмейді. Ал, мұнда оған жайлы, қуанышпен келеді. Балабақшаға барайық деп таңмен ерте тұрады», – дейді ерекше баланың әкесі Әлібек Ибрагимов. Қазіргі уақытта ел астанасында 2 996 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Бұл республика бойынша 13,4%-ды құрайды. Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдарды қолдау үшін азаматтық бастамалар орталығы ашылған. Қалада жастар мен балалардың бастамасын қолдауға арналған – 34, жетім балаларға көмек көрсету үшін – 9, әлеуметтік жағдайы нашар топқа – 62 үкіметтік емес ұйым қызмет етеді.