ДЕПУТАТТЫҚ ҚЫЗМЕТІМНІҢ НӘТИЖЕСІ ҚАНДАЙ?

Бұл сауал – мені депутаттық қызметім аяқталар қазіргі кезде ғана емес, әрдайым ойландырып жүрген сауал. Сондықтан да Парламент Мәжілісінде жұмыс істеген әрбір күнімнің ізсіз өтпеуіне күш салып келемін.
Парламент еліміздің заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы болғандықтан, депутаттың басты міндеті – заң шығару процесіне қатысу. Осыған орай, мен еңбек, жұмыспен қамту, көші-қон мәселелеріне қатысты 4 заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс топтарына жетекшілік жасадым. Бұған қоса, жұмыс тобының мүшесі ретінде бірқатар заң жобасын талқылауға атсалыстым. Депутат ретінде өз құқығымды пайдаланып, кейбір заңдарға түзетулер енгіздім.
Бұл ретте, әсіресе, шет елдердегі қандастарымыздың атажұртқа бет түзеген ұлы көшінің жолындағы кейбір бөгесіндерді алып тастаудың сәті түскені сүйінтеді. Қазір олар бір жылдың ішінде Қазақстан азаматы атана алады. Ал әртүрлі себептермен бір жыл ішінде азаматтық алуға қажетті құжаттарын жинап, тапсырып үлгермей, қиындыққа тап болған ағайындардың өтініштерін ескеріп, қолданыстағы заңнамаға Қазақстан азаматтығын оңайлатылған тәртіппен алу үшін оралман мәртебесін үш ай мерзімге ұзарту жөнінде түзету енгіздік.
Биыл қандастарымыздың қандас куәлігі мен Қазақстан азаматтығын алу үшін бұрынғыдай екі рет емес, бір-ақ рет құжат тапсыру мүмкіндігін де заң жүзінде қарастырдық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен «Оралман» деген ойдан шығарылған, жағымсыздау атауды өзгертіп, «қандас» деп заңдастырдық.
«Халықтың көші-қоны туралы» Заңға жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныс аударудың өңірлік квотасына отбасы құрмаған жалғызбасты қоныс аударушыларды да қосқыздық. Бұл норма Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан осы аса маңызды бағдарламаның өрісін кеңейте түсері хақ.
2018 жылдың басында Солтүстік Қазақстан облысында өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін мәңгі есте қалдыруға елеулі еңбек сіңірген Болат Сағындықов ақсақал менімен жолығып: «1993 жылы қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» Заңда кеткен бір қателікті түзеттіре алмай жүргеніме он бес жылдай болды. Сен – осы жөнінде мен көмек сұрап тұрған Парламенттің 14-ші депутатысың. Саған сенемін…» — деп, мойныма үлкен аманат артты.
Анықтап білсем, аталмыш Заңда «саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккендер ретiнде қуғын-сүргiн кезiнде он сегiз жасқа толмаған және оның қолданылуы нәтижесiнде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балалары танылады» деп жазылыпты. Яғни, әкесі мен анасының екеуінен бірдей айырылған балалар ғана. Ал Болат ағамыз сияқты әкесі құрбан болғанымен, шешесі аман қалған жетім балалар саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендер санатына жатқызылмайтын болып шықты. Әрине, осындай әділетсіздікті түзететін кез жеткені анық. Осыған орай мен қолданыстағы заңнамаға тиісті түзету бердім. Оны сол кезде Мәжілісте талқыланып жатқан әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобының мүшелері (жетекшісі – Айгүл Нұркина) мақұлдады. Үкімет пен Сенат тарапынан да қолдау білдірілді. Менің берген түзетуім енгізілген сол заң жобасына Елбасы қол қойып, түпкілікті бекітті.
Бұл жаңалықты естігенде жасы сексеннен асқан Болат ағамыз қатты қуанды. Әрине, менің енгізген түзетуімнің қабылдануы – Тұңғыш Президентіміздің кемел саясаты мен басшылығының арқасында еліміздің экономикасы көтеріліп, қазынамызға халқымыздың әл-ауқатын одан әрі көтеруге қажетті қаражат түскендігінің нәтижесі екендігі сөзсіз.
Петропавл қаласы қазақтарының көптенгі арманы – «Береке» және «Жас өркен» шағынаудандарында ана тілінде оқытатын мектеп салғызу еді. Осы проблеманы шешуді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өз қолына алып, бірден 2 қазақ мектебінің жобалық-сметалық құжаттамасын жасаттырған соң, оларды қаржыландыру мәселесін біз – Мәжілістің Қызылжар өңірінен сайланған депутаттары бірлесе күш сала отырып, 2018 жылға арналған республикалық бюджет есебінен шешуге қол жеткіздік.
Ел өңірлерінде сайлаушылармен болған кездесулерде олардың мұң-мұқтажын блокнотыма жазып алу – бұрыннан қалыптасқан журналистік әдетім. Сондай жазбаларыма сүйеніп, төрт жарым жылда Мәжілістің жалпы отырыстарында Үкімет пен министрліктерге 38 депутаттық сауал жолдадым, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға ондаған хат жаздым. Сөйтіп бірталай өзекті мәселені оңынан шешудің сәті түсті:
2016 жылғы жазда Петропавл қаласындағы мемлекеттік университет пен колледждерде «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша оқып жүрген 1 мыңнан астам студенттің өкілдері «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында менімен кездесіп, «Қызылорда — Көкшетау» пойызының бағытын Петропавл станциясына дейін ұзартып беруді сұрады.
Осы жөніндегі депутаттық сауалыма сол кездегі Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек құлақ асып, «Қызылорда — Астана» пойызын 2017 жылғы ақпан айынан бастап Петропавлға дейін қатынайтын қылды.
Қазір «Серпіннің» арқасында қыз алысып-қыз берісіп жатқан солтүстік пен оңтүстік өңірлер тұрғындарының қарым-қатынасына қолайлы пойызды жұрт «Құдалар пойызы» деп қалжыңдай атайды.
2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев және Уәлиханов аудандарында болып, сайлаушылармен кездескенімде жолаушылар пойыздарының қызметін жақсартуға қатысты өтініштер тағы да айтылды. Соған орай мен Инвестициялар және даму министрінің атына хат жазып, «Қарағанды – Омбы» қатынасындағы жолаушылар пойызының Булаево станциясында тоқтау уақытын ұзартып, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетуі қажеттігі және «Астана – Қызылту» жолаушылар пойызына қосымша вагондар тіркеу керектігі жөнінде ұсыныстар жасадым. Нәтижесінде 2018 жылы «Астана – Қызылту» жолаушылар пойызына 2 вагон қосылды. Ал «Ресей темір жолдары» ашық акционерлік қоғамымен өзара келіссөз ұзаққа созылуының салдарынан 2019 жылғы 9 желтоқсаннан бастап қана «Қарағанды – Омбы» жолаушылар пойызы Булаево станциясында бұрынғыдай 2 минут емес, жарты сағат тоқтап, Мағжан Жұмабаев ауданы тұрғындарына да қызмет көрсетуге кірісті.
2016 жылы болған Парламент Мәжілісінің сайлауы қарсаңындағы үгіт науқаны кезінде Солтүстік Қазақстан облысында тұратын бірнеше ата-ана маған психологиялық-педагогтік түзету кабинеттері дамуында ауытқушылық бар балаларды 7 жасқа дейін ғана қабылдайтындығын айтып, шағымданды. Мұндай шектеу науқас балалардың онсыз да шектеулі мүмкіндігін тіпті кемітіп, орынды реніштерін туғызған. Өйткені, 2013 жылға дейін психологиялық-педагогтік түзету кабинеттері даму мүмкіндігі шектеулі балаларға 18 жасқа дейін көмек көрсетіп келген екен. Ата-аналар, міне, сол жас мөлшерін қалпына келтіруге көмектесуімді сұрады.
Мен депутат болып сайланысымен сол кездегі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке депутаттық сауал жолдап, солтүстікқазақстандық ата-аналар көтерген көкейкесті мәселені көтердім. Көп ұзамай бұл проблема да оң шешімін тапты.
2018 жылдың соңында «Ботай» тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Уәлихан Құлбаевтың өтініші бойынша Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің атына хат жолдап, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы әлемге әйгілі Ботай қонысына және республикалық маңыздағы Айғаным қонысы мен Шоқан Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық музей орналасқан Сырымбет ауылына баратын жол учаскелерін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының тізбесіне қосып, оларға реконструкция жасау, сондай-ақ Иман Бұрлық өзенінің үстінен Никольское ауылынан Ботай қонысына өтетін автокөлік көпірін салу жайлы ұсыныс жасадым.
Осы хатыма қайта құрылған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшысы болып тағайындалған Жеңіс Қасымбек: «Саумалкөл-Сырымбет және Каменный Брод-Никольское-Ботай автомобиль жолдарын республикалық меншікке қабылдау мәселесі алдағы жылы қарастырылатын болады.
Сонымен қатар, Никольское ауылынан Ботай қонысына дейінгі автомобиль жолында Иман Бұрлық өзені арқылы өтетін 2 көпір бар, олар қанағаттанарлықсыз жағдайда. 2019 жылға арналған бюджетті нақтылау кезінде күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге жергілікті бюджет есебінен қаражат бөлу көзделуде»,-деп хабарлады.
2019 жылғы шілде айында Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданына қарасты Қулыкөл ауылында болдым. Облыс орталығынан 560 шақырымдай, ал аудан орталығынан 180 шақырымдай қашықтықта орналасқан елді мекеннің іргесі сөгілмепті. Ауылдағы 190 үйден жергілікті орта мектепке 192 оқушы барады екен. Той-думаны таусылмайтын ауылдың екі жағында екі кафе ашылыпты. Мал фермасы, дәрігерлік амбулатория, спорт кешені жұмыс істеп тұр.
Бір «әттеген-айы» – Қулыкөл «Ауыл – ел тірегі» бағдарламасы бойынша жасалған тірек және серіктес ауылдық елді мекендер тізбесіне енгізілмепті. Қулыкөлдіктердің осы жайлы аманатын мен облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа жеткіздім. Сөйтіп облыстық әкімдік Ұлттық экономика министрлігіне Қулыкөлді болашағы бар ауылдар қатарына қосу жөнінде хат жолдады.
Біз, «Nur Otan» партиясынан сайланған депутаттар, Мәжілістегі фракциямыздың ұйғарымымен өзіміз туып-өскен өңірлерге ғана бара бермей, басқа облыстарға да барып, олардың тұрғындарының да мұң-мұқтажын біліп, хал-қадерімізше шешуге тырыстық.
2017 жылғы ақпанда қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданының орталығы – Шәуілдір ауылында сайлаушылармен кездесу өткізгенімізде жергілікті ата-аналар осы елді мекенде дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернатын ашу жөнінде өтініш білдірді. Кейін мен сол кездегі облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың атына хат жолдап, отырарлықтар көтерген өзекті мәселені оңынан шешуді сұрадым. Оған берілген жауапта Отырар ауданының әкімдігі Шәуілдірде «Дарын» мектеп-интернатын ашу үшін жеке ғимарат тауып берсе, онда жаңа оқу орнын облыс тарапынан қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылатындығы айтылыпты.
2018 жылғы наурыздың аяғы-сәуірдің басында Қарағанды облысының шалғайдағы Шет ауданына қарасты Ақжал кентінде болдық. Ақжалдықтар ауруханада жатып емделу үшін науқастар әбден ескірген «Жедел жәрдем» көлігімен аудан орталығына, немесе Балқаш қаласына баруға мәжбүр екен.
Кейін біз, Парламенттің бір топ депутаты, сол кездегі облыс әкімі Ерлан Қошановпен кездескенімізде мен оған ақжалдықтардың жаңа «Жедел жәрдем» көлігіне аса зәру екендігін жеткіздім. Өңір басшысы: «Бұл мәселені шешеміз» — деп, уәдесін берді. Сол жылғы жазда Ақжалдағы дәрігерлік амбулаторияға облыстық бюджет қаржысы есебінен жаңа реанимобиль сатып әперілді.
2018 жылғы қазан айында Жамбыл облысына барғанымызда шалғайдағы Мойынқұм ауданындағы Халық қаҺарманы Қайрат Рысқұлбековтің туған ауылы – Бірлікке әдейілеп ат басын бұрдық. Сонда бізбен кездескен ақсақалдар осы ауылдың тумасы, астаналық кәсіпкер Ардақ Терсебаев ауыл жастарына күрес залын салып беру үшін жер учаскесін ала алмай жүргендігін айтты.
Астанаға оралысымен мен Ардақ Терсебаевты Интернет арқылы іздеп тауып, мәселенің анық-қанығын сұрап білдім. Ол ауылдастарына берген уәдесінде тұратындығына сендірген соң Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Асқар Мырзахметовке хат жолдап, жәрдемдесуін сұрадым. Сөйтіп бұл мәселе де оң шешімін тапты.
2018 жылдың соңында «Фейсбуктегі» жеке парақшама осы әлеуметтік желідегі «достарымның» бірі Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына қарасты Шығанақ ауылында банкомат болмағандықтан, жергілікті тұрғындар Шу қаласына шапқылауға мәжбүр екендігін хабарлады. Іле мен Жамбыл облысы әкімінің атына хат жолдап, Шығанақтың 4 мыңға жуық тұрғынының мұқтаждығын шешуге көмектесуін сұрадым. Оған жауап қайтарған облыс әкімдігі Шығанақ ауылының тұрғындары үшін «Қазақстан халық банкі» АҚ облыстық филиалы «Гелиос» ЖШС жанар-жағар май құю бекетіне банкомат орнатқандығын хабарлады.
2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысының бір топ құрметті азаматы маған хат жолдап, Нұр-Сұлтан қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневке ескерткіш орнатуға көмектесуімді сұрады. Мен осы жөнінде астананың сол кездегі әкімі Бақыт Сұлтановқа хат жазып, халқымыз айрықша ардақ тұтатын тарихи тұлғаға лайықты ескерткіш орнату мәселесін қарауын өтіндім. Оған жауап берген қала әкімдігі Жұмабек Тәшеневке ескерткіш орнату үшін жер телімі және қаржы көзі қарастырылып жатқандығын мәлімдеді.
Парламент депутаты ретінде атқарған еңбегімді Елбасы жоғары бағалап, 2018 жылы Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қолынан «Құрмет» орденін алғаным – мен үшін зор мерей.
Ал 2020 жылы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы болып сайланғандығым – әріптестерімнің сенімі мен құрметі деп білемін.