Демографиялық дүмпу: Болжам мен байлам қандай?

Қазіргі таңда мемлекетіміз үшiн демографиялық ахуалды жақсарту өзектi мәселелердiң бiрi болып отырғаны шындық. Өйткені өзiнiң тарих жолында талай күрделi де қатал сын өткелiнен өткен қазақ халқы өз жерiнде отырып жойылып кету қаупімен бетпе-бет кездесті. Соның зардабын әлi де тартып келе жатырмыз. Осы себепті жер көлемі жағынан жаһанда тоғызыншы орынға табан тірейтін Қазақ еліндегі халық санының өсуі – мемлекеттік маңызды мәселе. Құс қанаты талып, тұлпар тұяғы тозатын территорияның төрі халыққа толмаса, қауіп-қатер де азая қоймайды. Өсім өрге басса, ел еңсесі көтеріліп, ұлттың қауіпсіздігі де нығая түседі.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросының деректерін сөйлетсек, Қазақстан халқының қазіргі саны биылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша 19,8 миллион адамға жеткен. Жалпы алғанда, 2022 жылы Қазақстан халқының саны 261 845 адамға өскен.
Бұл көрсеткішті көтеру мақсатында бүгінде ел азаматтарының санын тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және денсаулық сақтау саласын дамыту есебінен арттыру бағытында көптеген жұмыстар жүзеге асуда. Бұл қатардан Жамбыл облысы да қалып келе жатқан жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталған бағытта Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің нәресте өлімін төмендету бойынша жедел жоспарларына сәйкес жұмыс жүргізуде.
Бұл ретте әуелі ана мен бала денсаулығын сақтау шаралары жоспарлы түрде жолға қойылған. Осы мақсатпен облыс бойынша 3-ші деңгейде облыстық перинаталдық орталық, 2-ші деңгейде Тараз қалалық перинаталдық орталығы, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу, Қордай, Жуалы аудандық орталық ауруханалары жүйелі жұмыс істеп келеді. Ал қалған аудандық ауруханалар 1-ші деңгейде қызмет көрсетеді екен. Аталған емдеу мекемелерінің көмегіне жүгінген ана мен нәрестеге сапалы күтім көрсету мақсатында ақ халатты абзал жандардың біліктілігін арттыру да назардан тыс қалмаған. Осыған орай 2022 жылдың 3 тоқсанына арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, 5 237 қызметкер – 1 986 дәрігер мен 3251 медбике арнайы оқытылған.
Басқарма берген мәлімет бойынша, өткен жыл ішінде өңірімізде 25 559 сәби дүние есігін ашқан. Өкінішке орай, 192 нәресте шетінеп, нәресте өлім-жітімі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 1 000 тірі туған балаға шаққанда 7,5-ті құраған. Бір қуантары, аталған қайғылы көрсеткіш төмендеп келеді екен. Мәселен, 2021 жылы бұл жағдай 8,3 болған. Мамандардың айтуынша, нәресте өлімінің негізгі себептері көбіне перинаталдық кезеңде туындайтын жағдайларға және туа біткен даму кемістіктеріне байланысты болып отырған көрінеді.
– Басқарма жұмысының бір бөлігі өңірдегі әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғауға бағытталған. Өткен жыл ішінде 82 әйел мен 168 нәрестеге ауыр жағдайларда медициналық көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, санитарлық авиация желісі бойынша 238 ұшу жүргізіліп, 99 жүкті әйелге және 139 балаға ауыр жағдайда жәрдем берілді.
Өкінішке орай, 2022 жылы облыста ана өлімінің 3 жағдайы тіркеліп, көрсеткіш 100 мың тірі туғандарға шаққанда 11,8-ді құрады. Мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында кешенді шаралар қолға алынған.
Бұдан бөлек, Жамбыл облысы бойынша өткен жылы қосалқы репродуктивтік технологиялар алу үшін «диспансерлік науқастардың электрондық тіркеліміне» сәйкес «бедеулік» диагнозымен кезекте тұрған ерлі-зайыптылар саны 1 561-ді құрады. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде экстракорпоралдық ұрықтандыруға 401 квота бөлінді. Сонымен қатар 2022 жылы қазан айында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен қосымша 30 квота берілді. Артта қалған жылдың 11 айында ұрпақты болу денсаулығы проблемалары бар отбасыларға экстракорпоралды ұрықтандыруды жүргізуге 431 квота игерілді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлия Шатаева.
Халық санының өсуіне ана мен балаға күтім көрсету сапасының жоғары болуы айтарлықтай әсер ететіні анық. Сонымен қатар тұрақты өсімді қамтамасыз ету үшін жасөспірімдердің денсаулығын бақылауда ұстауға да баса назар аударылып келеді. Бұл тұрғыдан келгенде, отбасы институтын дамытудың, жеткіншектердің өз-өзіне қол жұмсаудан аулақ болуын қадағалаудың алар орны ерекше. Аталған бағыттағы жұмыстар облыс әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының назарында.
Жоспарлы жүргізіліп келе жатқан жұмыстар нәтижесінде Тараз қаласы білім бөлімінің шығыс хатына сәйкес қобалжу шкаласын көрсеткен 19 оқушы бақылауға алынған. Тізім бойынша анықталған жасөспірімдер психодиагностика, психокоррекция жұмыстарын жүргізу үшін тіркелген емханаларына жіберіліпті. Зерделеу нәтижесінде анықталған барлық оқушы бақылауға алынып, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, жалпы тәжірибе дәрігерлері, Бастапқы психикалық денсаулық орталығының психиатр-дәрігерлері медициналық түзету-дамыту жұмыстарын жүргізген. Бұл шараларды жүзеге асырудағы үйлестіруші рөлді облыстың бас штаттан тыс суицидологы қолына алған.
– Бүгінгі таңда аталған кәмелетке толмаған балалар қажетті амбулаторлық ем алып, бақылауға қойылды. Отбасындағы қарым-қатынас пен эмоционалдық микроклиматты жақсарту мақсатында жеткіншектердің ата-аналарымен түсіндірме әңгімелер жүргізілді.
Осы ретте айта кетер жайт, бұл бағыттағы жұмыстардың сапалы әрі тиімді жүруі үшін оқушылармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігі жоғары болуы маңызды. Осыған орай жыл басында облыстық психикалық денсаулық орталығы «Жасөспірімдер арасындағы суицид» тақырыбында облыстық конференция өткізді. Конференция спикері – Қазақстан-Ресей медициналық университеті «Психиатрия және наркология» кафедрасының меңгерушісі, профессор Саида Ешімбетова суицидке жауапты жалпы практика дәрігерлері, қалалық және аудандық емханалардың психиатрлары, психолог-мамандар, психикалық денсаулық орталығының психиатр-дәрігерлерге дәріс оқыды. Сонымен қатар жоғары білікті маманның сабағына онлайн форматта ювеналды полиция инспекторлары, білім басқармасының өкілдері, мектеп психологтары қосылды. Конференция барысында балалар мен жасөспірімдер арасында психикалық денсаулықты нығайту, суицидтің алдын алу және суицид деңгейін төмендету мақсатында суицидтің себебін талдаудың өзекті ақпараты ұсынылды, пікір алмасу және мәселені шешу жолдары талқылан- ды, – дейді Әлия Өзбекқызы.
Бұдан бөлек, психологиялық мәселелерді шешуге, автоматты режимде психофизиологиялық зерттеулер жүргізуге арналған «Ақ сұңқар» аппаратының көмегімен өткен жылы 531 адам тестілеуден өткен. Басым көпшілігі мектеп оқушылары мен колледж студенттерінен құралған топ ішінен 108 «оң» нәтиже анықталып, мектеп психологтары мен жауапты мамандарға бақылау үшін тізім арқылы беріліпті.
Сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлық жағдайында кәмелетке толмағандарға көмек көрсетуді тиімді ұйымдастыру мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимыл схемасының жобасы әзірленген. Қазіргі таңда бұл жоба ведомстволар арасында талқылаудан өтіп, жан-жақты қаралған соң бекітуге ұсынылады екен. Сонымен қатар балалардың сырқаттануының алдын алу, олардың зиянды заттарды қолдануларын анықтау, ерте жүктіліктің салдарын түсіндіру мақсатында ата-аналармен арнайы жұмыс жүргізу үшін іс-шаралар жоспары жасалып, денсаулық сақтау басқармасы басшысының қолымен бекітілген. Аталған құжаттар бұл бағыттағы жұмыстардың одан әрі жүйеленуіне септігін тигізбек.
Осы ретте мамандар жеткіншектердің суицидтік мінез-құлқы пайда бола бастаған сәттен-ақ жіті бақылауға алып, кешенді көмек пен қолдау көрсетуі қажеттігін айтады. Ол үшін облыстық психикалық денсаулық орталығында 2019 жылдан бастап 55-67-76 сенім телефоны іске қосылған. Call-орталықта психологтар жұмыс күндері сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін консультативтік көмек көрсетеді екен. Сондай-ақ облыстық психикалық денсаулық орталығы өткен жылдың желтоқсанынан бастап республикалық деңгейдегі психикалық денсаулық бірыңғай ақпараттық қызметінің пилоттық жобасының қатысушысы атанған. Жоба аясында «3580» сенім телефоны арқылы Call-орталықтың операторы тәулік бойы консультациялық көмек көрсетеді.

Түйін: Расында, демографиялық ахуалдың түзелуі – елдің экономикалық әлеуеті, әлеуметтік қорғалуы мен медициналық қызмет сапасының артуына тікелей байланысты. Осы орайда іске асырылып келе жатқан отбасылық-гендерлік саясат жөніндегі концепция аталған жағдайдың оңалуына септігін тигізіп келеді. Әлеуметтік төлемдердің жыл сайын артуы да отбасылық-демографиялық ахуалға оң әсер етуде. Қазақстанның әрбір үшінші тұрғыны – бала екенін ескерсек, қазақ ұлтының жас ұлттар санатында екенін аңғаруға болады. Демек, туу көрсеткішін еселеп ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Бұл ретте демографиялық көрсеткішті ұлғайтуға экономикалық, мемлекеттік шаралар ықпал етуде. Мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар жүзеге асып, жүйелі жұмыс істеп, ол елдегі демографиялық ахуалдың жақсаруына дем беруде. Ал егер мемлекеттік тұрғыда ұлттық құндылықтар мен отбасы институтын нығайтуға бағытталған шаралар жалғасын тапса, өсімнің одан әрі дамуына жол ашылады.