Бурылдық қариялар басым түсті

Ауданымызда ардагерлер арасында жыл сайын спорттың бірнеше түрінен тұрақты түрде спартакиада өткізіп тұру дәстүрге айналған. Биылғы жылғы осындай спартакиада спорттың волейбол, шахмат, теннис, бильярд, дойбы, ләңгі, асық ату, тоғызқұмалақ, дартс түрлері бойынша өтті. Ондағы ерекшелік аталған спартакиаданы 3 күнде өткізу болды. Бұрнағы жылдары бір күнде өткен жарыстар ардагерлерге ауыр тиетін еді. Оның үстіне кейбір ауылдардағы ардагерлер спорттың бірнеше түріне қатысып жататын. Сондықтанда спартакиаданы екі айдың үш күнінде бөліп өткізгенге ардагерлер ризашылықтарын білдірді.
Аудандық ардагерлер кеңесі Ұлы Жеңістің 78 жылдығы және Ардагерлер ұйымының құрылғанына 36 жыл толуына байланысты ұйымдастырған спартакиада спорттың қай түрінен болса да тартысты өтті. Нәтижесінде тоғызқұмалақтан Байзақ ауылының тұрғыны Тұлғабай Ниязымбетов, шахматтан сарыкемерлік Амангелді Оспанов, асық атудан Әбдібек Байділдаев (Жаңатұрмыс ауылдық округі), теннистен Фарид Кабиров (Қызыл жұлдыз), ләңгіден Әдеп Ибраймов (Ынтымақ), бильярдтан Ізбасар Байқұлақов (Ынтымақ), дартстан Айтбай Жаналиев (Сарыкемер), Айжамал Қожықовалар (Түймекент) өз қарсыластарын ойсырата ұтып, бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ олар ардагерлердің облыстық жарысында аталған спорт түрлері бойынша ауданымыздың намысын қорғайтын болады.
Өткен аптада ардагерлер №8 облыстық мамандандырылған балалар -жасөспірімдер спорт мектебінде волейболдан соңғы ойынды өткізді. Оның ашылу салтанатына қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков спорттың денсаулыққа пайдасы туралы айта келіп, командаларға сәттілік тіледі.
Жарыс аса тартысты өтті. Жасы 70-тен асқан қарияларымыздың өзі биікке секіріп, допты қақырата соғып жатты. Түймекент пен Дихан ауылдық округі келісіп, жарысқа бір команда қойған екен. Команда құрамында Дихан ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзімбай Ойықбаевтың өзі ойнап, өзгелерге үлгі болды. Сондай-ақ Бурыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Сырлыбаевтың өзі ойыншыларына ойын үстінде шөлдегенде су тасып, жандарынан табылды. Ал Ынтымақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Дәулетовте айқайға аттан қосып, өз ойыншыларын жігерлендіріп отырды. Міне осындай ауылдық округ ардагерлері кеңесінің қолдаулары арқасында жақсы ойын көрдік. Ойын соңында барлық қарсыластарынан басым түскен Бурыл ауылдық округінің командасы I-орынды иеленді. Ал Ынтымақ пен Түймекент-Дихан ауылдық округтерінің командалары екінші, үшінші орындарды бөлісті.
Жекелеген волейболшылар арасында Серікбай Тезекбаев (Бурыл), Айтбай Мықтыбаев (Ынтымақ), Мұхтар Сәлімбаевтар (Дихан) жақсы ойын өрнегін көрсетіп, командаларының жүлделі орыннан көрінулеріне көп үлес қосты.
Жеңімпаз командаларға жарысты ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен медальдар табыс етілді.
Жарыстан кейін осы үздік үш команда ойыншылары арасынан ауданның құрама командасы жасақталып, олар облыстық спартакиада да аудан намысын қорғайтын болады.

Серік КЕНБАЕВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің спорт және жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы.