ЕҢ ЖАҚСЫ АДАМ КІМ?

Жер бетінде ең көп оқылатын кітапты білесіз бе? Ол — Құран кәрім. Ол жер жүзінде үш миллиардтан астам данамен таралған. Күн сайын миллиондаған адамдар тарапынан оқылып тұратын теңдессіз кітап. Сіз осы оқырмандардың қатарында барсыз ба? Үйіңізде жан жолдасыңызға айналған Құран бар ма? Бар болса, оны тұрақты оқып тұрасыз ба, әлде сөреде шаң басып яки төрде ілулі тұра ма?
Әрбір мұсылман Құранды өзі ғана үйреніп қоймай, оны өзгелерге де үйретуге міндетті. Себебі, пайғамбарымыз (с.а.у) хадис-шәріпте: «Сіздердің ең жақсыларыңыз — Құранды үйреніп әрі басқаларға үйреткендеріңіз», — деген. Құрансыз өмір — мәнсіз, аятсыз өмір — дәмсіз екендігін ұғынуымыз керек. Себебі Құран оқылмаған отбасынан береке, ел мен жерден ынтымақ күту бекершілік. Мұны Алла елшісі (с.а.у) «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар. Себебі, Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй қиыншылықтан көз ашпайды» деп ескерткен.
Қандай да бір үйде Құран оқылса, аспаннан періштелер еніп, шайтандар жанұшыра қашады. Жанұяға жақсылық пен тыныштық орнап, жамандықтың ауылы аулақтайды.
Жалпы мұсылман қауымы Құран оқудың қасиетін жақсы түсініп, қасиетті Рамазан айында берілетін мол сауапқа Алланың кітабын оқу арқылы қол жеткізуі қажет. Ендеше келіңіздер, қасиетті кітапты оқиық.

 

Мирас Кесебаев