Елімізде Үндістан кәсіпкерлері жеңіл өнеркәсіпті дамытуға күш салады

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев  тоқыма өнеркәсібін дамыту бойынша құрылған қазақ-үнді жұмысшы тобының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында жұмысшы тобының Шымкент қаласында өтетін 4-ші отырысының жоспарлары талқыланып, екі жақты экономикалық байланыстардың  жай-күйі сөз болды.

     Өңір басшысы Үндістан Жеңіл өнеркәсібі министрлігінің бірлескен хатшысы Гупта Субрата мырзаға өңірдің экономикалық даму барысы мен  инвестициялық тартымдылығын баяндады.

«Қазақстандағы тоқыма өнеркәсібі дамуының маңызды әлеуеті Оңтүстік Қазақстан облысында. Біздің өңірде мақта шаруашылығы жақсы дамыған. Облысымызда «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылып, онда тігін цехтары мен фабрикаларымыз жұмыс істеп жатыр. Ендігі мәселе — жеңіл өнеркәсіпті дамытуда Үндістан мемлекетімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ортақ жобаларды  бірлесіп іске асыру. Бұл ретте өңірде шетелдік инвесторларға барлық қолдаулар жасаланады. Өнеркәсіпке қажетті жер телімі беріліп, барлық инфарқұрылымдық қажеттіліктермен қамтамасыз ететін боламыз», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

3e72b373-0b87-4cb9-949c-cef2cd7b2c45

Бүгінгі таңда облысымыздағы жеңіл өнеркәсіпте кәсіпорындардың 80 пайыздан астамы  шағын және орта бизнес субъектілері болып табылады. Өңірде жыл сайын 400 — 450 мың тонна шитті мақта жиналады, табиғи шикізаттан жасалған өнімге сұраныс та мол. Осы және өзге де мүмкіндіктерге қаныққан қонақтар жеңіл өнеркәсіп саласында еңбек етіп жүрген өңір кәсіпкерлерін 30 маусым күні Үндістанда өткелі отырған ірі  жермеңкеге қатысуға шақырды.

93089840-730a-43ae-9d60-cadba0ad4e57

«Жұмысшы тобының негізгі мақсаты – Қазақстан мен Үндістан мемлекеттері арасындағы жеңіл өнеркәсіп саласындағы қарым-қатынас пен сауда-экономикалық байланыстарды нығайту болып табылады. Бүгінгі таңда Үндістанда жеңіл өнеркәсіптің жылдық сауда айналымы 140 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Үндістан  тоқыма, мақта, мата өнімдерін өндіретін 1000-ға жуық компанияның фабрикалары жұмыс істейді. Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған бұл сапарымыз жемісті және нәтижелі болады деп сенемін»,- деді  Үндістан Жеңіл өнеркәсібі министрлігінің бірлескен хатшысы Гупта Субрата.

    Айта кетейік, қазақ-үнді жұмысшы тобы 2008 жылы құрылған болатын.Алдағы жылы он жылдығын атап өткелі отырған топтың оңтүстіктегі сапары 2 күнге жоспарланып отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі