Екі түрлі қаріп – елге төнген қауіп!

Жақында Сенатор Мұрат Бақтиярұлы елімізде бірінің жазуын екіншісі түсінбейтін ұрпақ қалыптаса ма деген қауіптің барын жариялады.

Қазірден бастап барлық балабақшаны тек қазақ тілінде және латын графикасына негізделген әліпбимен оқыту жүйесіне көшіру жөнінде ұсыныс жасады. «Ұлтына қарамастан кез келген ұл мен қыз балабақшада латын графикасына негізделген әліпбиден әріп тануы тиіс. Ол үшін мектепке дейінгі мекемелерде оқу-тәрбие жұмысы тек мемлекеттік тілде жүргізілуі қажет. Сонда қазақ тілі бүлдіршіннің санасына мықтап сіңеді», – деді сенатор. Сонымен қатар, Мұрат Бақтиярұлы осыған байланысты барлық диаспораға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастау керектігін де жасырмады. Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, латын әліпбиін тек қазақ тілді мектептерде ғана қолданылатын болсақ, күні ертең әр ата-ана балаларын өздері білетін тілдегі кириллица графикасымен орыс тілінде жұмыс істеп тұрған мектептерге берерлері қазірден де белгілі болуда. «Түптің түбінде бұл келіп, қоғамға біреулері латын әліпбиін меңгерген, ал екінші тобы латын қаріпін білмейтін, тек кириллицамен ғана жұмыс істейтін топқа бөліп жібере ме деген мәселе алаңдатады. Бұл тұтас бір қазақ ұлтының тағы да тілдік негізде бөлшектеніп кетуіне әкеп соғатындай», – дейді М. Бақтиярұлы.
Соңғы жылдары мектеп табалдырығын аттаған қазақ балаларының саны еселеп артып келеді. 2019-2020 оқу жылында елімізде алғаш рет 400 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы мектеп табалдырығын аттаған. Биыл 7 мыңнан астам мемлекеттік мектепте 3 миллионнан астам оқушы оқып жатыр.
Алайда, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қаншасы қазақ тілінде білім алып жүргені белгісіз. Бір белгілісі қазақ мектептері латынға көшеді дегелі бері, орыс мектептеріне баратын қазақ балаларының саны артқан. 2017 жылғы ресми ақпаратқа сәйкес бүгінде қазақ мектептерінің саны – 3845, орыс мектептері – 1673. Аралас мектептер (қазақ-орыс) – 2083. Сондай-ақ 65 өзбек мектебі, ұйғыр тiлiнде тәрбиелейтін 14 мектеп бар екен.
Естеріңізде болса, «ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 95 пайызға дейін жеткізу және мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі керек деген міндет қойылған болатын. 2012 жылғы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылы мемлекеттік тілді меңгергендер санын 95 пайызға жеткіземіз деді. Алайда бүгінгі жағдай біз ойлағандай емес. Қазіргі тілдік ахуал мен мектептердегі және балабақшалардағы қазақ тілінің қолданыс аясының күн санап тарылып келе жатқаны алаңдатпай қоймайды. Әсіресе, Қордай дүрбелеңі елдегі мемлекеттік тілдің шынайы ахуалын әшкерелеп кеткені белгілі. Ақпарат көздері бір де бір орысы жоқ Қордайда 4 орыс мектебі бар, халық өзара орыс және дүңген тілінде ғана сөйлеседі деп жарыса жарияға жар салды. Қазақтың ұйыған ортасы оңтүстіктегі қазақ тілінің халі мұндай болғанда, солтүстікте не жағдай екені беймәлім. Өйткені, қазір қазақ тілінің жоғын түгендейтін уақыт емес, алдымен латынға көшіп алайық.
Бірақ осы латынға көшу мәселесі көтерілгелі бері, балаларын орыс сыныптарына ауыстырған ата-аналар санының күрт өсіп кеткені неге ойлантпайды? Елордада бүгінде 44-тен астам аралас мектептегі 110-нан астам сыныптың 97-сі орысша. Сонымен қатар бұл мектептердегі оқушылардың басым бөлігі қазақ балалары. Көп ата-аналар орыс тілділер латынға көшпейтінін естігелі бері латын қарпінен қиналып қаламыз-ау деген қауіппен балаларын орыс сыныбына апарып жатыр. Ал ұрпақ орыс мектебінде білім алып жатыр деу – қазақ мемлекетінің тамырына балта шабылды деген сөз. Өйткені кез келген мемлекеттің іргетасы, сол мемлекеттің тілінде қалануы керек.
ҚР Парламенті сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы: «Қазақстанда бір ғана мектеп болу керек, ол – қазақ мектебі. Өкініштісі, біз қазір мұғалім кадрларын дайындамай жатып, жаңалық енгізу үстіндеміз», – дейді. Яғни, Тәуелсіздіктің 30 жылына аяқ басқанда мектептеріміздің әлі мемлекеттік тілде білім бере алмай отырғанын ештеңемен ақтауға болмайды. 2017 жылы Иманғали Тасмағамбетов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болып тұрғанда, «Егемендігімізге, Тәуелсіздігімізге 25 жыл толды. Қазір барлық жерде балабақшалар салынып жатыр. Неге соны қазақ тілінде ашпаймыз. Балабақшалардың бәрін қазақ тіліне аудару керек. Астанада кезінде балабақшаларды қазақ тіліне аудардық. Сол кезде ешбір ата-ана: орысы бар, кәрісі бар ешкім қарсы болмады», – деп барлық балабақшалардағы тәрбиені тек қазақ тілінде жүргізу керектігіне назар аударған болатын. Демек, қазақ тілін балабақшадан бастап, басқа да барлық мемлекеттік ұйымдарға батыл енгізу уақыт талабы. Ал қоғам тарапынан аралас мектептерді жабу керек деп үнемі айтылып жүрген мәселеге мамандардың пікірін сұрап көрдік.

Барлық балабақша қазақ тілінде болуы тиіс

Біз хабарласқан, Республикалық «QAZBILIM» орталығы директоры, ұстаз Аятжан Ахметжанұлы: – Балабақшаны қазақ тіліне көшіру ол кезек күттірмейтін дүние. Бұл талқыланбауға тиісті тақырып. Себебі, мемлекеттік тіл қазақ тілі. Ол мемлекеттің негізгі ұйтқысы болу керек. Ал, балабақша ол судың басы, су басы тұнық болмаса оның соңы тұнық болмайды, сондықтан еліміздегі барлық балабақша мемлекеттік тілде қазақ тілінде болу керек. Оны орындамау мемлекеттің ата заңын сыйламау, бұзу! Ал, аралас мектеп жағдайы бөлек әңгіме! Себебі, аралас мектептен қорқу ол біздің ұлттық қуатымыздың әлсіздігі. Ұлт ретінде мықты ұлт болса онда аралас мектептер өзге ұлтты, өзге тілділерді қазақ тіліне бұрудың тіке жолы. Өкінішке, біздің ұлттың қуаты әлсіреп кеткен, көтере алмадық, қазақ болуды бренд ете алмадық, сондықтан, аралас мектеп бізді өзге ұлтқа айналдырып жатыр. Сондықтан, ең алдымен біз ұлттық қуатты көтеруіміз керек. Ол сан және сапа. Екеуі қатар көтерілуі керек. Аралас мектептің қандай болмағы тікелей басшысына байланысты. Сондықтан, аралас мектептің директорына конкурс жасағанда міндетті түрде қазақ тілін, тарихын білу, патриоттығы жоғары болу секілді қосымша міндетті шарттар керек. Ал, біз қорқып, қазақ орыс мектептерін мүлде екі лагерьге бөлсек, біз, екі әлем болып өмір сүруден, ұлтаралық араздықтан құтыла алмаймыз, – дейді.
Ал белгілі журналист Кәімшат Тасболат: – «Балабақшаның бәрі мемлекеттік тілде болса, бұл балалар болашағының кепілі. Ал аралас мектептерге келсек, бұл орыс мектептерін жабудың бір жолы емес пе? Демография баяғыда-ақ орыс мектептерінің жабылуына жағдай жасаған. Қазір сол орыс мектептеріндегі балалардың 90 пайызы – қазақ балалары. Сондықтан аралас мектептерді біртіндеп қазақ мектептеріне айналдыру керек, – дейді. Сіз не дейсіз, оқырман?

Тілекгүл Есдәулет