ЭКСПЕДИЦИЯМЫЗ АҚТӨБЕДЕ ЖАЛҒАСТЫ

Ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық ахуалын, саяси-қоғамдық өмірін, рухани тынысын тереңірек зерделеуді, қордаланған мәселелердің түйінін шешуге  себепші болуды көздейтін «Ауыл – ел бесігі» экспедициясы арайлы Ақтөбеге ат басын бұрды.

«Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газеті мен  «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтының, «Мөлдір бұлақ» журналының «Nur Otan» партиясымен және ҚР Ауылшаруашылығы министрлігімен  бірлесе қолға алған дәстүрлі  «Ауыл – ел бесігі» экспедициясы осы күзде Ақжайықтан басталған болатын.  «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры Сәуле Мешітбайқызы Ақтөбе өңірінде облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен  және қала басшысы Асқар Шахаровпен  кездесіп, экпедицияға арқау болған тақырыптар туралы кеңінен талқылады.

 

Діл мен тіл, дәстүр мен дін мәселелерінде өзіндік пікір қалыптастырып, ашық ой білдіріп жүрген Сәуле Мешітбайқызының  елдің дамуы, қоғамның рухани есею жөніндегі ерек пікірлерін көпшілік әдетте  ықыласпен қабылдап жүр. Экспедиция  аясында Сәуле Мешітбайқызы Ақтөбеде жасалып жатқан келелі істермен танысты. Оның ішінде биыл Ұлы Абайдың 175 жылдығы аясында Абай даңғылындағы саябаққа хакімнің 45 қара сөзі жазылған және кітабы бейнеленген сәулеттік формаларды барып көрді. Абайдың суреті салынған үйлер даңғылға сән беріп қана қоймай, ғұламаның қазақ тарихында алатын орнын кейінгі буынға айшықтай түскені көрініп тұр.

Бұдан бөлек, Ақтөбеде биыл абаттандырылып, қала тұрғындарының демалуы үшін жасалған 101-ші атыштар бригадасы көшесіндегі түнгі арбатты көрді. Ол жерде отбасы құндылықтарын дәріптейтін белгілер, көпқабатты үйлерге салынған суреттер көңілден шықты. Сол сияқты, экпедиция мүшелеріне Ақтөбенің күншығысында соңғы жылдары бой көтерген «Нұр Ақтөбе» ауданына қойылған Есет батыр ескерткіші, қаланың әуежайдан кірген тұсында тұрған Бөгенбай батыр ескерткіші тарихқа тағзым етудің бір белгісіндей әсер қалдырды.

 

 

— Тоғыз жолдың торабында тұрған Ақтөбе өңірі ерліктің өнегесі

болған Қобыланды батырдың, Арал мен Әжібай, Алтай мен Алыбай, Бөкенбай мен екі Есет батыр сынды ел қорғаны болған баһадүрлер мен Мөңке би, Шернияз, Ақтан берді, Саршолақ сияқты ондаған ұлы ойшылдардың, ақын-жыраулардың, данагөй Қазанғап бастаған күйшілердің мекені. Бұл аймақ тарихи туризмге, рухани ізденіске сұранып тұрған өлке. Облыс орталығында осыған бастау болған көптеген игі істердің жасалып жатқаны көз қуантады, — деді Сәуле Мешітбайқызы.

 

Ал өңір басшысымен және қала әкімімен болған кездесулерде қазақ баспасөзінің тағдыры туралы әңгіме қозғалды. «Qazaqstan dauiri» газеті мен «ЕлАна» сайтының бүгінгі тынысымен танысып, аталмыш экспедицияның  мақсат-міндеті туралы айтылды. Сонымен қатар кездесу барысында баспасөзге жазылу науқанының қалай жүріп жатқаны жайлы әңгімелер қозғалды. Жалпы қазақ баспасөзінің жағдайына алаңдайтын Сәуле Мешітбайқызы: «Оқырманды өз еркінен тыс жаздыруды біз қолдамаймыз. Таңдауды оқушыға қалдырдық. Дегенмен, заман ағымына сай жарнамалап, жақсымызды жеткізу міндетіміз», – деді. Сәуле Мешітбайқызының ұсыныс-тілектеріне облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы қолдау білдірді. Сауатты ұрпақ тәрбиелеудің бір әдісі – оқуда және оқытуда. Сондықтан газет-журналды жаздырып, оқу үрдісін кейінгі буынға үлгі етуіміз керектігін айтты.

Ал шаһар басшысы Асхат Берлешұлы «Qazaqstan dauiri» басылымында көтерілетін мәселелерге қатысты өз ой-пікірімен бөлісті. Ақтөбенің тыныс-тіршілігінен газет оқырмандарын хабардар етіп отыру арқылы басылымның оқырманына беріп отырған ақпараттық һәм  тәрбиелік бағытына үлес қосу маңызды екенін жеткізді.

Газеттің келер сандарынан “Ауыл – ел бесігі” экспедициясы аясындағы мақалаларды  толығырақ оқитын боласыздар.

 

Ақнар ШОҚМАН,

«Qazaqstan dauiri» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі