ЕКПЕ САЛДЫРУҒА АСЫҒАЙЫҚ

Мойынқұм ауданында COVID 19 вирустық инфекциясына қарсы екпе салу (вакцинация) науқаны жүргізілуде. Аудандық аурухана қызметкерлері ем кабылдаушылар арасында коронавирус инфекциясының алдын алуы туралы және вакцина салу туралы түсіндірме жұмыстарын жургізуде.
Аудан бойынша барлық мекемелер мен мектеп мұғалімдеріне, балабақша қызметкерлеріне, жалпы халыққа мен өзім бас болып емдеу ісі жөніндегі орынбасары Т.Рыстанбаева, БМСК меңгерушісі А.Қазанқапова, эпидемиолог дәрігері С.Таласов, Иммунолог дәрігері М.Санақовтар вакцинация салдыртудың маңыздылығы мен қауіпсіздігіне түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Вакцинация ерікті түрде жүргізіледі. Вакцинация COVID-19 вирустық инфекциясымен күрестің ең тиімді жолы болып табылатыны жайлы кеңінен айтылуда.
Аудан бойынша екпе салдырту жұмыстары жақсы жүргізілуде. Аудандық орталық аурухананың жалпы тәжірбиелі-дәрігерлері А.Қазанғапова, С.Жүнжумаев, Е.Бейсенбек, М.Жексенбайлардың бақылауымен келген науқастың қан-қысымы өлшеніп, денсаулығын бақылап, тексеріп, екпе мейірбикелері Жанна Түсіпбекова мен Ақмарал Күлібекова екпе жұмыстарын жүргізуде.
Жалпы ауданы бойынша 7500 адамға екпе салынды. Бұл екпе алуы тиіс азаматтардың 51 пайызын құрайды. Осы аралықта халық ішінде денсауылығына шағым болған және дәрігерге жүгінген науқас анықталған жоқ.
Жекелеген округтер бойынша Ақбақай ауылында тұрғындарға 100, ал Қарабөгет ауылдық округіндегі тұрғындарға 75 пайыз екпе салынғанын атап өтуге болады. Керісінше Шығанақ, Қылышбай, Ақсүйек, Бірлік ауылдық округтерінде екпе салу жұмыстары баяу жүргізілуде. Бұл округтерде азаматтардың белсенділіктері төмен болып отыр. Нақтырақ айтсақ, оларда 33-45 пайыз аралығында ғана халық вакцинациялаудан өтті.
Қазақстанда жұқпалы ауруларға, оның ішінде коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация тегін, ерікті түрде және вакцинациялауға ниет білдірген адамның ақпараттандырылған келісімімен жүргізіледі.
Коронавирус инфекциясынан құтылудың бірден-бір жолы — санитарлық талаптарды сақтай отырып, екпе салдыру. Күні кеше ғана Үкіметте кейбір сала қызметкерлеріне екпе салуды міндеттеу туралы мәселе де көтерілді. Ендеше өз денсаулығымыз, маңайымыздағы адамдарға ауру жұқтырмау үшін екпе салдыруға асығайық, ағайын.

 

Батырбек ҮСЕНБАЕВ,
Мойынқұм аудандық орталық аурухананың
бас дәрігері.