Елорданың есінде қалған Маңғыстаудың мәдени күндері

«ЭКСПО-2017халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында 15-18 тамыз аралығында Маңғыстау облысының «Қарт Каспийден сәлем ал, ерке Есіл!» атты өнер күндері өтті. БАҚ-назарына алдын-ала берілген аңдатпада «15-18 тамыз аралығындабарлығы 38 мәдени шара өтеді»- деген болатын Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі. Бізде өз міндетімізді ұмытпай, толқындары тулап жатқан Кәспиден Арқа төріндегі ұлы дүбір думанға өз сәулетін қосуға келген Маңғыстаулықтардың меркелік күндерін жіті баықлауға алып отырдық. Мәдени шараның басы «Отан ана»монументіне гүл шоғын қоюмен басталды. Сонан ары қарай облыс әкімі бастаған топ жұптарын жазбастан Астана іргесіндегі Қаракерей Қабанбай батыр кесенесі орналасқан ұлттық пантеонға ат басын бұрды. Осында мәңгілік орын тепкен, қазақтың бір туар ұлы, Маңғыстаудың ғана емес, күллі алаш жұртының мақтанышы Әбіш Кекілбайұлы мен, артына сұлу жырдан өлмес мұра қалдырып кеткен поезия патшайымы Фариза Оңғарсынованың басына барып, марқұмдардың аруағына құран бағыштап, тағзым етіп қайтты. Осы күні кеште ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Маңғыстау облысының мәдени күндері «Қарт Каспийден сәлем ал, ерке Есіл!» атты гала-концертпен ашылды. Мерекелік шараға Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар және симфониялық оркестрлер, біріккен би ансамбльдері, ҚР Мәдениет саласының үздіктері қатысып, көпшілікке өнерлерін паш етті.
Сонымен қатар, шара аясында дәстүрлі әндерден ән шашу болды. Оларды ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова және Нұрым Асқанов, Ақмарал Ерімбетова, Алпысбек Оңайбайұлы, Сәбит Шектібаев, қатарлы әншілер орындады. Маңғыстау өлкесіне танымал халықтық ұжым «Жорға» би ансамблі, «Арна» жанұялық вокалды ансамблі және «Настроение», «Экзотика», «Хает», «Шадвал», «Нур», «Альтаир» би ансамбльдері мерекелік шарада өнер көрсетті.
Гала-концерттің салтанатты ашылуына 350 өнерпаз қатысты.

Өңірдің өндірісі өркендейді…

Астанадағы Маңғыстаудың мәдениет күндері тек қана мерекелік шаралармен ғана шектеліп қалған жоқ. 16 тамыз күні сағат 14:00-де ЭКСПО алаңында орналасқан «Kazakh Invest» павильонында аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың қатысуымен инвестициялық кездесу өтті. Маңғыстау облысының инвестициялық потенциалы туралы тоқталған Ералы Ұлықпанұлы, қаржы қосамын деушілерге, барлық ыңғайлы жағдайлардың бар екендігін басып айтты. «4 ай ішінде Маңғыстауға 25 елдің инвесторлары келген. 12 мекеме белсенді жұмыс жасайды. Әсіресе, өңірдің транзиттік мүмкіндігі мол. Мәселен, «Ақтау теңіз порты» экономикалық аймағы іске қосылғаннан бері 74 млрд теңгеге инвестиция тартылған. 231 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Қара алтынның көлемі артып,  жыл сайын 18 млн тонна мұнай шығарылады. Газ өндіру де 15%-ға артып келеді, сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен энергетика және ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған жобаларға басымдық беріледі»- деді Ералы Тоғжанов. «Елбасы алға қойған міндеттерді іске асыруда, соның ішінде инвестиция тарту бағытында Маңғыстау облысында қол жеткен жетістіктер баршылық. Бүгінгі таңда облыстың инвестициялық портфелінде жүзеге асып жатқан 49 жоба және 2 млрд. АҚШ доллар сомасына бірнеше жобаны іске асыру көзделген. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы іске қосылғаннан бері 74 млрд.теңге инвестиция тартылып, 231 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Бюджетке 19 млрд.теңге көлемінде салықтар төленді. Аймақта 12 мекеме белсенді қызмет етуде және мыңнан астам жұмыс орнын құрылды. Осы орайда Маңғыстау облысының әлеуеті зор, келешегі келісті деп білемін. Оған бірнеше себеп бар»,– деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов. Онда облыс басшысы бастаған делегация бірнеше елдің инвесторларымен кездесіп, жалпы құны 350 млн доллар болатын келісімшартты бекітті.

Мұнайлы Маңғыстау қытайлық инвесторлармен экономиканың сан түрлі саласында  сенімді серіктестік орнатып келеді. Облыс Ресей, Түркменстан, Түркия, Әзірбайжан елдерінің компанияларымен тиімді байланыс орнатқан. Үстіміздегі жылдың жартысында бір ғана қытайлық кәсіпорын өңірге 37 млн доллар инвестиция құйыпты. Осындай шаралардың арқасында жыл соңына дейін 26 мың жұмыс орны ашылады. Осы реткі басқосуда теңіз инфрақұрылымын дамыту және жел стансалары құрылысы жобасы бойынша облыс әкімі Ералы Тоғжанов «SANY GROUP» мекемесімен меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, облыс әкімі Фин елінің «Борсила» мекемесімен Маңғыстауда 250 мегаваттық электрстанциясын салу жөнінде келісім шартқа қол қойды. Ал, «СITIC GROUP» корпорациясының өкілдері Маңғыстау облысы Қаражанбас кенорнында су тұщыту зауытын салу жобасын іске асыратындықтарын айтты. Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов Италия елінің өкілімен Лонига қаласы арасында бауырластық жөніндегі келісімге қол қойды. Облыс басшысы өз сөзінде Маңғыстаудың алдағы бағыты- тәбиғи байлық есептелетін мұнайдан басқа салаларды дамытуды қолға алатындықтарын жеткізді. Маңғыстаудың мәдени күндері қарсаңында өткен бұл жемісті кездесудің, өірдің әлеуетін арттырып, экономикасын дамытуда алатын орны ерекше еді. Осы реткі мерекелік шарамен қоса шетел капиталын өз аймақтарына тартудың тамаша үлгісін көрсеткен Маңғыстаулықтардың бұл жетістігі, өзгелерге үлгі болса қанеки….

«Біздің елдің жылқысы кіл көкмойнақ»

Маңғыстау өлкесі тамыры тереңде жатқан тарихымен, бөлекше табиғатымен, дарынды перзенттерімен де ерекшеленетін аймақ. Ол өлкенің ұлдары, кіндік қандары тамған киелі мекеннің арыдан жеткен сарынын, бабалардың ерлік рухын жүректерінен бір сәтке өшірген емес. Жазушылары мен ақындары өз шығармаларын, осы киелі топырақтан нәрлендірсе, жыршылары мен әншілері бағзы заманнан зар толғайды. Қу ағашқа жан бітіріп, қос ішектен қаныңды қыздыратын ғажайып әуенді екпіндете шертетін күйшілері де бабалардың қанды қырғын жорықтарын күй тілімен көзалдыңа тарта қояды. Маңғыстаудың сондай дарынды ұлдарының бірі, күллі алаш жұртының ардақтайтын ақыны-Есенғали Раушанов десек артық кетпеспіз. Кезектегі мәдени шараның аса айшықты бір парағын Маңғыстаулықтар, сүйікті ақын ұлдарының мерейлі 60 жасына орайластырып, әдемі кеш ұйымдастырды. «Шабыт» шығармашылық сарайы, Жамбыл Жабаев атындағы концерт залында Мемлекеттік силықтың иегері, айтулы ақын Есенғали Раушановтың                                                        «Біздің елдің жылқысы кіл көкмойнақ» атты шығармашылық кеші өтті. Кешке Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов және белгілі ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Алдымен, театр әртістері «Ғайша бибі» туындысын сахналады. Келесі бөлімде ақынның сөзіне жазылған әндер айтылып, жастар автордың жырларын жатқа оқыды. Кешті Маңғыстаудан арнайы келген ақын Светқали Нұржан жүргізді. «Дiлiм — қанағат, дiнiм — табиғат». Бұл «Ғайша бибі» туындысының алғысөзі. Көне түркiлiк дүниетаным ерекшелiктерiн саралаған поэма қағанат тарихының табиғи бейнесін сипаттайды.  Сол дәуiрге тән оқиғаларды негiзге ала отырып, көркем шындықты өрнектейді. Айша бибi бейнесi — аңыздағыдан өзгеше арнада өрбіп, тартысқа, санасы қайшылыққа толы күрескер тұлға ретінде көрінеді. «Ғайша бибі» тундысын жайында, ақын, Ұлықбек Есдәулетов аса жоғары бағалап, «оның өн-бойынан көне түркілік заманмен тарихи тамырластық, терең философиялық астарына өңіле отырып айырым зерттеуді қажет ететін дүние»- деп баға берген еді бір сұхбатында.

«Планета боп Есенин айланып жүр,

Есенғали ауылда қой бағып жүр.

Есенғали ауылда қой бағып жүр,

Есенин болсам ба деп ойланып жүр»- деп салған ақын бұл күнде дегеніне жеткен тәрізді. Орыстың әдебиет сүйер қауымы үшін Есенин қандай құрметке лайық болса, қазақ үшін Есенғалидың қадыры да сонан артпаса кем емес қазір. Халық Есенғали Раушановты ең алғаш «Қара бауыр қасқалдақ» арқылы таныған деседі. Бұл туралы ақын Маралтай Райымбек Есенғали Раушановтың шығармашылығына арналған телебағдарламаға берген бір сұхбатында «Есенғали Раушанов әдеби ортаға кеңінен танымал ақын. Шындықты айтуымыз керек, оны көпшілік біле бермейді. Ол интелектуалды, терең ақын, сондықтан көпшіліктің тісі де бата бермейтін шығар. Ең алғаш «Қара бауыр қасқалдақпен» танылды. Сол кезде өлеңнің өзегіне бойлаған, түпкі ойын түсінген Әбіш Кекілбаев екен дейді. Ақынның онан кейінгі шығармашылық жолы алмағайып заманмен тұспа-тұс келді. Аз тиражбен кітап шығатын болды. Есенғалилар танылатын кезде заман мың құбылды»- деген болатын. Өлеңінің өн-бойында жыраулар поезиясының сарыны жататын, соған жаңа леп, жаңа мазмұн берген, көне сөздерді ғажапйып шеберлікпен жыр жолдарына сіңіре жарлайтын ақынның өлеңдері оқырман жүрегіне бойлап кететіні бар.

«Тасырқағанда тас жауған,

Тау болды ұйқтар айлағым,

Қасқырдан анау қас жаудан,

Тартып –ап апан жәйладым.

Суықта суыр асым боп,

Сусыным бастым мұзбенен.

Жатыны мұның асыл деп,

Жандастым қабылан қызбенен»- дейтін рухты ақын, Маңғыстауды шығармаларынан қалдырған емес. Ақын туған жері туралы «халық фолклорнда, халық ауыз әдебиетінде сақталған, «Маңғыстау сонадайдан тозаңытқан, жүрегін талайлардың қобалжытқан»- деген жыр жолдары бар. Әрине, Маңғыстау қобалжытады, әрине, Маңғыстау толқытады. Бұл ерекше аймақ, ғажап дүние»-дейді.

Ақынның шығармашылық кешіне арнайы қатысқан Ералы Тоғжанов мырза сахна төрінде тұрып, ақынды мерейлі 60 жасымен құттықтады. «Құдай бұйырса, алдағы қыркүйектің екінші жартысына деп жоспарлап отырмыз. Есенғали Раушановтың үлкен кеші елде, Маңғыстау жерінде өтетін болады. Осында отырған баршаңызды сол кешке шақырамын»- деді Ералы Ұлықпанұлы асқан ілтипатпен. Өткен күндердегі келеңсіз шақтар туралы «Жарылып түсті жартасым, біткенді істің сыны көп. Ағаның көрдік алқасын, Ақылдан басқа түгі жоқ»- деп жырлаған ақынның алдында халықтың құрметіне бөлеп кішілік танытып тұрған әкімді көру бұйырған екен дестік іштей сүйіне отырып. Есенғали ағамыздың жырлары оқыған жанның есінде жылдам жатталып қалатын, оқыған сайын тереңіне тартып отыратын ғажайып бір тылсымдығы бар жырлар. Оған баға берген қаламдастары, ақынның шығармаларындағы терң ой, тұп-тұнық лирика, ескі сарындар мен әлемдік әдебиеттің озық үлгілерін, қазақ өлеңдерінің ыңғайына келтіріп, жаңа формасын ұлттық бояумен тамаша астастыра белетін шеберлігін де жоғары бағалайды. Сондықтан да болар, ақын, әдебиет сыншысы Жанат Әскербекқызы «Даңғыл» атты бір кітабын тұтасымен Есенғали Раушанов шығармаларына арнапты.

Бұл кеште Есағаңның ізін қуып, жолын жалғасам деп жүрген жас ақындар ақынның алтын қамбасынан жыр моншағын ағылтты. Ол кісінің өлеңдеріне жазылған әдемі әуезді әндер шырқалды. «Біздің елдің
жылқысы — кіл көкмойнақ,Үйірімен ағекем кірді отқа айдап. Ақ жалынның ішінде, алқын-жұлқын, Аласұра шыңғырып жүр көп бейбақ»- деп басталатын «Түс» атты өлеңінде де заманның әрі тайып, ұлылығы кеміп бара жатқан сұрқылтай тұсы арқау етілген сияқты. Алайда өлеңнен, лирикадан өзекті ой іздеу, өлең табиғатына жат нарсе. Оны тек оқу керек те жүрекпен қабылдай білу керек. «Бір өлең жазу мұратым, күндердің күні күмбез боп, күмбірлеп сөйлеп тұратын»- дейтін ақын, қазақ поезиясының аспанында жұлдыз болып жарқырап тұр бүгінде. Ендеше мұратқа жеткен ақын ағамыздың отты жырлары таусылмасын деп тілейік ағайын!!!

  Этноауылдағы думан

Маңғыстаудың мәдени күндері аясында өткен шаралардың тағы бір шоғыры 17 тамызда этноауылда жалғасты. Театрландырылған көрініс қойылып, ұлттық ойындардан жарыс өтті. Өңірден арнайы барған зергерлер мен қолөнер шеберлері бұйымдарын көрмеге қойып, көпшілік назарына ұсынды. Табақ тартылып, кәдесыйлар үлестірілді. Шараға мемлекеттік xатшы Гүлшара Әбдіxалықова мен ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы арнайы келді. «Маңғыстау облысы қазақтың дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтап келе жатқан облыс. Бай мұраларыңызды көпшілікке таныстырып жатырсыздар. «ЕХРО-ға» қош келдіңіздер деймін»- деді Гүлшара ханым. Ал Арыстанбек Мұхамедиұлы Елорда төріне келген Маңғыстаулықтарға деген алғысын жасырған жоқ. «Маңғыстау облысы 1000 жылдық тарихы бар ерекше өңір. Жырлары немесе салт-дәстүрдің айшықты көрністері болсын, мынау тарихи көрністің халықтың көңілінен шығып жатқанында шек жоқ. оны бір мақтанышпен айтуымыз керек. Екінші жағынан, керемет жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұл халықтың көңілі, халықтың таланты. Осы шараға қатысып жатқан барлық адамдардың үлкен ықылас танытуы еді. Бұл бір жағынан Ералы Ұлықпанұлының еңбегі. Сосын театыр артистеріне рахметайтқым келеді»- деді министр мырза. Мұнда келуші қонақтарға көңілді концерт пен қоса арнайы тігілген киіз үйлерде маңғыстаудан әкелінген дәм ұсынылды. Облыстың өлкетану мұражайының көрмесі, Маңғыстаулық қолөнер шеберлерінің ашық жәрмеңкесі де өтті. Маңғыстаулықтардың Елордалықтарға дайындаған сыйы мұнымен бітпеді. Мұнда Маңғыстаулық «Отпан» фольклорлық ансамблінің концерті, Достық үйінің арнайы бағдарламасы, «Жорға» халықтық би ансамблі мен Тамара Асардың кеші қалың көрермен назарына ұсынылды. Cан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениетті сақтаған Маңғыстаулықтар бұл жолы да көш бастады. Тұтас ұлт пен ұлыстың татулығын бейнелеген тұрмыстық салттар Елордалықтар мен шетелдіктерді тағқалдырмай қоймады.

Маңғыстаудың думаны 17 тамыз күні ұлттық спорт түрлерінен фестивалмен жалғасты. Бағдарлама аясында көкпардан Қазақстан Республикасының жеңімпазы,  Жамбыл облысының «Әулие Ата»  жастар құрамасы мен 2017 жылдың ел біріншілігінің күміс жүлдегері Маңғыстау облысының «Адай Ата» жастар құрамасы қарымта кездесуі көпшілік ат спорт мамандары мен жанкүйерлердің жақсы бағасын алды.  Сайыс қортындысы бойынша Маңғыстаулықтар үздік шығып, 3 млн. теңгені қанжығасына байлады. Ал, екінші орын иегерлеріне 2 млн.теңге табысталды. Сонымен қатар, қыз қуу, теңге іліу, саятшылық, құмай тазы, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар мен шеберлік көрсетілімдері және концерттік бағдаламалары да жұртты тәнті етті.

2017 жылғы 18тамыз күні Астана қаласында «Қазақстан» спорт сарайында Экспо-2017 халықаралық мамандандырылған көрме аясында, Маңғыстау облысының мәдениет күндеріне арналған аралас жекпе-жектен К-1 және ММА «STEPPE FIGHTERS 4» Халықаралық турнирі өтті. «Шара мақсаты – қазақстандық жекпе-жек шеберлерін халықаралық аренаға шығуына қолдау білдіру»-дейді жарысты ұйымдастырушылар. Осылайша Арқа төсін дуға бөлеп, «ЕХРО-2017» көрмесін тамашалауға келген Қазақстандық және шетелдік қонақтарды өздеріне тәнті еткен Маңғыстаудың мәдени күндері де өз мәресіне жетті. Бір-бірінен бөліп жаруға келмеседе, өзгелерден шоқтығы биік болып көрінген айтулы шара, көпшіліктің көңілінде бөлекше әсерімен қалғаны жасырын емес еді.

Ерқазы Сейтқали

суреттермен қамтасыз еткен:Маңғыстау облысы әкімшілігінің баспасөз қызметі