Депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты,

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаты А. Паяевтың

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә. Смайыловқа

депутаттық сауалы

Құрметті Әлихан Асханұлы!

           

Депутаттық сауал жолдауға ауылтұрғындарының егістікке, мал жаюға жер таппай қиналып тығырыққа тірелуі себеп болып отыр. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жайылымдық, егістік жерлерді пайдалануға, реттеуге қатысты биліктегі уәкілетті органдардың жүргізген шараларынан шарапат көрмей отырған халықтанжайылымдық жерлердің жекенің меншігіне өтіп кетуі туралы шағым-өтініштер толассыз келіп түсіп жатыр.

Біздің партия, ауылда өз шешімін таппай отырған күрделі жайдың себеп-салдарын қарап,осы тұрғыда биліктегі уәкілетті органдардың жер мәселесі бойынша кешенді жұмыстарын өте тиімсіз деп есептейді. Өйткені, әлі күнге дейін елді мекендерге жақын орналасқан, қараусыз қалған, қанша жылдан бері игерілмей жатқан жерлер мемлекетке қайтарылып, игеремін деген ауыл тұрғындарына  берілмей келеді.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қатысты қаралып жатқан мәселені шешудің басымдылығын бірнеше рет атап өткен болатын. 2019 жылдың 15 шілдесінде Президент алдағы бес жылда ауыл шаруашылығында нағыз серпіліс жасауды тапсырды. Осыған байланысты дамудың негізгі бағыттары мен нақты іс-қимыл шараларын анықтау қажет болды. Өндірістің негізгі факторы жер екені және оны ауыл тұрғындары арасында әділ бөлу керектігі баса айтылды. Бұл мәселеде тиімділік пен ашықтық болмаса, ауыл шаруашылығын көтеру мүмкін емес.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың ақпан айында Мемлекет басшысы жердің бір қолға шоғырлануына жол бермеу туралы: «Ауыл шаруашылығы министрлігі бір тұлғаға 98 мың гектарға дейін ауыл шаруашылығы жерлерін иемденуге рұқсат беретін қаулы жобасын әзірледі. Бұл өлшеусіз жер иелену құқығын заңдастыру әрекеті сияқты көрінеді». Ал, шынында да, қазіргі уақытта көптеген ауылдардың төңірегіндегі жер телімдері, өтініш берушілер атап өткендей, бір шаруашылық жүргізуші субъектінің пайдалануында.

Өз кезегінде, Мәжілістің отырысында Ауыл шаруашылығының министрі Мемлекет басшысының берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндағанда, кез келген  адам белгілі бір жер учаскесінің иесі туралы мәліметтікөруге болатын Жер кадастры мен Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін басқару сайтымен таныстырды.  Біз бұл сайтты егжей-тегжейлі зерделегенде, бастапқыда ауылдықтарға арналғандай болып көрінгенімен, сайттағы ақпараттың мазмұнсыз, қолданылуы күрделі екендігін байқадық. Шын мәнінде, бұл бағдарламаны компьютерлік технология мен интернетті білмейтін қарапайым ауыл тұрғыны пайдаланғанда көп қиындықтарға тап болады. Осыған байланысты, министрліктің осы сайтты әзірлеуге қатысты тәсілдерін қайта қарау қажет деп санаймыз.

Ауыл шаруашылығы жерлерінің мақсатына сай пайдаланылмай жатуының бір себебі, бұл — еліміздегі  жерлердің басым бөлігінің үлкен фирмалардың несиелері үшін банктерде кепілдікте тұруы. Қазіргі кезде ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің жосықсыз іс-әрекеттері, кредиторлардың қатал несиелік саясаты, заңнамалық олқылықтардың салдары ауылдықтардың өз жерлерінен біржолата айырылып қалу қаупін туғызады.

Атап айтқанда, Ақмола облысы Зеренді ауданы Күсеп ауылдық округінің Өркен ауылындағы 302  тұрғынға тиесілі көлемі 305 гектар егістік жер «Ақтас» ЖШС-не екінші деңгейлі банкке кепілге қойылған. Дәл осындай жағдай Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының Светлое, Қарақамыс, Дәуқара, Бірлестік, Егіндіағаш ауылдарында да «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-да «Жарқын СК» ЖШС 883 үлескердің жерлерін кепілге қойған. Осылайша, ауыл тұрғындарының үлестегі жерін тартып алудың қолданыстағы схемасымен ол жерлерді кейіннен еншілес серіктес компаниялар сатып алунәтижесінде ауыл тұрғындары өздерінің жерлерінен айырылып қалады.

Тағы бір жағдай, Түркістан облысы Қазығұрт ауданына қарасты Сынтас, Жұмысшы, Үшбұлақ, Қарабау ауылдарының тұрғындарышаруашылықтағы 4820 бас ірі қара, 13938 басқой,ешкі, 2035 бас жылқы малдарын бағу үшін жайылымдық жер таба алмай тығырыққа тіреліп отыр. Мұндай өрісті малды бағу үшін кем дегенде 3-4 мың гектар жайылымдық жер керек. Ақмола облысының Амангелді және Егіндікөл ауылдарында да дәл осы мәселе.  

Осыған ұқсас жағдайлар барлық өңірлерде орын алған. Бұған дәлел — Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және тағы басқа облыстардан келіп түскен ауыл тұрғындарының арыз шағымдары.

Ауылдағы бұл жағдайды барлық фракция депутаттары әлденеше рет көтеріп, қадап тұрыпайтты, бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпараттық порталдарда, әлеуметтік желілердежарияланды. Бұған билік басындағылар жерді тиімді және мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету үшін қолдан келген шараның бәрі қолданылуда деп сендіруде, өкінішке орай, «баяғы жартас сол жартас»,  жер мәселесі шешілмей отыр.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Халық партиясы тез арада жер мәселесінің мынадай шешу жолдарын:

1. Несие берушіге (Кредитор) ауыл шаруашылығы саласындағы жерлерді несие кепілдігіне алуға тыйым салу және осыған сәйкес нормативті құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізу;

2. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауыл шаруашылықөндiрiсiне қатысы жоқ ЖШС және қаржы ұйымдарының (ЕДБ, АКК) иелiгiндегi жер учаскелерiн алып қою жөнiндегi iс-шаралар жоспарын әзiрлеу;

3. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Бас прокуратураменбірлесіп ауыл тұрғындарының жеке шаруашылықпен, ауыл шаруашылығымен айналысуына жағдай жасау үшін пайға берілген жерлерді қайтару жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді сұрайды.