Елордалық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен байқаулардан 72 медаль жеңіп алды

Білім беру саласын дамытудың маңызды бағыттарының бірі – оқушылардың республикалық және халықаралық байқаулар мен олимпиадаларға қатысуы, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Тек 2019-2020 оқу жылының өзінде 88 300-ден астам елордалық оқушы «Астана дарыны» орталығы ұйымдастырған 123 олимпиада мен байқауға қатысқан. «Олимпиада резервін қалыптастыру және тәрбиелеу бастауыш сыныптан басталады. Осы мақсатта оқушыларға арналған «Бастау», «Жас математик» математикалық турнирі, «Математика және логика» олимпиадасы, қалалық жасөспірімдер олимпиадасы өткізіледі», – дейді елорда әкімдігінің «Астана Дарыны» дарындылық пен психологиялық қолдауды дамыту орталығының басшысы Майра Құрманбаева. 13 жыл бойы республикалық олимпиада қорытындысы бойынша елордалық білім беру құрама командасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленіп, «Үздік команда» атағына ие болды. «Сонымен қатар биыл алғаш рет Назарбаев Университетімен бірге Нұр-Сұлтан қаласының 10-12 сынып оқушылары үшін математикадан (NUMO) олимпиада өткіздік

. Оған математикадан республикалық олимпиадада іріктеу (қалалық) кезеңіне өткен 50 финалист қатысты», – деді М.Құрманбаева. Олимпиада қорытындысы бойынша (NUMO) 10 оқушы жеңімпаз және жүлдегер атанып, 1 алтын, 7 күміс және 2 қола медальға ие болды. Жұмыстың басым бағыттарының бірі – ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастыру. Осы мақсатта 1-7 сыныптарға арналған «Зерде» зерттеу жұмыстары мен ғылыми жобалардың қалалық конкурсы өткізіледі. Елордалық оқушылар жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда мықты бәсекелестер қатарында. «2019-2020 оқу жылында елордалық 157 бала Бразилия, Кипр, Румыния, Венгрия, Әзірбайжан, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Катар, Нидерландыда өткен халықаралық рейтингтік олимпиадалар мен ғылыми байқауларға қатысып, жалпы саны 72 медальға: 15 алтын, 23 күміс, 34 қола жүлдеге ие болды.