Елордада 12 жаңа мектеп салынып, 16 мектеп жөндеуден өтеді

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов бірқатар білім беру мекемелерін жөндеу барысымен танысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. «Биыл 16 мектепті жөндейміз. Қасбетін жаңартып, шатырын жөндеп, терезелер мен едендерді ауыстыру және т. б. қажет. Бүгін бірқатар оқу орындарының, соның ішінде №3 мектеп-гимназияның жөндеу жұмыстарының барысымен таныстым. Қабырғаларда жарықтар пайда болған. Мектептің іргетасы отыра бастаған. Соның нәтижесінде мектепті су басуда. Биылғы оқу жылының басында бұл мәселелер шешіледі», – деп жазды А.Көлгінов өз инстаграм парақшасында. Оның айтуынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 16 мектептің 13-інде күрделі жөндеу жүргізіледі. Бағдарлама бойынша 15 мың жұмыс орны ашылады. Жұмысқа орналастыру бірінші кезекте жұмыспен қамту орталығы арқылы жүргізіледі. «Сонымен қатар жаңа мектептер салу бойынша үлкен жұмыстар атқарып жатырмыз. Биыл 20 мың оқушыға арналған 12 мектеп саламыз. Келесі жылы 40 мың орынға есептелген сонша мектеп салынады. Оқу орындарын бірінші кезекте орын тапшылығы бар жерлерде салудамыз. Мектеп құрылысына жекеменшік иелерінен инвестиция тартамыз», – деп атап өтті А.Көлгінов.