Бүгін елімізде Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.

Бүгін елімізде Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.

Осыған орай Сарысу ауданында гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Жиналған қауым тоталитарлық режімнің құрбаны болғандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Жиылған жұрт алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев;

— Бүгін — бар ғұмырын елінің азаттығына арнап, жазықсыз жапа шеккен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні.

Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін миллиондаған адамға қайғы-қасірет әкелді.

Халқымыз тұлғалы азаматтарынан, зиялы қауым, мәдениет өкілдерінен, ірі қоғам қайраткерлерінен айырылды.

Қазақтың көрнекті перзенттері — Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин және басқа да көптеген саңлақтарымыз «қызыл қырғынның» құрбандары болды.

 

 

Боздақтар қатарында Сарысу топырағынан шыққан жерлесіміз Әшір Бүркітбаев сияқты ел ардақтылары да бар.

Біз — олардың биік рухына бас иіп, тағзым етеміз.

Арыстарымыздың қанымен, аналарымыздың жасымен жазылған бұл дәуір тарихымызда өшпес дақ болып қалды.

Туған топырағын тастап Қазақстанға келген халықтарға қазақтар пана бола білді.

Бүтінді бөліп, жартыны жарып жеген қазақ халқы жылап келген жұртты жатсынбады. Оларға қамқорлық жасап, келешекке деген сенімін, болашаққа деген үмітін ояндырды.

 

 

Міне, бүгінде сол кезде қиналған халықтар ұрпақтары егемен еліміздің әрбір таңын қазақ халқымен бірге қуана қарсы алуда.

Олар бақытты өмір кешіп, татулықтың туын көтеріп, ұрпағын өсіруде. Бұл — тарихи шындық!, екендігіне тоқталды.

Бүгінгі күн — өзек өртеніп, жүрек жылаған, көңіл босап, қабырға қайысатын күн.

Бұл қасірет ешқашан ұмытылмайды.

Олай болса, болашағымыз баянды, келешегіміз кемел болсын.

Халықтар арасындағы татулық пен ынтымақ, өзара келісім мен берекелі бірлік, егемен еліміздің жалауы болсын,- деп елді бірлік пен тірлікке шақырды.

Осыдан кейін «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш тақтасына» гүл себеттері салтанатты рәсіммен қойылды.

 

Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы